Қазақстан • 27 Наурыз, 2022

Диверсант

4717 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Алматының жанға жайлы қоңыр күзінің орта тұсында үш ер-азамат осындағы соғыс ардагерлеріне арналған госпитальдың бір бөлмесінде басымыз тоқайласа қалды. Таныстық барысында соның бірі Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысқанын тілге тиек етсе, екіншісі «ауғандықпын» деп қысқа қайырды. Ал біз пақырыңыз Семей ядролық сынақ полигонының эпицентрінен едік.

Диверсант

СУРЕТТЕРДЕ: А.Дауылбаев 1979 жылы Варшава қаласында өткен дүбірлі доданың финалында; қарулас достар Манкент шипажайында

Бір сөз кезегінде өмір­дің алтын­шы асуынан асыңқы­рағанмен, өңінің әрі кете қой­ма­ған келбеті келіскен әлгі «ауған­дыққа» «он­да интернационалист жауынгер болдың ғой» деп қалғанбыз. «Жоқ, – деді ол бірден әңгіменің тоқе­те­ріне көшіп, – мен диверсантпын. Мұны бұрын айтуға болмаса, кеше­гі қызыл империя құлағаннан бергі жерде жасырып, жабатын құпия қалмады десе де болады».

Ол солай дей келіп, бір сәт үнсіз отырып қалды. Содан соң біздің сансыз сауалымызға ап­тық­пай ор­нықты мінезбен жауап бере бас­таған. Яғни бұлар ауған же­рінде аз-кемі жоқ он жылға созыл­ған соғыстың бас­тауында болыпты. Ал ол соғыс Ауғанстанның сол кездегі бас­шысы Хафизулла Амин­­нің ре­зиденциясына шабуылмен бас­талғанын біреу біл­се, біреу біл­меуі де мүмкін. Біз­дің кейіп­керіміз Айдархан Дауыл­баев осы шабуылдың сарай ішінде болған мұсылмандар баталь­оны­ның бел ортасынан табылыпты.

Айдарханның жасынан спорт­тың бокс, парашют түрімен ай­на­лысқаны, әскер қатарына алын­ған соң мылтық атумен түбе­гейлі шұғылданғаны, соның нә­тижесінде, өкінішке қарай, сол шақта бокстан халықаралық дәре­же­дегі спорт шебері, мылтық атудан спорт шеберлігіне кандидат, ал парашют спортынан бірінші разряд дәрежесіне қол жеткізуі баққа емес, сорға жетелеп әкелгендей. Яғни кешегі ауыл баласы үлкенді-кішілі мемлекеттер арасындағы үлкен саясаттың құрбандығына шалынып кете жаздаған. Айдархан әскер қатарынан енді елге қайтуға жинақталып жатқан шақта өз басының алты аласы, бес бересі жоқ ауған еліне аттанып кете барса, солай демегенде не дерсің!

Осы орайда әңгімені шолақ қайырмай сәл әріден бастасақ дейміз. Айдарханның қазіргі Ал­маты облысының Сарқан ауда­нындағы бұрынғы Пролетар, бүгінгі Бірлікті ауылының тумасы екендігін, әкесі Адам аға атына сай бойы мен ойы жа­ғынан да көзге бірден түсетін азамат ретінде кезінде әскери борышын Мәскеу Кремліндегі коменданттық вз­вод­та бастап, осында офицер дәрежесіне көтерілгенін, сол аяулы әке ықпа­лымен небәрі жеті жасынан бокс­пен айналысқанын айтқанымыз жөн болар. Осындағы бокс секциясын ашып жүргізген, өзінен жеті жас үлкендігі бар жиені Жұмабек Боранғазиевтің қол астында жеті жылдан астам уақыт жаттығып, күш жинап шы­ныға түскен. Соның айға­ғын­дай, оқушылардың аудандық, облыс­тық спартакиадаларында жеңімпаз атанып, жасөспірімдер арасында бірінші разрядқа қол жеткізді.

Сегіз жылдықты бітірген соң Айдархан одан кейінгі жерде ір­гедегі Ақсу ауылындағы құ­ры­­лыс техникумына келіп түседі. Бір қызығы, аталған тех­ни­кум алдымен аудан орта­лы­ғы Жансүгіровке, одан кейін Талдықорған қаласына көші­ріледі. Бұл екі аралықта бозбала Айдархан өзінің сүйікті жат­тықтырушысы Валерий Цой­дың баптауымен бокстан техникалық оқу орындары арасында өткен республикалық бі­рін­шілікте чемпион атанып, спорт шеберлігіне кандидат дә­режесіне қол жеткізеді. Бұдан кейінгі жерде де жолы ашылып, 1977 жылы Талдықорғандағы педагогика институтының дене тәрбиесі факультетіне студент болып қабылданады. Ол осы кезде бокспен қоса парашют спортымен де айналыса бастайды. Ал арада бір жыл өтпей жатып бокстан жастар арасында өткен республикалық спартакиадада чемпиондық тұғырға көтеріледі.

Сол жылы әскер қатарына ша­­қы­рылып, Шығыс Қазақстан облысындағы Ахмерово посел­ке­сіндегі спорт ротасына жібе­ріледі. Жоғарыда айтқандай, жігітке жеті өнер де аз дегендей, мұнда ол бокспен бірге спорттың парашют және мылтық ату түрімен де белсенді түрде айналысады. Бокстан алдымен әскери бөлім, одан соң дивизия, ақыр соңында округ чемпионы атанады. Соңғысында чемпиондық медальды сол шақ­та Орта Азия әскери округі қол­басшысының бірінші орынбасары, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Сағадат Нұр­мағамбетовтің қолынан алады. Сол жолы ол спорт шебері атанады.

1978 жылдың жазында мұ­ның өмір жолын мүлдем бас­қа арнаға бұрып жіберген оқиға­лар қат-қабат жалғасып жатты. Яғни округ чемпионы ретін­де Айдархан енді Мәскеу облысын­дағы аудан орталығы Балашиха қаласындағы әскерилердің Ор­талық спорт клубының базасында жаттыға бас­тайды. Бұл енді айтатыны жоқ, үлкен спортқа ашылған ақ жол еді. Осындағы іріктеу жа­рысында атақты бокс­шы Дмитрий Нарышкинді айқын ба­сым­дылықпен ұтқан оның жо­лы шындығында биік асуларға бастаған. Бұдан кейін ол бірден әскерилердің Орталық клубының құрама командасына қабылданады да, Балтық жағалауларында өтіп жатқан ірі жарыстарға жолдама алады. Осындай жарыстар барысында Айдархан өзін «комитетчиктер», яғни мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің қырағы бақылауына алғанын, әрине білген жоқ. Құрама сапында арқа, аяқ қолыңды уқалап, шипа жасаумен айналысатындардан жас жігіт қайтіп күдіктене қойсын!

45

Сонымен Кеңес Одағы Қару­лы Күштерінің бокстан өткен біріншілігінде финалға дейін жеткен Василий Лакатушты ұтты. Бұдан басқа Беларусь, Қиыр Шы­ғыс әскери округтерінің штабы орналасқан Минск, Красноярск қалаларында болып, ондағы жан беріп, жан алысқан ірік­теу сайыс­тарының бәрінде жеңістің биік тұғырынан көріне білді. Соның бәрі қосыла келгенде сол шақта Кеңес Одағының сенімді серіктерінің бірі болып табылатын Польшаның астанасында Варшава шартының құрамындағы мүдделес мемлекеттердің әскери құрамаларының боксшылары арасында өткен әлем біріншілігі іспеттес додалы сайысқа жол аш­қан. Осындай дүбірлі додада финалға шыққан Айдархан шешуші айқаста Микола Патрик деген поляк азаматын үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңеді. Мұның халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленетіні де осы кез.

Енді 1979 жылдың қараша айының ортасында бұл әскер қатарынан босап, елге қайтуы керек еді. Айдархан алдағы уа­қыт­та өзін үлкен сайыстар күтіп тұрғанына сенімді еді. Арада жыл өткенде бокстан Мәс­­кеу Олимпиадасының жүл­дегері атанған жерлесі Серік Қонақбаевты өзінің шаршы алаң­дағы ұстазы Василий Цой­дың ағасы жаттықтырғанын айтсақ, өстіп армандаса несі айып?!

Өкінішке қарай, адамның басы Алланың добы деген сөз бар. Осы тұста мұны көзден таса қылмай соңына түскен әлгі «комитетчиктер» шақырып алып, «сен енді офицерлер құрамын дайындайтын курста оқуға әб­ден лайықсың, сені алда үлкен болашақ күтіп тұр» дей келіп, айтқандарына еріксіз көндіреді. Әрине, сол шақта Айдархан осымен өзінің болашақ спорттағы сара жолына нүкте қойылатынын білген жоқ еді. Сөйтсе бұл курсқа бұған дейін үлкен спортта шың­далып, шыныққан болашақ диверсанттар жинақталған екен ғой. Осылайша, 1979 жылдың соңынан бастап небәрі үш-төрт айға созылған қат-қабат оқи­ғалар атағы жарып, спорт­сүйер қауымға кеңінен таныла бастаған жиырмадағы жас жі­гіттің тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберген-ді.

Рас, арада көп уақыт өтпей жатып курс директоры, полковник Григорий Бояринов бұларды алда ыстық нүкте күтіп тұрғанын жеткізген. Соған орай бұлардың әрқайсысынан құпиялылықты сақтау жөнінде қолхат алған. Болашақ диверсанттар Балаши­хада қазан, қараша айларында оқып, жаттығудан өткен соң Айдарханға кіші лейтенант шені берілген.

Айдархандарды бұдан соң Ташкенттің маңындағы Шыр­шыққа, жаңадан құрылып жат­қан «мұсылмандар батальонына» алып келген. Осында өткен аз уақыт ішінде бұлар әдеттегі әскери жаттығулармен бірге, әскери басшылардың қатаң талабымен намазға жығылды, парсы тілін үйренді. Мұнда олар­мен бірге кейінде ауған со­­ғысында «қара майор» деген лақап атпен аты аңызға ай­налған Борис Керімбаев бірге оқыды. Холбаев, Ашуров, Сақа­тов сынды тәжірибелі офи­цер­лер­дің тәрбиесін көріп, темір­дей қатты сынағынан өтті. «Мұ­­­сылмандар батальонының» ко­мандирлігіне өзбек азаматы, майор Хабиджан Холбаев тағайындалды. Айдархан топ командирі Сақатовтың орынбасары болып бекітілді. Тегінде ол «мұсылмандар батальонына» «комитетчиктер» тарапынан қосылған еді. Батальон құрамасы ұлты тәжік, өзбек және қазақ азаматтарынан жасақталды. Бес жүзден астам сар­баз бен сардардан тұратын құра­маның әскери дайындығы мен қару-жарақ жағынан да қапысы жоқ еді. Айдарханның аты енді Аб­дулқасым болып өзгертілді. Жел­­тоқсан айының басында Мәс­кеу­ден баяғы Бояринов ұшып келді.

1979 жылдың 7 желтоқсанында мұздай құрсанған «мұсылмандар батальоны» арнайы ұшақтармен Кабулдың солтүстік жағындағы алпыс шақырым жердегі Баграм қаласының түбіндегі авиабазаға ауған елінің үкіметтік әскерін жаттықтырады деген желеумен жеткізілген-ді. Ауған Үкіметінің әскери жасақтарының киімін киіп шыға келген жауынгерлер 13 желтоқсанда халық арасында – Амин, ал ресми түрде Тәж-Бек сарайы деп аталатын мұздай құрсанған Үкімет үйінің маңына келіп жайғасты. Айдархан-Аб­дул­қасымға тездетіп ағасы үкі­меттік әскер құрамындағы жо­ғары шенді офицердің қа­рын­дасымен тездетіп танысу міндеті жүктелді. Кескін келбеті келіскен Айдархан өзіне жүктелген бұл міндетті тездетіп орындағаны соншалық, екі жас бірін-бірі ұнатып қалады. Соның арқасында батальон басшылығына құнды ақпараттар жеткізіледі. 27 жел­тоқсан күні Аминге у беріп, өлті­рілуге тиіс еді. Оның реті келмеген соң сол күні «Шторм-333» де­­ген ат­пен Кабулдағы Үкімет ре­зи­­­­ден­циясына шабуыл сәтті аяқ­­­талып, Хафизулла Амин өлті­ріледі.

Осы орайда Кеңес Одағы ­Ау­ғанстанның ішкі саясатына сонау Сталин заманынан бастап араласа бастағанын айта кеткеніміз жөн. Соның айғағындай, 1927 және 1938 жылдары Орта Азия, оның ішінде негізінен қазақ­тардан құралған мұсылман батальоны Ауғанстанға екі рет кіргізілген. Бір жақсысы сол тұста қызыл им­перия тек осымен шектелген. Бірақ аңдыған жау алмай қой­майды дегендей, бертінде мұ­ның соңы Кеңес Ода­ғының сойылын соққан Тара­кидің ауған өкіметінің басы­на келуімен аяқта­лады. Бірақ бұл коммунистік жүйе үшін түпкілікті жеңіс емес еді. Яғ­ни Америкада оқыған және солардың көмегіне сүйенген Амин Таракидің түбіне жетіп, билікті өз қолына алады. Ал оған әлемдік билікке ұмтылған Кеңес Одағы басшыларының еш көнгісі жоқ еді. Жабық есік жағдайында өткен КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросы мүшелерінің аз ғана тобының шешімімен алдымен Аминнің көзін құртып, сонсоң ауған еліне әскер кіргізу туралы шешім қабылданады.               

Енді Амин сарайына шабуыл­дың жай-жапсарына қысқаша тоқталсақ, ол 27 желтоқсанға бел­гіленген екен. Жоғарыда айт­­­қандай, кеңестік жүйенің ық­­па­­лымен өкімет басына кел­ген Таракиді өлтіріп, билікті өз қолына алған және онымен шек­телмей Америка жағымен құпия келісімге келе бастаған Аминнің көзін құрту операциясы Кремль шешімімен жүзеге асырылады. Бұл операция небәрі 45 минуттың ішінде жүзеге асырылыпты. Кейінде мұны біреулер тек әскерилерге телісе, енді біреулер «комитетчиктердің» рөлін асыра бағалап жатты. Ал Айдархан болса, Үкімет резиденциясының ішіндегі қанды қасапқа тікелей қатысқан «мұсылмандар ба­таль­онының» рөлі кейін төмен­де­тіліп көрсетілді яки ұмыт қалды­рылды дейді. Соның салдарынан Одақ тараған соң бұлар біразға дейін түрлі жеңілдіктерден құр қалыпты. Әйтеуір, кейін Ресей архивінен мұның Амин резиденциясына шабуылға қатысып, қатты жараланғаны анықталады да, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандармен теңестіріліп, түрлі жеңілдіктерді иелене бас­­тайды. Баяғы Бояриновке келетін болсақ, резиденция ішінде оққа ұшқан оған ар­ты­нан Кеңес Одағының Баты­ры атағы беріліпті. Біздің не­гізгі кейіпкеріміз Айдархан Дауылбаев болса Қызыл Жұлдыз орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Айдархан: «Біздің батальоннан резиденцияға шабуыл кезінде жеті адам оққа ұшты, 36 адам жа­рақат алды. Ал мұны қалай еле­меуге болады» дей келіп, үл­кенді-кішілі соғыстың бәрі үл­кен саясаттың кесірі екендігін, қатардағы сарбаздардың бұған еш кінәсі жоқ екендігін жаны күйзеле отырып баяндаған. Ра­сында ауған жерінде одан әріде он жылға созылған соғысқа тіке­лей кінәлілер ар жазасынан оңай құтылып кетті. Осы соғыс салдарынан спорттағы же­тістіктеріне біржола нүкте қойылған Айдарханнан кім ке­шірім сұрапты?! Амин сарайы­на шабуыл кезінде елеулі жарақат алған ол спортпен бір­жола қош­тас­қан. Оның сыртында бұған уәде етілген әскери жарқын болашағы да сөз жүзінде қалып, ешкімге керексіз жағадағы жал­ғыз қайықтың күйін кешкен.

Рас, үш-төрт ай хабарсыз кеткен Айдарханның елге аман-есен келгеніне жақын-жуығы ерекше қуанған. Бірақ от пен оқтың ортасынан келген жиырмадағы жігіт ешкімге ештеңе айта ал­маған. Оған қақысы да жоқ еді. Біраз жыл Ресей жағында, нақтылап айтқанда, Кузбасста жұмыс істеді. Соның аралығында Талдықорғандағы педагогика институтын сырттай оқып бітіріп алды. Сөйтіп жүргенде 1986 жылдың желтоқсан айында елге, Алматыға келген соң өзіне жазықсыз киліккен екі әпербақан әскериді ұрып жығатыны, содан күйіп кете жаздап құтылып шығатыны өз алдына бір әңгіме.

Бір жақсысы Айдархан өмір­ден өз орнын табады. Кезінде шаршы алаңда жеңілістің ащы дәмін татпай кетсе, енді үлкен спортта бокстан халықаралық дәрежедегі төреші ретінде жарқырап көзге ілінеді. Мұның сыртында «Черный аист» деп аталатын патриоттық спорт клубының вице-президенті ретінде жастарды әскер қатарына дайындау сияқты игілікті іспен түбегейлі айналысып келеді.

Айдархан тағдырдың жазуымен екі рет үйленген. Құдай берген бес баланың ардақты әкесі. «Ең бастысы, үлкен келініңіз бен кіші келініңіз тату, араласып тұрады» дей келіп, олардың бас түйістіріп түскен суретін маған ерекше бір мақтанышпен көрсеткен. Ай­дархан Алматыда екі отбасын да үй-жаймен қамтамасыз еткен. Қыздарының бірі бүгінде Мәс­кеуде тұрады. Ұлының бірі шекарашы болса, қалған балалары да әкелерінің қамқорлығымен өмірден өз орнын табуға тырысып жүр.

Әңгіме соңында бүгінде әлем жұртшылығының назарындағы ауған мәселесіне тағы бір қайы­ра оралған. «Кеңес Одағы бас­шыларының талабымен Аминнің көзі құртылған соң, оның орнына тағы да қызыл империяның ықпалымен Бабрак Кармаль жайғасты. Бірақ Кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылған соң ол да отандастары тарапынан ажал құшты. Ал күні кеше Америка жағы өз әскерін бұл елден алып кеткеннен кейінгі жағдайды өздеріңіз де білесіздер. Менің жеке пікірім сол, әр ел өз мәселесін өзі шешуі керек. Бұлай дегенде мен бүгінгі күні ауған елінің басшылығына келіп отырған талибандарды қолдаудан аулақпын. Олардың ел басындағы сан жылдарға созылған әуре-сарсаңды қалай реттейтінін уақыт көрсете жатар. Қалай болғанда да, сырт елдің басқа елге ықпалы өміршең еместігін көріп отырмыз ғой» дейді біздің кейіпкеріміз.

Бүгінгі күні жасы алпыстың асқаралы асуынан асып, ақыл тоқ­татқан кешегі диверсанттың сөзіне біздің де алып, қосарымыз жоқ!

 

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Алматы