Шын жүректен жақсылық жасауға ұмтылу – адамның бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Мейірімділік те кез келген жанға жылылық пен шуақ сыйлайтыны анық.
2021 жылы өңірімізде «Біргеміз» тұжырымдамасы негізінде «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт» секілді ұзын саны жеті бағытта жалпыұлттық еріктілердің жобалары жүзеге асырылды. Бұл жобаларға Петропавл қаласының жасөспірімдері де белсенді қатысып, өз салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысында «Асар» атты еріктілердің жиыны өтіп, облысымыздың ең үздік еріктілері марапаттарға ие болған еді. Осы жиында маған «Сабақтастық» атты бағытта «2021 жылдың үздік волонтері» атағын алу бұйырды. «Сабақтастықтың» басты мақсаты – балаларға қатысты волонтерлердің тәлімгерлік тәжірибесін енгізу. Сондықтан мен өзім оқитын орта мектепте тәлімгерлік бағытты ұстанып, «25 мектеп шәкірті» атты дебат клубын ашқан болатынмын.
Рас, «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Терең біліммен қаруланған жас ел ертеңі үшін елеулі істер атқарары да ақиқат. Осыған орай біз жоба аясында оқушыларды пікірсайыс әлемімен таныстырып, бұл салаға деген қызығушылықтарын ояттық. Мектептің қолдауымен «Елбасы медалі» жобасындағы талант пен дағды бағытындағы көшбасшылық пен шешендік өнерді дамытуым осы мақсатымды жүзеге асыруға септігін тигізгені де сөзсіз. Қазіргі таңда пікірсайысқа мектептің бәсекеге қабілетті шәкірттері қатысып, жүлделі орындар алып жүр.
Бұл – менің волонтерлікпен шын ықыласпен айналысып, бір жыл ішінде қол жеткізген алғашқы жетістігім. Алайда алдағы уақытта да жан-жағымдағы адамдар мен жастарға қолұшын созуды, қажет болса қайырымдылықпен айналысуды ойлап жүрмін. Себебі, волонтер болу – қайырымды болу дегенді білдіреді емес пе?!
Ажар СЫЗДЫҚОВА,
11-сынып оқушысы
Петропавл