Қазақстан • 13 Сәуір, 2022

Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Сбербанк мәлімдеме жасады

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «СберБанк» АҚ ЕБ АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы Office of Foreign Assets Control (OFAC) бас лицензия шығарғанын мәлімдейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Сбербанк мәлімдеме жасады

Оған сәйкес банкпен жасалған мәмілелерді аяқтау мерзімі тағы үш айға, 13 сәуірден бастап 12 шілдеге дейін ұзартылады.

«Бұл көрсетілген кезең ішінде банктің штаттық режимде жұмыс істей беретінін білдіреді. Банк клиенттеріне теңгемен және рубльмен жүргізілетін төлемдер мен аударым операциялары (салықтар, баж салықтары, әлеуметтік аударымдар) қандай да бір шектеулерсіз қолжетімді болады», делінген хабарламада.

Бұған дейін OFAC-тың ресейлік «СберБанк» ЖАҚ-қа және оның еншілес ұйымдарына қатысты оларды SDN-ге (Specially Designated Nationals) қосуды көздейтін оқшаулау санкцияларын енгізетіні туралы мәлімдегенін еске түсіреміз.

Көрсетілген қаржы ұйымымен және оның басқа да еншілес құрылымдарымен операциялар 2022 жылғы 13 сәуірге дейін аяқталуға тиіс.

«Тұтастай алғанда, Қазақстан СберБанкі қаржылық орнықтылықты көрсетіп отыр және салымдарға, кредиттерге қызмет көрсетуді, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау және беруді қоса алғанда, клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы орындауда. Банктің міндеттемелерін өтеу үшін өтімділіктің жеткілікті көлемін жинақтайтын шамамен 1,6 трлн теңге сомадағы жоғары сапалы несие портфелі бар», делінген мәлімдемеде.

Қазіргі таңда Қазақстан СберБанкінде 400 млрд теңге мөлшерінде капиталдың жеткілікті қоры бар.

Осылайша, банктің қаржылық орнықтылығы негізгі ұйымның қосымша қолдауымен бірге клиенттердің төлемдері мен аударымдарына үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады, бұл Қазақстан заңнамасында белгіленген лимиттер шегінде азаматтар қаражатының сақталуын қамтамасыз етеді.

Өз тарапынан, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторындағы ахуалға күнделікті мониторингтеуді жүзеге асырады және, қажет болған жағдайда, сыртқы экономикалық тәуекелдердің қаржы нарығының тұрақтылығына әсерін әлсірету үшін қажетті шаралар қабылдайды.