Қазір облыстың төтенше жағдайларға қатысты қызметтері алаңдаулы уақ. Өйткені жуас көктемнің өзі кейде аяқ астынан мінез танытып кетеді. Бүгінде Сергеев су қоймасы 75,8 пайызға толған. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуына қарағанда, бұл су қоймасы әлі 168 млн текше метр су қабылдай алады. Су тасқынын еңсеруге облыста 475 адамды қамтыған 8 топ құрылған. Оларда 134 бірлік техника бар. Бұл топтар Мүсірепов, Айыртау және Тимирязев аудандарындағы шағын өзендер мен көлдерге мониторинг жасайды. Облыста шағын өзендердің қаупі Айыртау, Мүсірепов, Тимирязев және Шал ақын аудандарында жоғары. Жазда құрғап қалатын кейбір өзеншіктер көктемде кәріне мініп, адам мен малға зиянын тигізіп бағады. Осы өзендердің жағалауында 6 068 адамды қамтыған 85 елді мекен орналасқан.
Облыстық мобилизациялық дайындық және азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Серік Гайсин тасқынға тосқын жасау үшін 34 тараудан тұратын «Негізгі шаралар жоспары» жасалғанын айтты. Көктемгі тасқын кейбір жылдары автомобиль жолдарын жырып кетіп жататын. Биыл ондай қауіп бола қоймас, бірақ соның өзінде азаматтық қорғаныс бөлімі республикалық және облыстық жолдардың қауіпсіздігін сақтау үшін үш шара белгіледі. Сондай-ақ қорғаныс дамбасын бекіту, су өткізетін құбырларды аршу, көпірлерді бекіту сияқты шаралар да жоспарда қамтылған.
Былтырғы қыста қар мол болып, төтенше жағдай қызметтерін қатты әбігерге салған. Су басып қалу қаупі болған 27 елді мекен құтқарылған еді. Биыл да, сондай қорғаныс жұмыстары атқарылуда. Соның ішінде су жолдарды шайып кетпес үшін өткізгіш құбырлар салынды, бұрын салынғаны тазаланды. Республикалық маңызы бар жолдардың бойында 19 көпір, 607 су өткізгіш құбыр бар. Ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда 32 көпір және 1 391 су өткізгіш құбыр орналасқан. Солардың бәрінің тасқынға сақадай сай болуы қадағалануда. Әкімдік ТЖ департаментімен бірлесе отырып, тасқынның барысын болжауға «Ғарыш сапары» геопорталын қолдануда. Ғарыштан түсірілген фотолар қардың қай жерде қалың екенін, тасқын қаупі қай жерде жоғары екенін көрсетеді. Судың гидрогеологиялық ахуалын облыс бойынша 19 бекет бақылап отырады. Оның ішінде бір-бірден Сергеев және Петропавл су қоймасында, «Үлкен Тораңғұл» көлінде, қалғаны Есіл өзені мен оның сағаларында орналасқан. Кешегі күнге дейін қарғын судың әсерінен Есіл өзенінің көтерілуі 3-28 см аралығында болды. Ал шағын өзендердегі су деңгейі кейбір жерлерде 55 см дейін көтерілген.
Гидрометерологиялық орталықтың хабарлауына қарағанда, сәуірдің 6-8 аралығында облыс аумағына суық ауа ағынының келуімен температура түнде 6 градусқа дейін суытады. Одан кейін күннің қызуы артып, шағын өзендердегі су деңгейі күрт көтеріледі. Жалпы, сәуірдің екінші онкүндігінде ауаның температурасы 20 градусқа дейін жылынады. Үшінші онкүндікте де осы қалып сақталады. Сөйтіп, кенеттен бір қапылыс болмаса биылғы көктем аққайыңдар аралында қалыптағыдай болмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы