Медицина • 31 Наурыз, 2022

Елордада туберкулезбен ауыру 30%-ға төмендеді

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Туберкулезбен кү­реске инвестиция салыңыз. Өмірді құтқар» атты айлық өтті. Ай­лық аясында қала тұрғындары аурудан сақтану, уақтылы тек­серу­лерден өтудің маңызы туралы жан-жақты мәліметке қа­нық­ты.

Елордада туберкулезбен ауыру 30%-ға төмендеді

Кейінгі 5 жылда Нұр-Сұлтан қаласында туберку­лез­бен ауыру 30,1%-ға тө­мен­деді. Бұл көрсеткіштің жақ­саруына аурудың алдын алу шаралары әсер етіп жа­тыр. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемованың айтуын­ша, қазір тұрғындарға про­филактикалық флюоро­гра­фи­я­лық тексеру жүргізу үшін ме­­дициналық-сани­тарлық ал­­­ғашқы көмек (МСАК) ұйым­­­­дарында 16 стацио­нар­­­лық және 5 жылжымалы флюорографиялық аппарат жұ­мыс істейді. 2022 жылы тағы да осындай 3 аппарат сатып алу жоспарланып отыр.

«Туберкулезді диагностикалауды гендік-молекулалық әдістердің көмегімен тексеру үшін Нұр-Сұлтан қаласында 4 аппарат бар: үшеуі – МСАК ұйымында (4, 5, 7-емхана) және біреуі – қалалық фтизиопульмонология орталығында. Аталған зерттеу 2-3 сағат ішінде қоз­дырғыштың бар-жоғын анықтап қана қоймай, дәрілік сезімталдықтың бар-жоғын анық­тауға, яғни емдеудің тиімді схемасын тағайын­дау­ға мүмкіндік береді», деді Ә.Рүстемова.

Елордада туберкулезден емделіп жатқан науқастарға үнемі әлеуметтік қолдау көр­се­тіледі. Бұрын азық-түлік себеттері мен жол жү­ру карталары берілетін, ал 2019 жылдан бастап 10 АЕК мөл­шерінде ай сайынғы ақ­ша­лай төлем түрінде көмек көр­се­ті­леді.

«Қаупі жоғары» топтарда туберкулезді анықтау бо­­йынша әріптес ретінде үкі­меттік емес ұйымдарды тарту маңызды. Бұл ведом­ство­ара­лық және сек­то­ра­ралық өзара іс-қимыл­ды күшейтуге мүмкіндік береді. 2022 жыл­дан бастап елордалық мәс­ли­хат әлеуметтік тапсырыс аясында туберкулездің алдын алу бойынша жұмысқа ҮЕҰ тартуды қолдады.

Жақында өткен «Тубер­ку­лезбен күреске инвестиция салыңыз. Өмірді құтқар» атты айлықты қоғамдық ден­сау­лық сақтау басқармасы ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында қала әкім­д­ігінің қолдауымен өзіне қарасты ұйымдармен, бар­лық серіктесімен бір­лесіп ұйымдастырды. Бұл айлық тұр­ғындардың профи­лак­ти­калық тексерулерден уақ­ты­лы өтудің маңызы жөнінде хабардар болуына, әрбір аза­мат­­тың денсаулығын сақтау және нығайту үшін жауап­кер­ші­лігін арттыруға мүмкіндік бе­ре­ді.

«Санитарлық-эпидемио­­­ло­гиялық бақылау де­пар­­­та­менті жыл сайын қала­лық денсаулық сақ­тау бас­қар­масымен, қала­лық фтизиопульмонология орта­лы­ғы­мен, білім бас­қар­ма­­сымен және аудандық әкімдіктермен бірлесіп іс-шаралар, акциялар өткі­зе­ді. Департаменттің әлеу­мет­тік парақшаларында тубер­ку­лез­дің алдын алу бойынша мақалалар, жады­на­малар жа­рия­ланады. Ме­ди­циналық ұйым­дарда семинар-тренингтер өткізіледі. Айлық аясында қала мек­теп­­терінде, жоғары және ор­та оқу орындарында қазақ және орыс тілдерінде ашық са­бақтар, туберкулездің алдын алу тақырыбында сынып сағаттары өткізілуде. Ойын-сауық орталықтарында хабар­лама арқылы дәріс­тер өткізіледі», деді қала­лық са­ни­тарлық-эпиде­мио­логиялық­­­ бақылау депар­та­мен­ті бас­шысының орынбасары Жанна Пірәлиева.

Ол дұрыс тамақтанбау ағ­за­ны әлсірететінін атап өтті. Ішімдікке және есірткіге тә­уелді, сондай-ақ туберкулезбен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болғандар ауру жұқтыру қаупіне жақын болады. Дененің әлсіреуінен болатын өткір және созыл­ма­лы аурулар ағзаның кү­ре­суін төмендетеді. Бұл тубер­ку­лез­дің пайда болуына немесе өршуіне және оның ауыр ағы­мы­на әкелуі мүмкін.

«Ересектер мен жасөс­пі­рім­дер үшін ерте диагноз қою жолы – флюорографиялық тексеру. Туберкулездің алдын алу жүйесіндегі флюорография аурудың ерте кезеңінде жылдам емделіп, сауығып шығуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ балалар арасында туберкулездің алдын алудың тиімді жолы – БЦЖ екпесі мен 6-7 жастағы ревакциналау. Сондықтан ата-аналарды баласына туберкулезге қарсы екпені уақтылы қа­был­дауға шақырамын. Се­бе­бі әр баланың ден­сау­лы­ғы өз қолымызда», деді Ж.Пірәлиева.