Қазақстан • 10 Сәуір, 2022

Бабалар аманатына адалдық

1263 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

ХХІ ғасыр – жаңалығы желдей ескен, адамзаттың санасы ғарыш кеңістігімен таласқан кезең. Әлем сағат санап өзгеруде. Біз, өзгеше мүмкіндіктері мен тәуе­кел­дері бар жаңа жаһандық ғаламда өмір сүрудеміз. Адамзат өз дамуы­ның жаңа дәуіріне – цифрлы кезеңге аяқ басты. Үстіміздегі заманауи постиндустриалдық кезеңнің ерекшелігі – дамыған нарықтық экономика, ашық демократиялық қоғам, цифрлы сервистердің, жасанды интеллект технологияларының, «цифр­лы сыңарлардың» және смарт-жүйелердің кең қолданысқа енуі.

Бабалар аманатына адалдық

Осындай аумалы-төкпелі кезеңде қазақ қоғамы үлкен прогрестерге ден қойып отыр.

Еуразия кеңістігін еркін жай­лаған ата-бабаларымыз тарихтың талай кезеңдерінен өтті. Сыналды, сұрыпталды, өзгерді, өсті, өнді.

Осындай тарихи ауыр жүкті біздің халқымыз, оның көреген көсемдері көтере білген. Олай болмағанда қазір біз әлемдік қауымдастықтың субьектісі бола алмас едік. Түрік қағанатынан соң елдік эстафетасын алған Қарлұқ, Қарахан сынды империялар болды. Қарахан – Түрік қағанатының орнында пайда болған мұрагер мемлекет. Қарахан елі, әсіресе Абдул Карим Сатұқ Боғыра хан (915-955) тұсында үлкен реформалар­ға ден қойды.  Нәтижесінде, түрік дүниесі әлемдік деңгейдегі өркениеттік дәрежеге жетті. Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» шығармасы Түрік елінің саяси бағдарламасы іспеттес: «Бек қандай болу керек?! Ол мыналарды басқарсын, жұмысын жасасын, атағы мен даңқы тарасын. Елі дамысын һәм халық байысын, дүниеден өткенде артында жақсы аты қалсын. Қазынаға күміс (ақша) пен жібек толтырсын, дұшпаны басын исін, бүлікті жойсын. Әскер жиналсын, күшті қол болсын; заң орнатып, оны біліммен түзу жүргізсін. Даңқты болып, аты әлемге жайылсын, күннен күнге өсіп, құт-берекесі артсын».

Яғни қай заманда болса да, біздің сая­си ұстанымымыз Жүсіп Баласағұнның ғибратымен толығуы керек.

Осылайша, Еуразияның шетсіз де, шексіз ұлы даласын  ертеден мекен еткен түрік тектес көшпелі тайпалардан бірыңғай этникалық топқа жіктелген қазақтар ХV ғасырдың ортасында өз хандығын құрады.

«Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз... Отаншылдық рухы жоғары ел  көздеген мақсатына  қалайда жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру», – деп мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев барша қазақ­стандықтарға «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты тарихи құжатында атап көрсетті. Біздің ой-пікірімізді тарихи контексте айтып жатқанымыз да содан болса керек.

Жалпы, қазір үлкен бір тарихи құбылыс жүріп жатыр. Әлемде жаңа қайта бөліс, жаңа қайта жаңғыру, жаңа құндылықтар орнату үшін жанталас, саяси күрестер жүріп жатыр. Осы арпалысқан дүниеде, жаңа әлемдік бөлісте біздің өзіміздің орнымызды нықтап бекітіп алуымыз керек. Ол үшін өткеннен қалған, ескі қоғамнан бізге ілесіп келе жатқан жаман қылықтардан бойымызды тазартуымыз керек. Олар: жемқорлық, жағымпаздық, рушылдық, іс жүзінде емес, қағаз жүзінде жұмыс істеу т.б. Осы әдеттерден арылмасақ  ешқандай керемет бағдарламалар да, саяси памфлеттер де біздің қоғамды түбегейлі өзгертуге қауқарсыз екені анық. Яғни санамызға түбегейлі жаңғыру керек болып тұр.   Бұл туралы Президентіміздің: «Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақ­ты өзгерістерге деген сенімді орнық­тырамыз. Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз. Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз.

Біз осылайша ғана халқымыздың жасам­паздық әлеуетін арттыра аламыз. Осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолы­мызбен жасаймыз. Біз кез келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақ­станымыздың қуатын бірге арттырамыз деп сенемін», – деген сөзі бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Сайып келгенде, бүкіл қоғам­дағы позитивтік өзгерістердің түп­қазығы рухани жаңғыруда жатыр.

Президент Жолдауының ең басты қағидаты да – адам капиталының өсіп, жетіліп, кемелденуіне қолайлы жағдай туғызу.

Президенттің жаңа облыстардың құрылуы туралы айтқаны – ұлттық рухымызды асқақтатып, елдіктің еңсесін көтеретін, тарихи санамызды түлететін жағымды жаңалық болды. Атап айтқанда, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру­ды тапсырды. Себебі Ұлытау – қазақ­тың бүкіл ру-тайпаларының таңбасы басылып, өрнек тапқан жер. Жетісу – қазақ жерінің алтын бесігі. Абай – ұлттық коды­мызға айналған бірегей тұлға.

Алты алаштың мыңжылдық тарихын түгендеп, Жаңа Қазақстанның Тәуелсіз ел болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан алыптарымыздың атын жаң­ғыртуымыз орынды іс болып отыр. Бұ­ның бәрі – біздің қоғам үшін салынған зор ру­хани инвестиция.

Биылғы жыл – ірі бетбұрыстарға жол ашатын кезең. Күнтізбеміздің тарихи даталармен толысуы да бекер емес. Неге десеңіз, биыл қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150, қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Мұхтар Әуезов өзінің рухани ұстазы Байтұрсынов туралы «Ахаңның елу жылдық тойы» атты мақаласында: «Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қазақтың өзін алғанда, әлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы. Саясат толқынына түсіп, ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басып беті ашылған қазақ жұрты, бұрынғы ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құр­метпен атағысы келеді» – деген болатын. Осындай даналықпен ұрпаққа үлгі болған ерен істердің болмысына айнал­ған қос заңғардың мерейтойының қатар келуі – тарих пен руханият дәуірінің іргелі бетбұрысы іспеттес.

Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезов – Ұлы Абайдың жарқын бейнесін өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы өшпестей етіп уақыт жадына жазып кет­ті. Сонымен бірге Мұхтар Омарханұлы Абайтану ғылымының іргетасын тозбас­тай етіп қалады.  Соның арқасында қазіргі таңда «абайтану», «мұхтартану» атты ғылым салалары бүгінгі қазақ әде­биеті мен әдебиеттанудың шамшырағы іспеттес зор рухани-мәдени локомотивке айналған.

Абайтану, мұхтартану салаларын кеңейтіп, рухани қазыналарын молайту мақсатында 2018 жылдың қарашасында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уни­­верситетінің 75 жылдығы аясында уни­верситет тарихында алғаш рет «Мұх­тар­тану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

Содан бері біраз ғылыми жаңалық­тардың куәсі болып отырмыз. Профессор М.Мырзахметұлының 2020 жылдың мау­сым айында «Абайдың «Толық адам» ілімі» монографиясы жарық көрді. «Толық адам» ілімінің шығу тарихы, даму төркіні өте тереңде екені даусыз. Аталған еңбекте: «Тұран жеріндегі б.з.д. VII ғасыр басында «Алып ер Тоңа» (Афрасиаб) туралы жырланған дас­танның үзіктері (600 өлең жолы яғни 150 шумақ өлең) М.Қашқаридің ХІ ғасыр­да күллі әлемге танылып «Түрік сөздігі» еңбегі арқылы бізге жетті.Түрік халықтары «Алып ер Тоңа» десе, парсылар «Афрасиаб» дейді. Бұл атау­­лар ма­ғы­насын алғаш рет саралап, ашып бер­г­ен Жүсіп Хасхаджиб Баласағұни болатын. Афрасиабты бас кейіпкер ретінде танытқан Фердаусидің «Шахнама» дастанын шұқшия зерделесе, ізгілік, жомарттық жайлы ой-пікірлер желісі танытатын ойлар желісінен көптеген тума ойлар ұшырасады. Алып Ер Тоңаны парсы патшасы Кейқауыс алдап тойға шақырып, қонақ еткенде, шарапқа у қосып өлтіргені б.з.д. 626 жыл болатын. Алып Ер Тоңа туралы ол уланып қайтыс болған соң, кейінгі жылдарда халық аузында жырланған дас­тан өзінің түркі сөзі арқылы асыл мұра ретіндегі өлең үзіктері бізге жетіп отыр.Алып Ер Тоңа жау қолынан уланып өлерін білген соң, жұртына арнап қалдырған өсиет сөзі бар:

Қойғын маған мәрттікті,

Болсын менің лақабым, –

деп айтқан ақырғы өсиет сөзі бізге жетіп отыр. Осы сөзінде ол өзін «ақи» деп атай­ды, ол сөз оның лақап аты (псе­в­дони­мі) ретінде келер ұрпаққа қалаты­нын ескертетіні бар. Бұл сөздің терең «жауан­мәртлік» ілімінің тұңғыш рухани көрінісі екені байқалады», – дейді.

Бұған қоса тағы бір үлкен ғылыми жаңалық – университет ғалымдары тұңғыш рет хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты. Әрине, бұл ғылыми жаңалықтарымызды мен еліміздің бас басылымдары «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттері арқылы бөліскен едім.

Транскрипция Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына сүйеніп жасалды. Енді осы жаңалық толыққанды барша оқырманға жетуі үшін біз Абай жылы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы­ның құрметіне орай «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб тасдиқ» атты қос ғылыми монографияны жарыққа шығардық. Хакімнің терең ойлары, философиялық құндылықтары туралы А.Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақын­дардың сөзіндей емес. Олардың сөзінің басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері, жалпы, адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», – деген еді.

Абай ұрпақтарына қатысты тағы бір соны жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Ол 1934 жылы Шымкентте қайтыс болып және осында жерленген хакім Абайдың Әйгерімнен туған перзенті Тұрағұл Ибраһимұлы мен өзге де ұрпақтарына қатысты ерекше жәдігердің табылғандағы.

«Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы қызметкерлері ғылыми ізденісі­нің нәтижесінде, Абай Құнанбайұлы ұрпақ­тарының есімі, қайтыс болған мерзімі мен жерленген орындары көрсетілген ерекше мемориалды тақтаның табылғанды­ғын зор қуанышпен айтқым келеді. Бұл мәрмәртаста Абайдың:

Жас қартаймақ, жоқ тумақ,

туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта

келмек.

Басқан із, көрген қызық

артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек,

деген өлеңімен қоса: «Абай Құнанбаев­тың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы:» орысша мәтінде: «Родственники Абая Кунанбаева похороненные в городе Шымкенте:» деп, оған қоса 4 адамның есімі қай жылы, қай жерде жерленгендері қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылған. Олар:

Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы.

Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай.

Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты.

Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай.

Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. р-н ХФЗ.

Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай.

Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска.

Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай.

Міне, мәрмәртастағы мәтін осылай өрілген. Мемориалды тақта 30 жылға жуық «Химфарм» зауытының арнайы бөлімінде өте ұқыпты сақталып келген. Жәдігер бүгінде университетіміз­дің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу ор­талығындағы құнды экспонаттың біріне айналған. Бұл мемориалды тақ­таның тарихы тым тереңде жатыр. Алаш зиялысы Тұрағұл Ибраһимұлы 1934 жылы Шымкентте тұратын қызы Мәкен­нің қолында дүние салған. Кей деректерге сүйенсек, Тұрағұлдың сүйегі сол кезде мұсылмандар зиратына жерленіп, кейіннен ол жерге «Химфарм» зауыты салынып, ақыры мәйіті сол мекеменің астында қалып қойған деген пікірлер айтылып келді. Ал шындық мүлде басқа болып шықты. Фармацевтикалық кәсіпорын 1882 жылдары салынған. Яғни мәйіттің дәрі-дәрмек сақтайтын мекеменің астында қалып қоюы шындыққа жанаспай­ды. Бұл мәрмәртасты Абайдың неме­ре­сі Мәкен Турағұлқызының айтуымен «Химфарм» зауыты жасатқан.

М.Әуезов кезінде «Рахымды күннің шуағына қызып бір аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адам­шылық жолына салып, ақтыққа жұ­мы­лайық», – деп  жар салып еді. Біздің М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­­­стан университетінің ғалымдары ал­дағы уа­қытта да өткен  тарих мұрасын қасте­р­лей оты­рып, оны келешек ұрпаққа жеткізу жолын­да өз ізденістерін жалғастыра бермек. 

Қорыта айтқанда, бабалар аманатына адалдық танытатын уақыт келді!

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА академигі