
Қадірлі отандастар!
Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке, мықты денсаулық тілеймін!
Біз талай сындарлы сәттерді бастан кешіп келе жатқан халықпыз. Иманымыз бен бірлігіміздің арқасында қиындықты еңсеріп, өсіп-өнген елміз. Аллаға шүкір, елдігімізді көрсетіп, кешегі «Қасіретті қаңтар» оқиғасын еңсердік. Екі жылға созылған пандемиялық жағдай кезінде де бірлігімізді көрсеттік.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят) дейді. Міне, бүгінде қасиетті Рамазан айында жамағатпен ауыз ашып, көпшілікпен бірге құлшылық жасауға мүмкіндік алдық. Осы күнге жеткізген және осындай ұлы мүмкіндікті нәсіп еткен Жаратушы Жаббар Иемізге сансыз шүкірлер айтамыз.
Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Ендеше берекелі айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық, ағайын. Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қолұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», деген.
Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай. Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти