Білім • 10 Сәуір, 2022

Цифрлы білім беру деңгейін арттыру қажет

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шынайы ақпаратты медиа кеңістікте пайдалану мен білім беру үрдісінде қолданудың заманауи мүмкіндіктері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен V халықаралық журналистика форумы аясында талқыланды.

Цифрлы білім беру деңгейін арттыру қажет

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Тексерілген шынайы ақпаратты пайдалану негізінде виртуалды білім беру деңгейін арттыру» тақырыбында өткен жиында сарапшылар дүниежүзілік ақпарат әлеміндегі жаңалықтарды ортаға салып, зерттеулерімен бөлісті. Биыл бесінші рет өткен ғылыми жиынға Ни­дер­ланды, Словакия, Түркия, Ресей, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан ға­лым­дары виртуалды оқыту мен цифрлы білім берудің шекаралары мен форматтарына ден қойды.

Іс-шараның ашылуында БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек БҰҰ «Ғаламшар игі­лі­­гі үшін ­жұмы­лыңыз, теңсіздікпен және жалған ақ­паратпен күресіңіз» ком­­­муникация бо­йынша баяндамасында ғылыми қауым өкілдерінің назарын жур­­налистика саласында ақпараттық ортадағы сенім мен сенімсіздік, фактчекинг және тексеру әдістеріне аударды. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова елдегі мемлекеттік қызмет саласында әлеуметтік желілердің басымдықтарын атап өтті. Әлемдегі, ел­дегі ақпараттық ахуалдың көңілге алаң тудырған кезеңінде әр азаматқа дұ­рыс ақпаратты жеткізетін БАҚ арналары мен өкілдері екенін ерекше атап өткен Сенат төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөнін­де­гі кеңесшісі Бибігүл Жексенбай медиа кеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.

Еуропалық журналистер даярлайтын ассоциацияның кеңесшісі (EJTA), Журналистика саласындағы білім беру бойынша дүниежүзілік кеңес төрағасының орынбасары, Виндесхайм қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Нико Дрок сарапшылар назарын дезинформация кезеңінде журналистік білім беруді бағдарлау мәселесіне аударып, «Оқытушы ретіндегі парызымыз – студенттерді оқыту ғана емес, фактілерді тексерудің техникалық құралдары, сонымен қатар тарихи, саяси, мәдени және әлеуметтік-фактілерді мағыналы және теңгерімді контекстке қою үшін экономикалық білім беру», деп атап өтті. 2020 жылдан бері ҚазҰУ-дің журналис­тика факультеті EJTA мүшесі ретінде ке­­ңестер, конвенцияларға қатысуға мүм­кін­дік алған.

Жиында Словакия Ғылым акаде­мия­сы­ның болжау институты профессоры В.Бачишин, ТРТ «Түркия үні» радиосы қазақ редакциясының редактор-жүргізушісі Уфук Тузман, М.Ұлықбек атындағы Өзбекстан ҰУ профессоры Я.Маматова, Санкт-Петербург МУ профессорлары Д.Гавра, И.Быков, РУДН университеті журналистика тео­риясы мен тарихы кафедрасының до­центі В.Матвиенко, Медиа дамыту кор­по­ра­тив­тік қоры Медиа жобалар бөлімінің же­тек­шісі Б.Құламан, Elorda-Aqparat медиахолдингі ди­рек­торының орынбасары Қ.Әуесбай, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ҰУ журналистика факультетінің деканы Ш.Костюк, т.б. ғалымдар баяндама жасады. Санкт-Петербург МУ профессоры Дмитрий Гавраның медиакоммуникация саласындағы трендтерді талдаған баяндамасы ғылыми жаңалығы, тезистік тұжырымдары қатысушылар назарын аудар­ды. Осыған орай 2020-2022 жылдары коммуникация саласының үрдістері мен драйверлері, коммуникация мамандарына кәсіби білім беру жүйесіндегі қатерлер баяндамасы қазақ, ағылшын тілдеріне ауда­ры­латын болады.

Ғылыми шараның бас серіктесі Co­me­nius Analytica орталығы қолдауымен жур­­­налистика форумының материалдар жи­на­ғы Словакияның IRIS Publishing and printing баспа үйінде жарияланады.

Қатысушылар түркиялық ғалым­дар­дың ұлттық коммуникация арналарының интеграциясы, еуропалық ғалымдардың шындыққа негізделген ақпаратты оқу процесіне енгізу туралы тұжырымдары алдағы уақытта академиялық ынты­мақ­тас­тыққа жол ашады деген сенімде.

 

АЛМАТЫ