Қазақстан • 06 Сәуір, 2022

«Ғасырдан да ұзақ күн»

424 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы күштер екенін атап көрсеткен болатын. Ал елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған айбынды әскеріміздің ерлік пен жанкештілікке толы тарихы ешқашан қалтарыста қалып қоймауы керек.

«Ғасырдан да ұзақ күн»

Өйткені ерді ел де, жер де ұмыт­пайды. Жүрекке дақ, сана­ға сызат салған тәжік-ауған оқи­ғасына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, қаралы датаға ай­нал­ған қақтығыс күні кеше­гі­дей жадымызда.

Иә, 1995 жылдың 7 сәуірі тарих беттерінде ерлік пен өрлік сынға түскен күн ретінде қат­та­лды. Пшихавр шат­қа­лын­да­ғы қақтығыста Қазақстан Ішкі әске­рінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылына тойтарыс берді. Сан жағынан жау күші басымдыққа ие болған ұрыста 17 әскери қызметшіміз оққа ұшты, жер құшты. 33 жауынгеріміз жараланды. Ауған тарапынан шабуыл жасаған содырлар алпыс минуттың ішінде Тәжікстан аумағына жеткісі, шекарадан өткі­сі келді. Алайда рухы өр, тәні бекем қазақстандық жауынгерлер жауға жойқын тойтарыс берді. Бес қаруын сайлаған жауынгерлер бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін жауды кері шегінуге мәжбүрледі. Қазақ­стан­­дық батальон жауын­гер­лері ел мен жердің қауіпсіздігі үшін оққа да, отқа да қарсы тұрып, ерліктің озық үлгісін көрсетті. «Қаз­бат­тың» қарулы қақтығыста дұш­пан­н­ың десін басқанына да жиыр­ма жеті жылдың жүзі толды.

Жетінші рота жаудың жігерін құм еткен күн Ұлттық ұланда Ерлік күні болып бекітілген. Та­рихта «тәжік-ауған оқиғасы» деген атпен қалған датаға орай, біз аты аңызға айналған жетінші рота сардарлары мен сарбаздарын сөзге тартып, естен кетпес естеліктерімен бөліскенді жөн көрдік.

«Ол күні жиектен оқ жаңбыр­ша жауды. Айнала тола жанарын құм жапқан жауынгерлер. Бәрі де фәнимен қоштасқан. Бұл көріністі естен шығару әсте мүм­кін емес еді», дейді тәжік-ауған оқиғасының ардагері Қайрат Сәт­баев жадында жай отын­дай жаң­ғырық болып қалған сәтті еске алып.

«Бастапқыда не болғанын аңғармай қалған біздің бойымызды үрей билеп алған болатын. Алайда ажалмен бетпе-бет келген сайын санаңнан қорқыныш атаулыны сылып алып тас­тай­ды екенсің. Моджахедтер ә дегеннен-ақ алдыңғы және арт­қы жақтағы көліктерді гранато­мет­пен атып, күлін көкке ұшы­рып үлгерді. Айналаны көк түтін басқан, зулаған оқтың дау­сы құлақты шыңылдатады. Әп-сәтте қасымдағы взвод жігіт­терін жинап, автокөліктің дөң­ге­лектерінен қалқан жасап, ты­ғыл­дық. Жауынгерлерге «мен бағытты айқындайтын оқтармен атамын, сол жерлерді нысанаға алып, сендер де солай қарай оқ жаудырыңдар» деп бұйрық бердім. Ізі ұшқындап анық көрінген оқпен жауды нысанаға алып атып жатырмын. Артынан сарбаздарым да сол бағытқа оқ жаудырды. Кенет, бір жерден шыққан оқтың үні өшсе, ендігі кезекте автоматтың үні басқа жақтан сақылдап қоя береді. Міне, осылай ұрыс жалғасып жатты. Мұндай сын сағатта ми­ну­тыңыз сағатқа, сағатыңыз құд­ды бір тәулікке айналып кет­­кендей күй кешеді екенсің. Жаралыларды жинап, жақын маңдағы БТД-ның қалтарысына жеткіздік. Сағат күндізгі он екі жарым шамасында басталған қарулы қақтығыста жүріп, уа­қыт тілі үшке таяғанын да аң­ғар­маппыз. Әрқайсымыздың кеудемізде дамылсыз соққан жұдырықтай жүрек «Мен тірі қалуға тиіспін» деп тұрғандай әсер етеді. Жауынгерлердің ажал оғынан қаймықпай, Отан алдында берген антқа адалдық танытып, жаудың бетін қайтару үшін жанталасқан түрлерін көрсеңіз ғой... Бастапқыда десі басым көрінген жаудың сесі жүрек шайлықтырғанымен, міндетті атқарудан артық парыз жоқ екенін барлығымыз бір адам­дай түсіндік», дейді сол қақ­­тығыстың қатысушысы әрі куә­ге­рі Қайрат Сәтбаев.

Тағы бір кейіпкеріміз, запас­та­ғы полковник Берік Омаров: «Жауынгерлеріміздің өлімін өз көзіммен көргендіктен, бұл оқиға жанымды оттай қариды. Олардың көретін қызықтары әлі алда еді. Жау осал болмады. Содырлар соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың тәсілдерін жетік меңгерген. Шайқаста бізді құтқарған 40-50 метр жерде тұрған көпір болды. Тауды тесіп өтетін осы көпірді қалқан қылып, жауға тойтарыс бермегенде аман қалуымыз екіталай еді», дейді тәжік-ауған оқиғасының ардагері Берік Ілес­бек­ұлы.

н

Прапорщик Динар Сибага­тул­лин әлі күнге дейін Ұлттық ұланда қызмет атқарады. Әскери қызметін қатардағы жауынгерден бастаған ол да шатқалдағы шайқасқа қатысқан.

«Сол күн әлі есімде. «Ұрысқа!» деген бұйрықты ести салысымен бәріміз машинадан секіріп түстік. Бір жағы – жартас, екінші жағы – құз. Жолдың осындай оңтайлы тұсын таңдап алған жау ес жиғызар емес. Олардың алдын ала бәрін ойластырғанын, алдымен пулеметшілер мен зениттік-минометтік қондырғыны бірден жойғанынан от пен оқ арасында қалғанымызды түсіндік. Бір­не­ше қаруластарым машинадан түскен бетте мерт болды. Жедел ес жиып, жаудың қай жақтан атқылап жатқанын бағдарлай бастадық. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде «100 метр­дей қашықтықтағы көпірге бе­кі­ніңдер!» деген пәрменді ес­ті­сімен сол бағытпен жүгір­ге­­німде, тізе тұсымның тыз ете қал­ғанын сездім. Аяғыма граната жарықшағы тигенін ертеңінде бір-ақ білдім», дейді Динар Маратұлы.

Қиян-кескі шайқастан аман-есен үйі­не оралған бұрынғы ­сар­­баздың бірі Дәурен Жа­қып­­бековтің де айтары аз емес. Бүгінде қырықтың қырқа­сы­нан асқан Дәурен Асқарұлы жастай әскерге аттанған. 1993 жылы Алматы қаласындағы П.Чай­ковский атындағы музы­ка­лық училищеде оқып жүргенде академиялық демалысқа шығып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге бекіген еді.

«Сол күні көлікке отырып, колон­намен жолға шыққан едік. Екі айдан кейін әскердің мерзімі аяқталады. Ойымызда ештеңе жоқ. Бейбітшілік миссиясын орындауға барғанбыз. Бар­лығымыз көлікте қалжың­да­сып, әңгіме айтып келе жаттық. Енді сәл шыдасақ, «дембель» болып үйімізге қайтамыз деген көңіл-күйде едік. Шатқалдағы көпірге келгеніміз сол еді... Ал­ды­мызда және артымызда келе жатқан көліктерді көз алдымызда атып, жарып жіберді. Қозғалыс тоқтады. Жау тарапы оқты жаңбырша жаудыра түсті. Қасымда отырған сар­баз­дың басына оқ тиді. Өмір мен өлім арасындағы күрес басталды. Менің арқама оқ тиді. Орнымда құлаған күйі жатып қалдым. Айнала абыр-сабыр болып кетті. Қансыраған мен әлі көліктің ішіндемін. Маңайда зулаған оқтың даусы құлаққа анық естіледі. Әр секундтың құнын түсіне түстім. Кез келген секундта өмірмен қош айтысуым мүмкін екені санама жетті. Сонда ғана мына өмірдің мәнін ұқтым. Адам өмірінен асқан ештеңе жоқ екенін сезіндім. Қаруластарыма айтар алғысым шексіз. Мені тастамай, қауіпсіз жерге жеткізді. Бұл оқиғаны жастар білсе, Отан қорғаудың оңай еместігін сезініп, өмірдің мәнін жете түсінетіні даусыз деп білемін», дейді даңқты рота жауынгері Дәурен Жақыпбеков.

н

Санамызда өшпес сызат, жү­рег­імізде жазылмас жара болып қалған қарулы қақтығыста қаза тапқан 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді. Сондай-ақ батыр боздақтардың бәріне Ресей тарапынан «Қызметте үздік шыққаны үшін» медалі қаза болған соң табыс етілді.

Тәжік халқына көрсеткен көме­гі үшін қазақстандық жа­уын­­герлерге құрмет ретінде Ду­шан­беде монумент бой көтерді. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Отан-Ана» мону­мен­ті қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған Ерлік аллеясы ашылып, ескерткіш баған орнатылды. Сонымен қа­тар Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда да батырларға ескерткіштер қойылған.

Сондай-ақ Ішкі істер министр­лігі Ұлттық ұлан Бас қол­бас­шылығының бастамасымен 2019 жылы осы оқиға желісімен түсі­ріл­ген «Қазбат» фильмі жа­рық­қа шықты. Оқиға тарихта қал­сын, өскелең ұрпақ батыр­лары­мыздың ерлігін ұмытпасын деген ниетпен таспаланған кинокартина – жауынгерлерге Ұлттық ұлан тарапынан көрсетілген құрмет.

Иә, ерлік ешқашан ұмытыл­майды. Шайқаста шейіт болған сар­баздардың бейнесі әрдайым жүрегімізде сақталады...