Аймақтар • 06 Сәуір, 2022

«Келешек кеңею» жобасы жүзеге аса бастады

536 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттің басты саясатының бірі – жұмыссыздықты азайтып, әсіресе халықаралық жобаларға жергілікті тұрғындардың көбірек орналасуына ықпал ету. Өйткені бұл – өзекті мәселе. Сол себептен Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кен орнында 2016 жылы басталған «Келешек кеңею» жобасына қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруға басымдық берілген еді.

«Келешек кеңею» жобасы жүзеге аса бастады

«Теңізшевройл» іске асырып жатқан келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысым­ды басқару жобасының жалпы құны 45 млрд долларды құрап отыр. «Теңіз» кен орнын­да 2023 жылы іске қосы­латын бұл жобаларға 300-ге жуық отандық компания мердігерлікке тартыл­ды. Ж­о­ба­ға қажетті 408 модуль­ді жет­кізу үшжылдық бағдар­ла­масы аясында аяқталды. Әрқайсысының салмағы 500-ден 1 800 тоннаға жететін модульдер Қазақстанда, Оң­түс­­тік Корея мен Италия­да құрастырылып, Ресейдің ішкі су жолымен Каспий теңізі жағалауындағы Прор­ва түбегіне дейін тасы­мал­данды. Осында арнайы салынған терминалға жет­кі­зілген модульдік жүктің жал­пы салмағы 280 мың мет­рикалық тонна құраған. Жобаға қажетті модульдік жүктерді тасымалдауға 120-ға жуық кеме пайдаланылды. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылса, кейбірі қайта жаңғыртудан өткізіліпті. Кас­пий теңізі арқылы тасымал­ды жүзеге асыру отандық «ҚазМорТрансФлот» компаниясына жүктелді.

«Теңіз» кен орнындағы жоба құрылысының аяқта­лар кезеңі жақындап келеді. Мәселен, биылғы жыл бас­тал­ғанға дейін ең ірі жо­ба­ның құрылыс-монтаж­дау жұмыстарының 80 пайыздан астамы аяқталды. Жо­ба­ға 60 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды. Оның бес мыңы – шетелдік. Ал жоба­дағы қазақстандық жұмыс­шылардың 40 пайызға жуы­ғын атыраулықтар құрап отыр.

Облыс әкімдігі баспасөз қыз­метінің ақпаратына қара­ған­да, «Теңізшевройл» компаниясы «Келешек кеңею» жобасындағы құрылыс-мон­таж­дау жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты жылдың соңына дейін шамамен 39 мың адамды босатуды жоспарлап отыр. Оның ішінде еліміздің 37 мың азаматы бар. Жұмыстан босатылатын адамдардың шамамен 40 пайызын Атырау облысының тұрғындары құраса, өзгелері – еліміздің өзге өңірлерінде тұратын азаматтар.

Бұл мәселені облыс әкімді­гі тұрақты бақылауында ұстап отыр. Былтырдан бері жұмыс­тан босатылатын адамдарды еңбекпен қамтуға қатысты тиісті жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, осы мәсе­ле­ге жауапты органдармен – Енбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау, Энергетика ми­нис­трліктерімен, сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС-ның басшылығымен ай са­йын кездесу өткізіледі. Жоба жұмысынан босатылатын жұ­­мысшылар туралы ақпа­рат­­тар алмасып, жоспарлар пы­сықталады.

Мәселен, былтырғы жыл­дың соңына дейін жоба жұ­мыс­тарынан 2 769 адам боса­тылған. Оның ішін­де жер­­гілікті 1 228 тұр­ғын болған. Жұмыстан бо­са­тыл­­ғандардың арасынан 785 атыраулық тұрақты жұ­мыс­­қа орналастырылған. Басқа жобаларға 19 адам ауыстырылып, екеуі оқуға жіберілген. Әлеуметтік тө­лем­ді 210 адам алып отыр. Ал 212 адам өз мүмкіндігімен басқа жұмыс тапқан.

– Биылғы бірінші тоқсанда 2 900-ден астам адам босатылады деп болжанып отыр. Оның ішінде Атырау облысынан 1 270 адам бар. Жұ­мыс­тан босатылатын адам­дарды жұмыспен қамту жұ­мыс­тары пысықталып жатыр. Атырау облысының әкімдігі өз тарапынан «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ин­дус­трия­лық-инно­ва­ция­лық даму»,­ «Бизнестің жол картасы», «Өңірлік даму» және өзге де мемлекеттік бағ­­­дар­ламаларды іске асыру шең­бе­рінде жыл сайын 12 мыңға жуық адамды жұ­мыс­пен қам­тиды. Сондай-ақ облыста биыл және келесі жылы іске асырылатын ірі инвес­ти­ция­лық жобалар аясында 9 мыңға жуық адамды жұ­мыс­пен қамту көзделіп отыр, – деп мәлім етті әкім­дік­тің баспасөз қызметі.

Әрине, халықаралық жоба құрылысынан 37 мың адам­ның босатылатыны атүсті қа­рай­тын жеңіл мәселе емес. Өйткені жұмыстан бо­сатыл­ғандарға тұрақты кә­сіп тауып бере қою да оңай ше­ші­мін таба қоймайды. Осы орайда салмақ жергілікті әкім­діктерге түсетіні даусыз. Сол себептен, жақында бұл мәселе облыс әкімі Махам­бет Досмұхамбетовтің төра­ға­лығымен өткен жиында тағы пысықталды. Әлеуметтік әріп­тестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын рет­теу жөніндегі облыстық үшжақ­ты комиссия отыры­сын­да «Теңізшевройл» ЖШС-ның мердігер компания­ла­рынан босатылатын жұмыс­шы­лар­ды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ еңбек ұжым­да­ры арасындағы еңбек дау­ларын болдырмау мен ең­бек қатынастарының жағ­да­­йы жөніндегі мәселелер қаралды. «Теңізшевройл» ЖШС-ның Үкіметпен және жұрт­шылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Ризабек Артығалиевтің айтуынша, «Келешек кеңею» жобасының аяқталуына байланысты жыл соңына дейін босатылатын жұмысшылардың 7 мыңнан астамын өзге жоба­ларға жұмысқа алуды қарас­ты­рып отыр.

– «Келешек кеңею» жобасынан жыл соңына дейін босатылатын жұмысшылардың, басқа жұмысқа ауысты­ры­ла­тын­дардың тізімін әкімдікке уақтылы ұсынылуы керек. Жобадан босатылатын жұ­мыс­­шылардың аты-жөні, құ­жа­ты, мамандығы, мекен-жайы, байланыс нөмірі көр­сетілген тізімін бір ай бұрын, ал нақты босатылған жұ­мыс­шылардың тізімін әр айдың басында берген жөн. Алда­ғы айларда босатылатын жұмыс­шы­ларды мердігерлік мекемелерге жұмысқа орналасуына ықпал етудің нақты жос­парын жасақтап, жергілікті тұрғындарға басымдық беру жағын ойластыру қажет. Мер­ді­гер, қосалқы мердігер ком­па­нияларда жалақы төле­меу­ге жол бермеуді, заң бұ­зу­шы­лық­тарды болдыр­мау­ды қатаң бақылауда ұстап, ж­ұ­мысшылар арасын­да наразылық тудырмау үшін нақты іс-шаралар қол­ға алын­уға тиіс, – дейді М.Досмұхамбетов.

 

Атырау облысы