Ғылым • 01 Сәуір, 2022

Жас ғалымдар жаттандылықты қаламайды

698 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім мен ғылым саласының өкілдері Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевпен бейресми кездесу өткізді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Болашақ» қауымдастығының өкілдері бірлесіп ұйымдастырған ашық диалогта ғылым мәселелері талқыланды.

Жас ғалымдар жаттандылықты қаламайды

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ашық әңгімеде Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Түркістан қалаларындағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары өздерінің көкейдегі сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты. Ал олардың ұсыныс-пікірлерін Білім және ғылым вице-министрі Қуа­ныш Ерғалиев, Ғылым ко­митеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков, «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ вице-президенті Данияр Тебаев тыңдап, жауап берді.

Іс-шараны ұйымдастырушы­лардың бірі әрі модераторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректо­рының кеңесшісі, РҺD доктор Ақерке Абылайхан ашық диалог қарапайым чаттағы қызу талқы­лаудан басталғанын жеткізді.

–  «Болашақ» қауымдастығында әр сала бойынша клубтар құрыл­ған. Біз құрған білім мен ғылым саласына қатысты клуб мүшелерінің басын біріктірген чатта қазір 600-ден аса адам бар. Вице-министрдің қатысуымен өткен осы ашық әңгі­менің өтуіне «Болашақ» бағдар­ламасымен білім алып келген жас ғалымдардың сол ортақ чатта көтерілген өзекті мәселелері түрткі болды. Одан кейін біз жас зерттеушілердің қатарына осы Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің тәжіри­бесі мол ғалымдары мен оқыту­шыларын қосып, диалог ұйым­дастырдық. Өзім де «Болашақтың» түлегімін, шетелдік жүйе кейде бізге келмеуі мүмкін екеніне тәжі­рибеден көз жеткен. Сон­дық­тан оны ойға, талқыға, са­рапқа салып барып көру керек. Осыны ескеріп, қос тарапты ой айтатын ғалымдарға ортақ алаң ұйымдастыруды көздедік. Жүйе­лі ұсыныстар жинақталып, министрлікке жолданады, – деді А.Абылайхан.

Ашық диалогта ғалымдардың жобаларын қаржыландыру жайы, жобаны зерттеу және оны бас­қару, грант, халықаралық сарап­шылардың пікіріне тәуел­ділік секілді мәселелер қара­лып, оны шешудің жолдарына қатыс­ты ұсыныстар айтылды. Ұсы­ныс­тарды тыңдап, керегін өзіне түртіп алып отырған министрдің жоғары білім және ғылым бағыты бойынша орынбасары Қуаныш Ерғалиев:

– Аталған чатта мен де бармын, жазылған пікірлерді оқып отырамын. Бүгінгі кездесу екіжақты да тиімді әрі нәтижелі болды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері республикада 21 мыңға жуық ғылыми жоба жүзеге асса, барлығы мемлекет бюд­жетінен қаржыландырылып, қолдау тапты. Нәтижесінде, осындай жұмыстармен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтары мен түрлі ұйымдар ашылып, әлемді мойындатқан жобалар өмірге келді, – деді.

Жиын соңында Қ.Ерғалиев айтылған ұсыныстарды жазбаша тапсыруды өтініп, ықылас біл­дірген ғалымдарды жеке қабыл­дайтынын айтты.