
Сөзінің әлқиссасын «Қаңтар қасіретінің» себептері мен салдарына арнаған Мемлекет басшысы біраз түйінді ойларын ортаға салды. Одан арғы ойларын осы қасіреттен сабақ ала отырып, Жаңа Қазақстанды құрудағы саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздемелерін сала-салаға бөліп тарата айтты. Бұл реформаның жүйелі кешенді сипатта жүзеге асырылатынын ескертті. Еліміздегі басқару жүйесі президенттік билікке шоғырланып қалғанын тілге тиек ете келіп, бұдан былай «Күшті президент – Ықпалды парламент, Есепті үкімет» деген үш тармақты билік жүйесіне жедел көшу қажеттігін көрсетті. Бұл дегеніңіз президенттік биліктің біраз бөлігі Парламент пен Үкіметке берілетіндігін білдіреді. Өкілетті биліктің барлық сатысының пәрмені күшейіп, қоғамдық ұйымдармен байланыс нығаяды. Орталық биліктің біраз қызметі өңірлерге беріле отырып, жергілікті жердің белсенділігін арттыруға да баса мән беріледі деген сөз.
Әрине, Жолдаудан талай астарлы ойларды суыртпақтауға болады. Ең бастысы, осы реформаларды дайындауда халық пен қоғамдық институттардың ұсыныс-тілектері барынша ескерілгендігін Президент атап көрсетті. Соның нәтижесінен болар, Жолдауда көрсетілген көптеген нақты іс жұртшылық көңілінен шыққанына дау жоқ сияқты. Мәселен, өзімізге ұнаған оның бірқатар тұжырымдамасы мыналар: «Президент өкілеттігін барынша шектеу», «Президенттің саяси партияны басқаруын тоқтату», «билікте отырған Президенттің туған-туысқандарының саяси билікке араласпауы, тіпті квазимемлекеттік мекемелерді басқаруға да қатыспауы», «кәсіби және мажоритарлы сайлау жүйесін енгізу», «Мәслихаттардың рөлін көтеру», «Саяси партияларды тіркеуді жеңілдету», «Сайлау жүйесін жетілдіру», «Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің пәрменін арттыру», «Конституциялық Кеңестің Конституциялық Сот болып өзгеруі», «Ұлттық Құрылтай» институтын құру», т.б осындай толып жатқан жақсы жаңалықтар бар. Солардың ішінде баршаның жүрегіне жылы тиген жаңалық Абай облысы, Жетісу облысы, Ұлытау облысы сияқты тарихи санамызға таңбаланған, қазақы рухымызға серпін беретін киелі өңірлердің жаңаша өркен жаюы болса керек. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының бұл Жолдауының әрбір тарауы арнайы әңгіме жасай отырып саралайтын, ел болашағы үшін бағдарламалық маңызы бар тарихи құжат деуге болады.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері