Аймақтар • 13 Сәуір, 2022

Қауіптің беті қайтты

222 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылғы көктемгі су тасқыны Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында елді әбігерге салды. Үш елді мекенде тұрғын үйлер су астында қалып, тұрғындар уақытша құтқару бекеттеріне көшірілді. Қазір өңірдегі тасқын қаупінің алғашқы кезеңі өтті. Енді трансшекаралық өзендер бақылауда.

Қауіптің беті қайтты

Облыстың Қаратөбе, Шың­ғыр­лау, Бөрлі және Жәнібек аудандарында көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккендерге көмек ұйымдастырылғанын хабарлаған болатынбыз. Тасқын нәтижесінде 140 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанға су кіріп, 168 бас мал шығын болғаны хабарланды. Су басқан үйлерден 751 адам көшірілген, оның 215-і – балалар.

Табиғат апатынан алдымен Қара­төбе ауданы Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылы зардап көрді. Еріген қар суы мен Шилі өзені деңгейінің көтерілуінен ауылда 29 үй, мектеп пен дәрігерлік амбулатория суға кетті. 45 қой-ешкі өлді. Ауылдан 96 адам, соның ішінде 50 бала округ орталығы Қоскөл ауылына, кейбірі Орал қаласына көшірілді.

– Шалғын ауылында 29 үйге су кірді, қазір алдын ала есебіміз бойынша 23 үйді пайдалануға жарамсыз деп отырмыз. Нақты шешімді арнайы техникалық зерттеу комиссия­сы анықтайды. Қазір бағалау жұмысы жүріп жатыр. Мектеп пен амбулатория ғимараты жөнінде де қорытындыны күтіп отырмыз. Зардап шеккен тұрғындарға Amanat, «Ақ жол» партиясынан, халықтан көмек келіп жатыр. Қазіргі таңда 562 мың теңге қаржылай көмек жиналды. Одан бөлек «Ақ жол» партиясының аудандық филиалынан 79 мың теңгеге азық-түлік, Amanat партиясы атынан бір КамАЗ азық-түлік, оның ішінде 120 қап ұн, 202 қап макарон өнімдері, 25 қапшық картоп, 92 қорап шай, 307 бөтелке өсімдік майы бар, ауыл тұрғындарына таратылды. Облыс имамы бастаған мұсылман жамағаты 70 дана төсек-орын алып келді. «Колос» сауда үйінен киім-кешек, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығынан бір көлік азық-түлік, киім-кешек келді. Облыстық білім мекемелері тарапынан ауыл мектебінің 37 баласына бүкіл оқу құралы, киім-кешегі жеткізілді. Қазір жан-жақтан келіп жатқан қайырымдылық көмек есебінен 20 отбасына құрылыс материалдары таратылды, – дейді Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Қадыржан Сүйеуғалиев.

Бұдан бөлек аудан бюджеті резервінен ауылдың зардап шеккен отбасыларына 153 мың теңгелік бір реттік жәрдем қарастырылып жатыр. Бірақ бұл көмекті алу үшін ауыл тұрғындарының бүкіл құжаты талапқа сай болуы қажет.

Тілсіз жаудан бір күнде тынышы кеткен елді мекеннің бірі – Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылы. 3 сәуір күні Ресей шекарасы жағынан даладан келген қарғын су Жақсыбай ауылының 97 үйіне кіріп кеткен еді. Қауіпті жерден 639 адам көшіріліп, оның
305-і ауылдағы орта мектеп ғимаратына уақыт­ша орналасты.

– Судың келуі де жылдам, кетуі де жылдам болды. Бір тәуліктің ішінде тілсіз жау ауылдың ойран-топырын шығарып кетті ғой, – дейді Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев. Оның айтуынша, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары бастаған арнайы комиссия ауылға келіп, тасқыннан болған зардап мөлшерін тексерген. Қазіргі мәлімет бойынша, ауылда 37 отбасы су тасқынынан зардап шеккен. «Соның ішінде 4 үй қайта салынатыны анық. Себебі қазірдің өзінде қабырғасы құлап тұр. Ал қалған үйлердің қаншасына күрделі немесе жеңіл жөндеу жасалатыны комиссия шешімінен кейін белгілі болады», дейді ауыл әкімі.

Табиғи апат кезінде Жақсыбай сайының арғы бетінде тұратын 17 үйлі көшеге баратын электр бағаны мен газ желісін мұз соғып қиратып кеткен екен. Төрт күн ішінде газ бен электр қуаты қалпына келтірілген. Енді бір қиындық – ауылдың негізгі бөлігімен жалғастырып тұрған жаяу көпірді де сел ша­йып кеткен. Қазір тұрғындар қолдан жасал­ған пароммен қатынап жүр екен.

– Басымызға күн туғанда көмек қолын созған ел-жұртта қисап жоқ. Гуманитарлық көмек көп келуде. Атыраудан азық-түлік пен киім, күнделікті қажет тауарлар артқан алты «ГАЗель» келді. Маңғыстаудан 7 кө­лік­тен тұратын автокеруен келе жатыр деп естідік. Көршілес Жалпақтал, Тасқала аудан­дарынан бірнеше көлік азық-түлік келді. Amanat партиясының облыстық филиалы 1 КамАЗ астық, макарон өнімдері мен өсімдік майын жеткізді. Филиал жетекшісі Мұрат Рахметұлына халық ерекше риза, тұрғындардың сұрауымен ауылға ыстық ауа айдағыш пеш құралдарын алғызып берді, – дейді Алмат Бақытұлы.

Жақсыбай ауылында қазір 4 отбасы мектеп жанындағы балабақшаны паналап отыр. Ауыл әкімінің айтуынша, жақында екі отбасы әкімдік балансындағы үйлерге уақытша орналаспақ. Жоғарыда айтылғандай, қалпына келтіру, құрылыс жұмысы комиссияның қо­рытынды шешімінен кейін басталады. Аудан орталығынан демеушілер арқылы Жақсыбай ауылына 20 тонна цемент, 100 тонна құм келе жатқанын естідік.

Ел басына күн туғанда халықпен бір болуға елордадан Парламент депутаттары Мәлік Құл­шар мен Снежанна Имашева да арнайы келіп, төтенше жағдай жарияланған Қаратөбе, Бөрлі, Шыңғырлау, Жәнібек аудандарын аралады. Жергілікті атқарушы органдармен бірге зардап шеккен тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті.

«Шалғын ауылының халқы ешқайда көш­пей, жаңа мектеп те, үйлер де осы ауылға салынса деген өтінішін жеткізді. Қаймағы бұзылмаған ауыл халқы газбен қамтылған елді мекенде мал басын көбейтіп, өздерін қамтып отыр екен. Кездесуде тұрғындарға мемлекеттік органдардан міндетті түрде көмек көрсетілетінін жеткіздім. Жәнібек ауда­нының Жақсыбай ауылында да тасқын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, жағдаймен таныстым. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық шара қабылдануда. Біз, Amanat партиясы мәселені бақылауда ұстаймыз», дейді Мәлік Иманқұлұлы.

Ал Бөрлі мен Шыңғырлау аудандарында тұрғындармен кездескен депутат Снежанна Имашева Шыңғырлау-Сегізсай жолының тасқын судан зардап шегіп, бірнеше жерден бұзылған аумағы қалпына келтірілетінін айтты. «Бірақ алдағы уақытта тасқын судың жолына мықты қорғаны, ауқымды су өткізгіштері бар көпірлер салу қажет. Бұл мемлекеттік бюджеттен қомақты шығындарды талап етеді», деді Снежанна Имашева.

Жалпы, облыстағы тасқын су зардаптарын жою үшін облыс бюджетінің ішкі резерві 1 млрд 400 млн теңге бөлінетінін, бұған қоса аудандар мен Орал қаласының резервінен 500 млн теңгеге жуық қаражат шығаруға мүм­кіндік бар екенін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов хабарлаған еді. Қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ел-жұрттың ынтымақты әрекетінен су басқан ауыл тұрғын­дарының көрген бейнеті мен шеккен шығынының орны тез толатынын уақыт көрсетіп отыр.

Дегенмен, төтеншеліктер Батыс Қазақ­стан облысында су тасқыны қаупі әлі бар дейді. Яғни қазір бастауын Ресейден алатын трансшекаралық өзендерде су деңгейі көтерілген. Өңірдегі ең басты су артериясы Жайық өзені болса, көктемнен бері су деңгейі Орал қаласының тұсында 2 метрден астам көтерілген. Қазір су деңгейі – 274 см, Ресейден секундына 30 текше метрден келіп жатыр. Бұл орташа ғана ағыс. Мамандар биыл Жайы 450 см-ге дейін көтерілуі мүмкін деген болжам айтады.

– Облыс аумағындағы өзендердің басым бөлігінде су тасып болды. Трансшекаралық өзендерде су деңгейінің кішігірім көтерілуі байқалады. Жалпы, жағдай қалыпты, толық бақылауда. Ендігі мақсат – жоғарыдан келетін мол суды ысырап қылмай, жинап алу. Қазір Шаған деңгейін ұстап қалу үшін шандорлар жабылды, су қоймасының 76 пайызы толды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Нұралы Мусиев.

Ал «Қазсушар» РМК облыстық филиа­лы директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайыновтың айтуынша, Ресейдегі Вор­фоломеев су қоймасынан Сарыөзенге секундына 10 текше метр, Приузен су қой­масынан Қараөзенге секундына 30-35 текше метр су келіп жатыр. «Біздің авариялық бригадамыз Жалпақтал ауылының маңайында жағдайды толық бақылап тұр. Қажет кезінде барлық шараны қолдануға әзірміз», дейді ол.

Батысқазақстандықтарды біраз әбігерге салған су тасқынының беті қайтты. Жергілікті жұрттың ендігі назары – Жайық өзенінде. Көп жылдан бері кенезесі кеуіп, тартылып қалған өзен арнасы бір тасып, толса екен дейді. Әзірге жоғарыдан келіп жатқан судың қарқыны баяу. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан он жыл бұрын 20 есе көп келген екен. Гидролог мамандардың айтуынша, қазір Жайық-Көшім жүйесіндегі су қоймаларында 36 пайыз ғана су қоры бар.

а

 

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар