Ат төбеліндей ғана шағын қаланың тұрғындары өткен қыстан жылуға жарымай, жаурап шықты. Қайтқан құстың қанатына ілесіп қар ұшқындап, қыс түскелі пәтерлері суып кеткен тұрғындар қанша рет дабыл қаққанымен, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жеріне жеткізе айтып, жан айқайын жазып жатқанымен, шынтуайтында жеткілікті көңіл аударылмады. Биыл қаңтар, ақпан айларында ғана қала ішіндегі сау тамтығы қалмаған жылу желілері 397 рет жарылып, елдің есін шығарды.
Бұл биылғы қыста ғана көрген қиыншылық емес, өткен жылы да қала тұрғындарының өкпесі қара қазандай болған.
2021 жылы жылу жүйесі 278 мәрте жарылып, әуреге салды. Бірде жылымшы ғана жылуы бар жылу құбыры енді бірде қанжылым болып қатердің бояуын қалыңдата түскен. Қала тұрғындарының айтуына қарағанда, қақаған қыс ішінде қираған қазандықты алмастырып, басқа қазандықты қосқанша, арада аттай он сағат уақыт өтеді екен. Арқаның ақтүтек бораны мен түкірігің жерге түскенше мұз болып қататын ақырған аязда соншама уақыт жылусыз отыру жұқалап айтқанда, ет-сүйектен өтетін азап. Жылу электр стансасының қазандықтары ескіргендіктен қайта-қайта істен шығып, тұрақты жылу беру мүмкін болмай келді.
Осы арада бір қадап айта кететін дүние, жылу беру мекемесі мен тұрғындардың арасында жанды байланыстың болмауы. Жағдайдың қалай қалыптасып отырғанын нақтылап айтып, елге түсіндірмегендіктен кейін орынды өкпе-наздың жиі айтылатыны да рас. Жарытымды жылу пәтерлеріне келіп тұрмаған соң тұрғындар да жылу ақысын уақтылы төлей қоймайды. Қарыз да қордаланып қалған. Дәл қазір қала тұрғындары жылу төлеміне 1 млрд 700 млн теңге көлемінде қарызға батып отыр. Бұл жағдайдың кесірі де бар. Тозығы жеткен жылу жүйесі мен қазандықты жөндеуге қыруар қаржы қажет екендігі белгілі. Мамандардың есептеуіне қарағанда, қаладағы жылу жүйесінің 80 пайызының тозығы жеткен.
– Жылу электр стансасының жұмысын жолға қоюға тырысамыз. Бірақ ол үшін өте көп қаражат керек, – дейді «Степногорская ТЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің акционері Владимир Сидельковский, – тұтынушылар да берілген жылудың төлемақысын уақытында төлеуі керек.
Қалыптасып отырған жағдай халыққа ашық айтылып, түсіндірілуі керек еді. Ортақ шаруаның уақтылы атқарылуы үшін төлемақы жинау жұмыстарын ширату керек. Сонда ғана кәсіпорын кем-кетігін бүтіндеуге мүмкіндік алады. Екінші бір жағынан он жыл бойы жылу жүйесінің жөнделмеуі, кейбір тетіктерінің уақтылы ауыстырылмауы тығырыққа әкеліп тіреген. Егер дәл қазір қауырт қимыл жасамаса, онсыз да тозып бітуге таяу тұрған жылу желісі мүлде іске алғысыз болғалы тұр.
Қаржы іздеп, ырғалып-жырғалып жүргенде жаз көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Ал келер қыста қапысыз дайындалу үшін қазірден бастап қам жасау керек. Ортақ іске жергілікті бизнес өкілдері қол ұшын беріп, бірлесе қимылдаса тіпті жөн. Қалай болған күнде де қарапайым қала халқы жылусыз қалмауы керек қой.
Ақмола облысы,
Степногор қаласы