Ғылым • 13 Сәуір, 2022

Мемлекет қаражаты ақталуымен құнды

221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғылым саласын қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артты. Отан­дық вакцина әзірленіп, 50-ден аса ірі бағдарламалық ғылыми жоба іске асы­рылып жатыр. Осы және өзге де оң өзгерістер мен нәтижелер туралы Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте айтылды.

Мемлекет қаражаты ақталуымен құнды

Баспасөз конференциясында сөз алған Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева аталған өзгерістер Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмалары негізінде іске асырылғанын жеткізді.

– «Ғылым туралы» заңға жылдар бойы түйіні тарқатылмай келген мәселелерді шешуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Ғылыми ұйымдардың материалдық ахуа­лы күрт төмендеп кеткен болатын, сол бойынша ауқымды шаралар қабылданып, заманауи зертханалар, басқа қондырғылар сатып алынды. Жалпы, еліміздің ғылыми қызметкерлерінің жағдайы жақсартылды. Бүкіл осы өзгерістер Президенттің тікелей қолдауымен, халыққа арналған Жолдау аясында жүзеге асырылып жатыр, – деді Ж.Құрманғалиева.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда жас ғалымдарымыздың саны 1 мың адамға өскен. Бүгінде елімізде ғылым саласында 22 655 адам қызмет етеді. Яғни 1 млн халқымызға 1 172 ғалымнан келеді. Спикер өз сөзінде ғалымдар санына ғана емес, олардың жұмыс сапасына да тоқталды.

– Ғылымда жетістіктер де жоқ емес. Пандемия кезінде отандық QazVac вакцинасының пайда болуы – елдегі ғылымның басты жетістіктерінің бірі. Өзіміздің вакцинадан бастап қазіргі таңда 50-ден астам үлкен бағдараламалық ғылыми жоба іске асты. Оның нәтижесі халықтың әл-ауқатына оң әсер етеді деп сенуге негіз бар, – деді Ж.Құрманғалиева.

Брифингке қатысқан Микро­биология және вирусология инс­титутының бас директоры, академик Аманкелді Саданов ғылыми зерттеулер нәтижесінде өндіріске енгізілген өнімдер нарықта лайықты орын алу үшін үш фактор керек екенін айтады.

– Біздің алдымызда мынадай мін­дет тұр: іргелі зерттеулер – тео­риялық, екінші – техноло­гия­ларды әзірлеу, содан кейін – тиісті сала­ға енгізу, төртінші – ком­мер­ция­лан­дыру. Яғни өз әзірлеме­лері­мізді, технологияларымызды іске асыру және сату. Біздің Микро­био­логия және вирусология ғылы­ми-өндірістік орталығы тек іргелі зерттеулермен айналыса­тын ғылыми институт қана емес, онда суперзаманауи жабдық­тармен жабдықталған зауыт жұ­мыс істейді. Медицина, ауыл шаруа­шылығы, тамақ өнеркәсібі, эколо­гияға арналған 12 препарат өн­діріледі, бізден оны сатып алатын­дар да бар. Бұрын бізде шетел­дік аналогтер болған, қазір біз олар­ды қазақстандық нарықтан ығыс­тырдық. Нарықта лайықты орын алу үшін үш фактор болуы керек: өнім сапасы, қолжетімді баға, уақ­тылы жеткізу. Шетелдік дәрі-дәр­мекпен салыстырғанда бізде сапа әлдеқайда жоғары. Бұл туралы мен емес, тұтынушы айтып отыр, – деді академик.

Оның ойынша, кез келген іргелі ғылым ерте ме, кеш пе, өз жемісін беруі керек. Яғни мемлекет жұмсаған ақша ақталуы қажет. Технологиялар, препараттар, өнімдер түрінде нәтижелер болуға тиіс, тиісті салаға енгізілуі керек және соның есебінен еліміздің экономикасы көтерілуі керек. Түптеп келгенде, ғылым біздің экономикамыздың драйверіне айналуға тиіс.