Қазақстан • 07 Сәуір, 2022

Ашық сайлау өткізу – басты міндет

484 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды.

Ашық сайлау өткізу – басты міндет

Жұмыс сапары кезінде Нұрлан Әбдіров Қостанай ауданының Сад­чиков ауылдық округінің шілде айын­да сайланған әкімімен кездесіп, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Тұрғындар ауыл әкімін сайлау туралы ойларын ортаға салып, тікелей сайлау ауыл әкімінің халық алдындағы жауап­кер­шілігін арттырып, ауылдың өзекті мәселелерін шешуді жеделдетуге ықпал ететінін атап өтті. Олар өз жұмысын тиімді атқарып отырған әкімдер сайлаушылар арасында беделге ие болса, оларға келешекте де сайлауға түсуге мүмкіндік беру керек деп атап өтті.

Кездесу барысында сондай-ақ облыс әкімдерін сайлау жүйесін енгізу мәселесі де көтерілді. Қостанайлықтар үміткерлер арасында дебат өткізу сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, бәсекеге ықпал ететінін айтты.

Қостанай өңіріндегі сапары барысында ОСК төрағасы сондай-ақ саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, мәслихаттар депу­тат­тары, блогерлер, облыстағы сайлау комиссияларының мүшелерімен кез­десті. Іс-шараға 400-ге жуық адам қатысты. Н.Әбдіров сайлау жүйесінде алдағы уақытта қолға алынатын реформалар туралы баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Ақ жол» партиясының өкілі, облыс­тық мәслихаттың депутаты Дастан Жұмабаев дауыс беру процесінің ашық­тығын қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау құралдарын пайдалану мен сайлау заңнамасына тиісті түзетулер енгізу жөнінде ұсыныс жасады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған бұрынғы мәжіліс депутаты Валерий Вишниченко Мемлекет басшысының ҚХА квотасын Сенатқа ауыс­тыруға қатысты бастамасын қол­дайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ осы квота бойынша сайланатын депутаттар үшін үшжылдық ротация механизмін енгізуді ұсынды. В.Вишниченконың айтуынша, бұл Сенатта түрлі этностардың атынан өкілдік етуге мүмкіндік береді.

Саясаткер, әйелдер клубының жетекшісі Римма Бектұрғанова Мәжіліс­тің партиялық тізімінде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кемінде 30 пайыз квота қарастыруды көздейтін сайлау туралы заңнамаға енгізіліп отырған түзетулер қазіргі уақыт талабына сай екенін айтты.

Одан бөлек қатысушылар ұлттық бақылаушылардың қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу, сайлау комиссияларын қалыптастыру және олардың жұмыстары туралы, жастардың сайлау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ электронды дауыс беруді қолдану туралы мәселелер көтеріп, осы және өзге де мәселелерді қызу талқылады.

ОСК төрағасы өңірдегі жас сайлаушылармен кездесіп, жастардың қоғамның одан әрі саяси трансформациясындағы рөлі мен орны туралы пікірлесті. Жастар дауыс беру процесіне электронды технологияларды қолдану бастамасына ерекше назар аударды. Белсенді жастардың бірі Наурызбек Бірмағамбетов электронды дауыс беруді әуелі қанатқақты режімде бірнеше сайлау учаскелерінде енгізіп көруді ұсынды.

Сондай-ақ жастармен кездесу барысын­да сайлау процесінің кейбір мәселе­лері бойынша онлайн сауалдама жүр­гізілді. Сауалдама нәтижелері респон­денттердің 40 пайызы компьютер, смарт­фон, планшет арқылы қашықтан элект­ронды дауыс беруді енгізуді, ал 33,3 пайызы аралас (стационарлық, қашық­тан) электронды дауыс беруді қолдайтынын көрсеткен. Кездесулер өзге өңірлердегідей әлеуметтік желілерде де трансляцияланды.

Бұл Нұрлан Әбдіров­тің өңірлерге жасаған оныншы сапары. Осыған дейін Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыс­тау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Келесі іссапар Батыс Қазақстан облысына жоспарланып отыр.