Тарих • 10 Сәуір, 2022

Байтұрсын тамы

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ахаңның ата қонысына міна­жат етіп барған жолау­шы Ұлы Жыланшық өзеніне жете берер тұста күре жолдың сол жағында тұрған көне қо­рым­ға тоқтамай өтпейді. Сырты темір шарбақпен қоршалған шағын қорымда қираған үйдің қабырғасындай болып қалқайған 4-5 зират тұр. Бүгінде елсіз жат­қан Сар­тү­бектің сары топыра­ғы­нан көтерген көне тамның бәрін ақ жаңбыр шайып, уақыт мүжіп жіберген. Бұл жер Бай­тұрсынның тамы деп ата­лады.

Байтұрсын тамы

Байтұрсын да, Қали да бір там­ның ішінде жатыр. Қорымдағы басқа тамдардың біразы кейін қойылған. Ахаңның аталас ұрпағы, өлке тарихының білгірі Ибрахим Ағытайұлы ақсақалдың айтуынша, қорым тұрған жердің маңайы төрт шақырымдай жердегі Мешіт деген жерге дейін Байтұрсынның қыстауы болған. Байтұрсын 1909 жылы дүние салыпты. Ахаң ағасы Қали қайтқан 1926 жылы елге келіп, бір айдай Сартүбекте болып, саз балшықтан там айдатып, өз қолы­мен әкесі мен ағасының басын тұрғызып кетіпті.

– Ол әңгімені мен Әуелбек Сатыбал­дыұлы деген ақсақалдан есті­дім. 1996 жылы «Ақ жол» экс­пе­дициясы кезінде сол кісі­мен кездестік. Әуелбек ол кезде Қа­ли­дың қойын бағатын 12 жас­та­ғы басы таз бала екен. Бәдрисапа шешеміз қолдан қайнатқан қара сабынмен әбден жуындырып, басын жазып, сосын Ахмет ол балаға рұқсат беріп, алдына мал салып, еркіне қоя береді. Ахаң жарықтық елден аттанып бара жатып халықты жинап алып, сол жерде: «Ертең әкеге бала, балаға әке қарсы шығып, бірін-бірі көрсететін заман туады. Мынау қолдағы малды таратыңдар», депті. Содан тарап бара жатқан жұртты қайтадан шақырып алып: «Ел ішінде сөз болмай тұрмайды, ашу-өкпелерің жоқ па?», деп сұрапты деген бізге жеткен шалдардың нақты әңгімесі бар, – деді Ибрахим Ағытайұлы.

Бұл Ахаңның Сартүбекке ең соңғы рет келуі екен. Шамасы, Орынбордан Ташкентке қызмет бабымен ауысып бара жатқанда алған жазғы демалысы болса керек.

Сексеннің сеңгіріне енді ғана аяқ басқан Ибрахим ақсақал әлі сергек. Ахаңның тойы бас­тал­ға­лы ойға да, қырға да шауып тыным таппай жүр. Өткенде Бай­тұрсынның тамын бүтіндеу қамы­мен Ақтауға барып, әлдебір кісілермен ақылдасып-кеңесіп келген. 11 сәуірде тағы сол жаққа жол жүремін деп құлшынып отыр.

– Енді биыл Байтұрсын тамын бүтіндеп, жаңарту жағын ойлас­тырып жатырмыз. Мен әдемілеп тұрып сары топырақты атпен айдап, бастырып тұрып саманнан қайтадан көтерейік деймін. Ал кейбір азаматтар, енді қазіргілер жаңаша ойлайды ғой, сыртынан өрейік дейді. Әйтеуір биыл Байтұрсын атамыздың тамына реконструкция жасалып, басындағы құлпытастар жаңартылады. Қо­рым­ның басынан Ақтаудың ақ мәрмарынан биіктігі 7 метр етіп кесене көтергіміз келеді. Ақтаулық шеберлер өзіміз келіп 10 млн теңгеге тұрғызып береміз деді. Ақтөбеге дейін өздері жеткізіп береді. Одан бері қарай өзіміз әкеліп алармыз. Мұның сыртында, қоғамдық ұйымдағылар стелла қоямыз деп жатыр. Өзімнің бір сегіз қанат үлкен кигіз үй қоямын ба деген жоспарым бар. Ол да сол жерде экспонаттың бірі болып қалады. Қазір туыстарға тапсырма беріп жатырмын. Киіз үйді Алматыдан алдырамыз. Оны жеткізу де оңай әрі олардың бір жақсы жері матадан ою салып, ішіне ұстап, сыртқы жабындығын кәдімгідей оюлап береді екен. Суретін жіберді, мекенжайын алып, келісіп отырмын. Ол үй сырт­тан келетін қонақтар отырып, тыны­ғатын үй есебінде сол жерде тұрады, – деді ақсақал.

 

Қостанай облысы