Қайсар ертеректе қыш пен қауырсыннан түрлі мүсіншелер мен әдемі кәдесыйлар қашап, онысын саудаға шығарып көріпті. Бірақ көз майын тауысып жасаған дүниелеріне бірен-саран тапсырыс берушілерден басқа, сұраныс бола қоймаған көрінеді. Есесіне, бүгінде шебердің қолынан шыққан сом темір мүсіндерді көпшілік аттай қалап, сатып алып кетіп жатады. Алғашқыда қақпа сыртын безендіретін металл оюлар мен сан алуан шағын бұйымдар жасап жүрді. Ал қазір түрлі жануарлар мен құстардың мүсінін жасайды. Қайсардың қолынан шыққан темір құстар еліміздің әр түкпіріндегі жеке тұрғын үйлердің аулалары мен шағын кәсіпорын кеңселерінің алдына сән беріп тұр. Мысалы, Қостанайдағы сауда орталығының алдында тұрған оюмен әсемделген темір домбыра да Қайсардың құрыш қолынан шыққан.
Өкініштісі, шебердің жеке шеберханасы жоқ. Әзірше, біреудің гаражын жалдап жұмыс істеп жатыр. Дегенмен өзің үшін жасаған еңбектің рахаты бөлек болатынын жақсы білетін шебер оған бола мойыған емес.
– Мына қыранды бастан-аяқ жасап шығу үшін екі аптадан астам уақытым кетті. Салмағы ауыр, шамамен жүз килодай болып қалады. Жақында Ресейге жіберемін. Тапсырыс беруші сол жақтағы досының мерейтойына тарту етеді, – деді Қ.Нұғыманов.
Ал гараж-шеберхананың алдында тұрған қос дегелекті көкшетаулық құрылыс компаниясы сатып алмақ. Мұның бағасы 1 млн теңгеден асып жығылады. Шебер мұны жасап шығуға екі айға жақын уақыт шығындапты.
– Жастай осы ұсталық өнерге бейім тұратынмын. Қолымнан келген соң, ештен кеш жақсы деп кірісіп кеттім. Әрине, жұмысы көп ауыр өнер. Қатты шаршайсың. Әр туындымды аяқтаған сайын қызуым көтеріліп, дірілдеп ауырып қала берем. Бірақ бір-екі күнде құлан-таза айығып кетем де, қайтадан темір іздей бастаймын, – деді ұста.
Қайсар ұста алдағы уақытта ел тарихынан ерекше орын алатын қазақтың қайраткер тұлғаларының, хандар мен батырлардың шағын бюстерінен авторлық коллекция жасағысы келді.
Қостанай облысы