Коронавирус • 29 Наурыз, 2022

Коронавирус қаупін ұмытпаған абзал

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн мен түнді теңестіріп, жарықтың үлесін ұлғайтқан жыл басы да келді. Барыс жылы екі жыл бойы елді үрей құшағында ұстаған індетті ысырғаны да, ұмыттырғаны да рас. Бірақ коронавирустан толық құтылдық па? Енді емін-еркін жүруге бола ма? Мерекелерден кейінгі эпидемиялық ахуал қандай?

Коронавирус қаупін ұмытпаған абзал

Қысқасы, індеттің қақпасы болған Алматыда бұл кесел ізім-қайым құрыды деуге әлі де ерте. Соңғы ресми дерек бойынша, мега­полисте 23 наурызда 8 адамнан КВИ табылды. Инфекциялық стац­ионарларда 86 адам емделіп жа­тыр, ішінде 11 бала бар.

Қалада жағдай айтарлықтай тұрақталғаннан кейін, «Алматыда шектеу шараларын алып тастау мәселелері жөнінде» баспасөз жиы­ны өткен еді. Көпшілік орындар мен жабық жерлерде маска режімі міндетті болып қала беретінін мәлімдеген қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау де­пар­таменті басшы­сы­ның орынбасары Әсел Қалықова індет жұқ­тыру көрсеткішінің төмендеуі қол­даныстағы шек­теу­лерді, соның ішінде Ashyq жобасы бойын­ша шектеулерді жеңілдетуге мүм­кіндік бергенін атап өтті. Алма­ты­лықтар үшін екпе алу мен қай­та вакциналау әлі де маңызды, иммундық қабат кемінде 75-85% болуы керек. Өкінішке қарай, Ал­ма­тыда иммундық қабат 60%-дан аспайды.

«Бүгінде вакциналық профи­лак­тика жұқпалы және пара­зит­тік ауруларға, соның ішінде коро­на­вирусқа қарсы негізгі қорғаныс шарасы болып қала береді», дейді СЭБД басшысының орынбасары.

Өз кезегінде Алматы кәсіп­кер­лер палатасының дирек­торы Айтуар Қошмамбетов көпшілік орындарда Ashyq жүйесін қол­да­ну міндетті еместігін және биз­нестің өз шешімі бойынша ерік­ті түрде жүзеге асырылуы мүм­кін екенін хабарлады. Бірақ ол да бөлмелердегі маска тағу режімі жойылмағанын жеткізді. Спикер Алматыда шектеу шаралары кезінде Ashyq жобасына 24 мыңнан астам бизнес субъектісі қатысқанын атады.

«Эпидемиялық ахуалдың жақ­саруына байланысты Корона­ви­рус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ме­ке­­­ме­ара­лық комиссия шектеу шара­ла­рын жеңілдету тура­лы шешім қа­былдады», деді А.Қошмам­бе­тов.

«Қызыл аймақта» орналасқан ай­мақтардағы Ashyq қатысу­шы­ла­ры өз қызметін нысандардың толуына қарай шектеулер енгізе алады. Бұдан басқа, бизнес өкілі вакциналанған қызметкерлер мен келушілерге қойылатын талаптарды енгізу қажет пе, жоқ па, оны да өзі шешеді», деді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

А.Қошмамбетов елдің көпші­лі­гі бетперде режіміне қатыс­ты тармақты қате қабылдағанын ай­тады. Жабық жерлерде және қо­ғамдық көліктерде маска режі­мі әлі де міндетті. Сондықтан осы талаптарды сақтауды жалғас­ты­ру қажет. Бұдан басқа, елдің бас санитарлық дәрігерінің қау­лы­сымен: күндізгі режімде, яғни қызмет көрсету нысандарында COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған қызметкерлерді жұмысқа жіберуге шектеулер, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұйым­дардың қызметкерлері үшін вахтаға кіру және шығу кезінде ПТР әдісімен міндетті зерт­ханалық тестілеу алынып тас­талғанын еске сала кету керек.

А.Қошмамбетов бас сани­тар­лық дәрігердің қаулысының қосым­шасында «қызыл» мәр­те­бесі бар келушілерді анықтау шаралары көрсетілгенін жеткізді.

 

АЛМАТЫ