Қоғам • 12 Сәуір, 2022

Көктемгі егістік жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінеді

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржыландыруды жалғастыруда. Бұған дейін жоспарланған 70 миллиард теңгеге қосымша тағы 70 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көктемгі егістік жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінеді

Мемлекет басшысы 2022 жылғы наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, қазіргі төтенше тұрақсыз халықаралық жағдайда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Егіс науқанының сапасы бірінші орында тұр, ондағы негізгі мәселе - егіншілерді несиелік қаражатпен қамтамасыз ету.

Жыл сайын Корпорация қысқа мерзімді бюджеттік несие тарту арқылы шаруаларды көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 70 млрд теңге көлемінде қаржыландырады.

Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 90,7 млрд теңгеге 3 111 өтінім түсті, оның ішінде 64,1 млрд теңгеге 2 мыңнан астам қарыз алушы қаржыландырылды. 15 сәуірге дейін қаржыландырудың қалған сомасына 500-ден астам шаруа қожалығын несиелендіру жоспарлануда.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен түскен өтінімдер көлемін, ағымдағы макроэкономикалық жағдайды, шаруалардың егіс науқанына жұмсайтын шығындарының өсуін ескере отырып, Аграрлық несие корпорациясы 70 млрд теңге көлемінде қосымша бюджет қаражатын тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Осылайша 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қолға алынды, қаражатты қабылдаудың болжалды мерзімі – осы жылдың мамыры.

Егістіктерді уақтылы жүргізудің кезек күттірмейтін қажеттілігін ескере отырып, Корпорация бюджеттік несие қаражатын алғанға дейін шаруаларды жеке және тартылған қаражат есебінен несиелендіруді бастады, кейін бұл қаражат бюджеттік несие қаражатымен алмастырылады.

Несиелеу барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан 17 филиал арқылы, сондай-ақ кредиттік серіктестіктер, екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарын қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады.