Аймақтар • 11 Сәуір, 2022

Дайындық жұмыстары қыза түсті

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызыл судың қиындығын көп тартқан өңір биыл қапысыз қамдануға тырысуда. Дайындық жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді деп айтуға да болады. Көктем келгелі тіптен қыза түсті.

Дайындық жұмыстары қыза түсті

Биыл көктем кеш келді. Жылу да жылдағы қалыпты деңгейден жоғары. Қасат қардың көбесі бірден сөгіліп, жылдам еруде. Бұл жағдайды қиындата түсуі әбден ықтимал. Еріген қар суы бұрнағы жылдары өзен аңғарынан асып кетіп, зардап шеккен Целиноград ауданының елді мекендерінен 200 мың текше метрге жуық су сорылды.

– Департаменттің қосымша қызметтері ауданға сәуірдің басында келген болатын, – дейді департамент бастығының орынбасары Қанат Доспаев, – қазір судың мөлшері арта түсуде. Қосымша шаралар қабылдадық. Егістік алқаптарынан еріген су ауыл арқылы өте бас­тады. Қоянды ауылын­да жеке құрамның 51 адамы, 10 техника мен 8 мотопомпа жұмыс істеуде. Министрліктің шешімі бойынша, азаматтық қорғаныс полкының күштері де тартылуда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, елді мекен тұрғындарының өтінімдері де тұрақты назарға алынған.

Ауданның Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Арайлы, Қаражар, Қызылжар, Ақмол, Қабанбай батыр, Қызылсуат және Жарлыкөл елді мекендерінде еріген қар суын сору жұмысы жіті жүргізілуде. Әзірге ешбір нысандарды су басқан жоқ.

Сандықтау ауданы да сақтық шараларын күшейте түскен. Бұл өңірде 10 елді мекен қауіпті аймақ санатында. Олардың жетеуі жыл сайын таситын Жабай өзенінің жағалауында орналасқан. Жыланды өзенінің бойында Бастрымовка және Новоселовка елді мекендері ірге тепкен. Қос өзеннің бойындағы елді мекендердегі халықпен тікелей жұмыс жүргізіліп, ойпаң жерлердің кестесі жасалды. «БВР Техносервис» серіктестігі 4500 шаршы метр мұзды жарып, еріген өзен суы еркін ағып өтіп кететіндей жағдай жасады.

Қызыл судың қатерін сейілту мақсатында ауданның елді мекендерінен 73 700 текше метр қар шығарылды, 17,5 шақырым канал бойы жөнделді, 9,1 шақырым шамасындағы арықтар тазаланды, жанар-жағар май қоры жинақталды. Ауданішілік жолдардың 31 тұсында су өтуге қажетті құбырдың бойы тазаланды. Тәулік бойы жұмыс іс­тейтін кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы штаб құрылды. Ауыл шаруашылығы ал­қаптарынан ағып келетін суды қауіпсіз бағытқа аудару үшін 20 мотопомпа дайындалды. Оқыс оқиғалар орын ала қалатын болса, қауіптің бетін қайтару үшін 18 бірлік техникасы, құрамында 57 адамы бар топ құрылды. Алты ауылдық округте мобильдік топ жасақталды.

Төтенше жағдайды ескерту және өзге де қажеттіліктерге қаржы бөлінді. Өзеннің мұзын жарып, аңғарын кеңейтуге 1 млн 500 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылды. 490 тонна инертті материал дайындалды. Ішіне құм салған қаптар да қажет бола қалса, кәдеге асырылмақ.

– Қызыл судың жолын бөгеп, қауіптің алдын алуға мұқият дайындалдық, – дей­ді Сандықтау ауданының әкімі Ербол Жү­сіпбеков, – қазір қар күрт еріп жатыр, су мөлшері де күннен-күнге молая түсуде.

Дәл осындай сынақтан қапысыз қам­данғанда ғана сүрінбей өтетініміз анық. Сын сағатта сергек қимылдап, серпінді әрекет етпей бола ма?!

 

Ақмола облысы