Аймақтар • 03 Сәуір, 2022

Үш ауданда төтенше жағдай жарияланды

174 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе, Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қар суының күрт еруінен облыстың бірнеше ауданында ауылдар суға кетті.
Көктемгі су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында күрделі жағдай қалыптасып, 3 сәуірдің түс кезіндегі мәлімет бойынша, 200-ден астам үйді су алғаны белгілі болды. Қазір облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан жедел штаб құрылып, қалыптасқан жағдайдың алдын алуға әрекет жасалып жатыр.

Үш ауданда төтенше жағдай жарияланды

Шыңғырлау ауданы

Көктемгі су тасқынының зардабы алдымен осы ауданда байқалды. Наурыз айының 31-і күні жергілікті уақыт 09.40-тан 20.45 сағат аралығында аудандық маңызы бар «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай» автожолын 9 же­рінен су шайып кеткен. Осының кесірінен топырақ үйілген грейдер жолдың бірнеше жерінен ұзындығы 8 метрлік, тереңдігі кей жерде 1,5 метр­ге жететін шұңқыр пайда болған. Төтеншеліктердің хабарлауынша, елді мекендерге төнген қауіп жоқ. Жолдың бүлінген жерлеріне арнаулы белгілер орнатылып, сақтандырғыш ленталармен қоршалған, кезекшілік ұйымдастырылған. Әзірге аталған жол жабық, қалпына келтіру жұмысы еріген судың деңгейі төмендеген соң қолға алынбақ.

Сәуірдің 1-і күні түнгі 23.00-ден бастап аудандық маңызы бар «Шың­ғырлау-Шоқыбай», «Шыңғыр­лау-Талдысай» автожолдарын да қарғын су жырып кеткен. Қазір бұл жол­дар да жабық. Елді мекендерге қауіп жоқ.

1 сәуір күнгі су ағыны Алмаз ауылына кіретін жолдың су өткізу құбы­рына сыймай, топырақ бөгет-көпірді бұзып кетті. Қазір ауылға апаратын жол жоқ. Осы ауылдың бір үйінің қоражайы құлап, 3 қой, 12 қозы шығын болғаны хабарланды.

Шыңғырлау ауданының Қайыңды кентінде де жергілікті маңызы бар кіреберіс жол шайылып кеткен. Бұл ауыл­да 27 үй бар, 95 тұрғынның 20-сы – бала. «Су басқан тұрғын үй жоқ. Суды бұру бойынша жұмыс жүргізілуде, 350 дана қап төселді», деп хабарлады жедел штаб баспасөз қызметі.

3 сәуірдегі мәліметке қарағанда, аудан аумағындағы Шыңғырлау өзенінің деңгейі күрт көтерілген. Қазір онда тұрақты кезекшілік ұйымдастырылып, 30 сиыр, 50 жылқы, 15 ұсақ жандықты қауіпсіз жерге көшірген.

Қаратөбе ауданы

Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылындағы жағдайды бұдан бұрын жазған болатынбыз. Әуелі еріген қардан, кейін Шилі өзенінің тасуынан Шалғын ауылында 29 үй, 2 әлеуметтік нысан – орталау мектеп пен фельдшерлік амбулатория ғимаратын су басып кетті. Су деңгейі кей жерде 60 см-ге жеткен. 45 қой-ешкі өлген. Айта кетейік, Шалғын ауылында барлығы 45 үй болған, тұрғындар саны – 190 адам.

Өңірдегі нақты жағдайды бағалау үшін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов тікұшақпен оқиға орындарын аралап, халықпен жүздескен. Шалғын ауылында меди­циналық бекет ашылып, халыққа медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатқаны хабарланды. Тұрғындар ішінен жүкті әйелдер Қоскөл ауылына көшірілген.

 

Бөрлі ауданы

Бұл ауданда да 1 сәуір күні сағат 23:55-те Ақсай қаласының іргесіндегі Қызылтал ауылының 12 үйін еріген қар суы басып кетті. Су басқан үйлерден 8 адам, оның ішінде 4 бала Ақсай қаласының №7 мектебіне эвакуацияланды. Қалған тұрғындар эвакуациядан бас тартып, тума-туыстарын сағалаған.

2 сәуір күні 16.30 сағатта облыстық маңызы бар «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» автожолының 0-159 км аралығында қар күрт еріп, жолдың екінші бетіне аға бастаған. Осы жолға қызмет көрсетуші мекеме қауіпті бөлікке кезекшілік қойып, көлік қозғалысын тоқтатқан. Елді мекендерге қауіп жоқ.

3 сәуір күні түнгі сағат 02.00-де «Қазгидрометтің» жергілікті филиалы Бөрлі ауданындағы Шыңғырлау-Кеңтүбек өзені су бекетінде су деңгейі қауіпті белгіге жақындап, 685 см-ге жеткенін хабарлады. Судың қауіпті деңгейі бұл жерде - 700 см.

Осы күні сағат 03.00 шамасында Бөрлі ауданы, Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты Бақтыарал ауылының тұрғын үйлерін Шыңғырлау өзенінің суы басып қала жаздады. Оқиға орнына жедел кезекшілік ұйымдастырылып, төтеншеліктер арнайы техника, инерт­ті материалдар мен қаптарды жұмылдырды. Бақтыарал ауылында 23 тұрғын үй бар, 50 адам тұрады. Абырой болғанда күндізгі сағат 10.25-те өзен суы төмендеп, қауіп уақытша сейілді.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Кеңтүбек ауылы тұсында Шыңғырлау өзені арнасынан асып, «Ақсай-Кеңтүбек» жолын басып кеткен.

Теректі ауданы

Көктемгі су тасқыны қаупі сейілмей отырған өңірдің бірі – Теректі ауданы. Ауданның біраз бөлігінде әлі қар толық еріген жоқ. Ал оңтүстікке қарай Сарыөмір-Дуана ауылдары аралығында еріген қар суы жергілікті маңызы бар жолды екі жерінен жырып кеткен. Қазір бұл жол жабылып, көліктер айналма жолды пайдалануда. Елді мекендерге төнген қауіп жоқ.

а

Жәнібек ауданы

Соңғы сәттерде алаңдатарлық хабар Жәнібек ауданындағы Жақсыбай, Талов ауылдарынан келіп жатыр. Жедел штабтың хабарлауынша, 2 сәуір күні кешкісін қар суы жергілікті маңызы бар «Жәнібек-Таловка» автожолының 80, 106 және 117 шақырымдары тұсын бүлдірген.

Сәуірдің 2-сі күні түнгі сағат 23.00-де Жәнібек ауданының солтүстік бөлігі – Ресей Федерациясымен шекаралас дала аймағынан еріген қар суы ағып келіп, Талов ауылының бірнеше көшесін, тұрғын үйлерді су басу қаупі туындағаны туралы хабарлама келіп түскен. «Оқиға орнына құрамында 5 адам бар облыстық ТЖД күштері мен құралдары, 1 мотопомпа, ҰҚК Шекара қызметінен 9 адам және 2 бірлік техника, ЖАО 2 адам, 1 мотопомпа шықты. Жәнібек ауылынан Талов ауылына дейінгі қашықтық – 128 км, оның 90 шақырымы – жолсыз», деп хабарлады жедел штаб. Соңғы мәліметтерге қарағанда, бұл ауылдың екі үйіне су кірген, онда тұратын 8 адам қауіпсіз жерге – туыстарының үйіне көшірілген.

3 сәуір күні Жақсыбай ауылында 170 үй су астында қалып, 637 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 89 бала, 216 ересек адам М.Ықсанов атындағы мектеп ғимаратына орналастырылды. Қалған 332 адам тума-туыстарының үйінде тұрып жатыр, бұлардың 70-і – бала. Әзірге тілсіз жаудан ең көп зардап шеккен осы ауыл болып тұр, елді мекеннің 60 пайызы суда қалды. Ауыл тұрғындарының есептеуінше, шығын болған ірілі-ұсақты малдың саны 100-ден асып кеткен.

Тасқала ауданы

Батыс Қазақстан облысында көктемгі тасқын су қаупі жыл сайын сейілмейтін Тасқала ауданында әлі қар ери қойған жоқ. Сондықтан да Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы биыл Маңғыстау облысынан көмекке келген құтқару тобын Тасқала ауданына шоғырландыру туралы шешім қабылдапты. Құрамында 17 адам, 2 арнайы көлік, жүзу және су сорғыш құралдары бар маңғыстаулық құтқарушылар қазір кезекшілік орнына бет алған.

«Қазгидромет» мекемесінің жер­гілікті филиалы облыс аумағындағы өзендердің су деңгейіндегі ақпаратты тәулігіне екі мәрте мәлімдеп, қауіпті өзгерістерді тұрақты хабарлап отыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Елек, Шыңғырлау, Деркөл және Өлеңті өзендерінің су деңгейі қауіпті шекке дейін көтерілген.

Бет қатталып жатқанда: Батыс Қазақстан облысындағы жағдай сәт сайын күрделене түсуде. Өңірге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков ұшып келді. Дәл қазір облыс әкімі Ғали Есқалиевпен бірге су тасқыны бойынша жедел штабтың отырысы өтуде.

Сондай-ақ Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінен қосымша Батыс Қазақстан облысына МИ-8 тікұшағы, қажетті құрал-жабдықтармен қоса 12 құтқарушы, жеке құрамнан 34 адам және 4 бірлік техника жіберілген.

Ауа райын болжаушылар жақын күндері Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында жаңбыр жауатынын, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан 9-14, облыстың батысы мен оңтүстік-шығысынан 15-20 м/с жел соғып, ауа температурасы түнде 7-12, күндіз 17-22 градус жылы болатынын ескертуде.

2-6 сәуір аралығында облыстың өзен бассейндерінде қар еріп, ағын су күшейіп, мұз түсуі, су деңгейі көтерілуі күтілуде.

 

Батыс Қазақстан облысы