Пікір • 04 Сәуір, 2022

Халық жаңа саяси партияларды қолдауға дайын

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сөзімді Жолдаудан үлкен үміт күткенімізден бастайын. Мұ­ны мен институт қабырғасында бірқатар маңызды сарап­та­малық кездесу, әлеуметтанулық зерттеу, қоғамның түрлі сала­ларындағы әртүрлі адамдармен әңгімелесу барысында сезд­ім. Сондай-ақ бұл үмітіміз ақталып қана қоймай, көптеген күмән­шіл адамдардың көзқарастарынан да басым болғаны қуантады.

Халық жаңа саяси партияларды қолдауға дайын

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бұл туралы Президенттің өзі де айтты, бұл реформалардың жаңа бағдарламасында бүкіл қоғамның үні естіліп, ескерілгенін, оның Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің, заңгерлердің, саясат­та­нушылардың, тәуел­сіз және мемлекеттік сарап­шы­лардың, соның ішінде Президент жанындағы ҚСЗИ ұсынымдарын ескере отырып әзірленгенін көр­сетеді.

Жолдаудың көпқырлы бол­ғаны соншалықты, әр адам өзі үшін маңызды дүние тауып, назары әртүрлі жағдайға түсетіні анық. Өзім үшін маңызды 4 тар­мақты анықтадым:

Президент саяси рефор­ма­лардың қажетті әрі өзекті екенін атап өтті. Оларды жүргізбесек, тиімді экономикалық даму, аза­маттық қоғам құру, тіпті еге­мендігіміз бен тәуелсіздігімізді сақтау мүмкін емес екені айтылды. Мен үшін ең маңызды тұсы осы болды. Әлемнің барлық дамыған елдерінің жетістігі қаланатын іргетас, ол инклюзивті саясат – инклюзивті экономика мен қоғамның бастаушысы.

Маңыздылығы бойынша екінші тармақ Мемлекет бас­шы­сының «қарқынды өзгеріп жат­қан жағдайларда елдің дамуын айтарлықтай тежейтін шектен тыс төрешілдікті жою қажет», де­ген ойы болды. «Жағдайға же­дел ден қою керек, мұнда бюро­кра­тиялық формализмге жол берілмейді», деді Президент.

Үшіншісі, жүйе Президентке тұйықталмай, өкілеттіктерді Пар­ламентке ғана емес, басқа да орталық органдарға, сонымен қатар аймақтарға беруі маңызды. Жергілікті жерлерде көбірек өкілет, басқару құралдары мен бюджет берілетін болады.

Бүкіл әлемнің тәжірибесі көр­сеткендей, бірде-бір билік орталық­тан мәселелерді шеше алмайды, адамдарды толған­дыратын барлық мәселелерді бір жерден қамту мүмкін емес. Бұл негізінен тұрмыстық мәселелер: су құбырын салу, ауылда жол салу, жергілікті мектепті жөндеу, жас дәрігерлерді, мұғалімдерді тар­ту, жұмыс орындарын құру. Мұ­нымен аудандық және ауыл­дық деңгейлерде жергілікті билік айналысуға тиіс.

Сонымен қатар өңірлер ара­сындағы ішкі өңірлік өнім көлемі бойынша алшақтық қазір­дің өзінде 10 есеге жетті. Әлеу­меттік инфрақұрылыммен қам­та­масыз етілу деңгейінде айыр­ма­шылықтар бар. Мысалы, дәрі­герлер саны бойынша дамыған және артта қалған аймақтар арасындағы айырмашылық – 3 есе, аурухана төсектерінің саны бойынша 2 есе көп. Өңірлер бо­йынша 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіштері Алматы қаласында 13,9%, Түркістан облысында 68,0% аралығында құбылады. Мәселен, облыс орталығына айналатын Жезқазған қаласында 2015-2020 жылдары халықтың табиғи өсімінің төмендеуі, көші-қонның азайғаны байқалды.

Төртінші – сайлау жүйесін одан әрі жетілдіру. Әлемдік тәжі­рибе пропорционалды және мажоритарлық жүйенің тандемі, яғни сайлау жүйесінің аралас моделі тиімді екенін көрсетеді. Аралас сайлау жүйесі өңірлік өкіл­дікті қамтамасыз етуге және өңір­лердің мүдделерін ілгері­летуге, сондай-ақ бір мезгілде пар­тиялық жүйені дамытуға мүмкіндік береді.

2022 жылғы ақпанда Пре­зидент жанындағы ҚСЗИ жүр­гізген әлеуметтік сауалдама нәтижелері ел азаматтарының 43,7% бөлігі ғана саяси партия­ларға сенім білдіретінін көрсетті. Шын мәнінде, саяси партиялар басқа саяси институттармен са­лыстырғанда азаматтардың ең төменгі сеніміне ие. Алайда ха­лық тарапынан жаңа саяси пар­тияларға деген сұраныс бар. Рес­понденттердің жартысына жуығы, 48,4%-ы елдің саяси және экономикалық дамуына үлес қоса алатын жаңа саяси партияны қолдауға дайын.

 

Еркін ТҰҚЫМОВ,

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры