Білім • 11 Сәуір, 2022

Шетелдік 9 университет оқуға шақырды

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Гүлназ Аманжолова әлемнің тоғыз университетінен оқуға шақырту алды. «Экономика және іскерлік әкімшілік» мамандығы бойынша шетелдің 15 университетіне құжат тапсырған Гүлназға Drexel University, Simmons University, Pitzer College, Bocconi University, University of Pisa, Jacobs University, University of British Columbia, Ca Foscari University, Rollins College сияқты оқу орындары есіктерін ашты. Енді Еуропа, Азия және Канаданың тағы бірнеше жоғары оқу орындарының шешімін күтіп отыр.

Шетелдік 9 университет оқуға шақырды

Ақтөбелік NIS түлегі әлем­нің үздік универси­тет­те­рінен шақырту алу үшін арнайы тест тапсырмаларын тапсырды. SAT Reasoning емтиханында 1 430 ұпай жинаса, ағылшын тілінен IELTS тестінен орташа ұпайы 7.5-ке тең болды. Көп таңдаудың ішінде бір таңдау ретінде Гүлназ әзірге АҚШ-тың Калифорния штатының Кла­ремонт қаласында орна­лас­қан Pitzer College-ді таң­да­ды. Питцер колледжі – Калифорния штатының Кла­ремонт қаласында орна­лас­­қан бес оқу орнының бірі, осы оқу орындарының өза­ра байланысқан жүйесі бар. Мәселен, Кларемонт қаласындағы бес университеттің біріне қабылданған студент қаладағы төрт университеттегі қалаған дәрістерге қатыса алады. Питцер колледжі Гүлназға тегін оқумен қатар бірнеше әлеуметтік пакет ұсынды. Осы оқу орны студент тұратын үйдің ақысына, тамақтануы мен медициналық сақтандыру шығындарына жылына 85 мың доллар көлемінде грант ұсынған.

Жүйелі білім мен тыңғылықты дайындығының арқасында Гүлназ Аманжоловаға осындай кең мүмкіндік ашылды. Ол өз құрдастарына мамандық таңдау кезінде асықпауға, қолда бар барлық мүмкіндікті жан-жақты таразылап қана әрекет етуге кеңес береді. Оның арманы – әлемдік үздік оқу орындарында білімін шыңдап келіп, өз Отанының білімді мамандарының қатарын толықтыру.

 

Ақтөбе облысы