Мастодонттар − неоген дәуірінде тіршілік еткен сүтқоректі жануарлардың тұмсықтылар тобы тұқымдасының бірі. Ол Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Африкада кеңірек тараған. Ал біздің елімізде Солтүстік Қазақстан мен Алматы облысынан қазба қалдықтары кездескен. Олардың арғы тектерінің бірі, гомфотерийлер Торғай даласындағы Ұлы Жыланшық өзені жағасынан да табылды. Мастодонттың тісі бұжыр, бүршік тәріздес, денелерінің биіктігі 1,5 - 3,6 м. Азу тісі пілдің азу тісі секілді ұзын. Көне түрлерінде жоғары және төменгі қос азу тісі бірдей ұзын болса, кейінгілерінде тек жоғары азу тістері ұзарған. Олар негізінен батпақта және орманда тіршілік кешеді. Бүгінде жұртшылық олардың 7 түрін жақсы біледі.
Қазір ғалымдар басқа да жер бетінен жойылып кеткен жануарлар секілді мастодонттарды зерттеу − кайнозойдың құрлықтық шөгінділері стратиграфиясын анықтауда маңызы зор екенін айтады.