Қоғам • 17 Сәуір, 2022

Жігері алға жетелеп...

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам бойындағы ұлы өмірге деген сүйіспеншілікте, жарық күннің дидарын көруге деген құштарлықта шек жоқ-ау. Бәлкім осы ынтызар көңіл алға жетелеп, қанат бітіретін шығар. Қалай болған уақытта да келер күндердің көкжиегінен жақсылықтың шарапаты себезгілейтіндей сеніммен селбесіп келе жатыр.

Жігері алға жетелеп...

Таң бозарып атысымен кішкентай қол арбасына мінеді. Ғұмыры таусылып бітпейтін күйбең тіршілікпен, кеудесінен кері итерген тағдырдың ақ­бас толқындарымен алысып жүргенінде қалай қас қа­райғанын да аңғармай қала­тыны бар. Жан серігіне айнал­ған, аяғының орнына аяқ бол­ған қол арбаға таңылып, қарға адым жер мұң болғалы аттай 17 жыл.

Әуел баста қатты қамық­қан. Небір қорғасын бұлттай зілмауыр, жанын жегідей жей­тін сүреңсіз ойлар қаумалап, қоршап алатын. Арғы беттен күн сәулесі, болашақ нұ­ры, келешектің келісті дидары көрінбейтін. Қайран да қайран қызылды-жасылды дүниенің бар қызығы осымен таусылған-ақ шығар деп топшылаған. Ендігі ермегі кітап болды. Жергілікті жазушы Естай Мырзахметовтың «Медетін» оқыған. Кейіпкердің бойындағы қиындыққа қарсы тұрар, еменнің иір бұтағындай қайсарлыққа таңғалған. Сол сәтте он екі мүшесі сауығып, құр атқа мінгендей қанаттанып шыға келген. Жоқ, жарық дүниеде татар дәм таусылмаған соң бейнетке белшесінен батса да күресу керек екен ғой. Сонда ғана азамат атына лайық болады. Боркемік болса бордай тозбақ.

Кейіпкеріміз Рамазан Са­пар­ұлын іздеп келгенбіз. Ал­дында телефон арқылы тіл­дестік. Дауысы жылы, жұмсақ екен. Үйінің маңы мұнтаздай таза, көлденең жатқан бір шырпы жоқ. Қай тарапқа қарасаң да, шаруақор, ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Бірге ілесіп орталықтағы кеңсесіне бардық. Әңгіменің тиегін де осы жерде ағытты. Өзгеше жосықтағы, еңсеңді көтеретін, тұла бойыңа өлшеусіз күш-қуат құятын әсерлі әңгіме. Жеке бастың қамы емес, бастарына күн туған жалпы жұрттың, анығырақ айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайы. Он екі мүшесі сау жастардың да өмірден өз орнын табуы үшін тынымсыз қарекет ету қажет екендігін айғақтайтын, адас­тырмас ақ жол сілтеп, темір­қазық нысананы көрсететін аталы сөз.

– Қазір көпшілік жастардың бойында кейбір жағымсыз қылықты тезірек көруге бейім, – дейді Рамазан Мұқатаев, – шын мәнінде кәсіп үйренсем деп жұлқынып тұрған, сол жолда бар уақытын сарп етіп жүрген жастар аз емес. Олар үй­ренуге бейім. Тек сәл ғана демеп жіберсең болғаны. Мәселен, мен тігін машинасын жөндеймін ғой. Маған жоғары оқу орны мен колледждердің студенттері жиі келеді, тіпті жұмыссыз жастар да. Арасында он саусағынан өнер тамған, айтулы шебер болуға дайын тұрғандары да бар. Ең бастысы, тігіншілік өнердің тігісін жатқызып, тіршіліктің арқауы еткісі келеміз деген ұмтылыс бар. Сондықтан жастарды жасытып, көздерінен шұқып, жалқау деп айта беруге әсте болмайды. Тартымды тәрбие, өнегелі өріс керек.

Өз айтуына қарағанда, бая­ғыда музейге тапсырылуға тиісті тігін машиналарына қайтадан жан бітіпті. Тігіншілік өнер адам бойындағы айрықша шыдамдылықты, табиғат тарту еткен икемділікті қажет ете­ді. Оған қоса бейімің болып, машығың қалыптасса, жетіп жатыр. Ал көпшіліктің көз жауын алатын сән өнерінің сан қыры әлеуметтік желіде сың­сып тұр. Сол үлгіге қарап пі­шіп, тігістің қолыңа алған затыңа сай түрін таңдап, тіге аласың.

Жастар осы өнерге ықы­ла­сын аударған. Рамазан Са­пар­ұлы тігіншілік өнерді үй­ре­немін деп шын пейіл таныт­қандарға тегін жәрдем береді екен. Сауап дейді ол. Кез келген адам өмірлік азығы болатын қоғамға қажетті кәсіп түрін үйренсе, табыстың төресі сол.

Қазір үш жобаны қолға алған. Біріншісі, өзі тәрізді мүмкіндігі шектеулі жандар аяқ жолын ұзартып отырған қоларбаларды жөндеу. Жиі істен шығатын көрінеді. Себеп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жайсыздығы, ой-шұқыры көп. Доңғалақтары ғана емес, арқалығы да, шынтақтың астындағы көтерме белдеу де, аяқ тірейтін тежегіш те тозбақ. Бір өкініштісі, облыс орталығында қоларба жөндейтін шеберхана жоқ. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, облыс тұрмақ ел көлемінде екеу-ақ екен. Таяуда ит арқасы қияндағы Жарқайың ауданынан екі өтініш түсіпті. Степногорскіден де қоңырау шалған. Олардың жайын бір түсінсе, дәл сондай қо­лар­бада отырған Рамазан Сапар­ұлының өзі ғана түсінеді. Екінші жоба, психология кабинеті. Жанындағылардың жан-дүниесін жақсы түсінетін азаматтың айтуына қарағанда, айтпай келген апаттың салдарынан қаріп болып қалған адамдар өмірден баз кешердей түңіліп кетеді. Тағдырдың салған ісіне де тасқайрақтай мықтылық керек қой. Сондықтан психологтер әлдебір жазатайым себеппен дене зақымын алған адамдарға көмектеспек. Үшінші жоба, компьютердің тілін меңгеру. Айталық, мүм­кіндігі шектеулі адамдар осы тараптағы сауаттылығын арт­тырса, өтініш-тілектерін үй­де отырып-ақ жеткізе алар еді. Сондай-ақ онлайн конфе­ренцияларға қатысу, дәрігерлер көмегіне жүгіну, басқа да толып жатқан шаруаларын тындыруға мүмкіндік туар еді.

Әуел баста, осыдан 17 жыл бұрын қамкөңіл болып жүр­генде кісіге күнім түспесін деп тілеген. Несі жақсы дей­сіз, ет жақын ағайын-туыс көмек қолын созар, дос қол­дар, жолдас жан жарасын жа­зар, бірақ өз көңіліндегі өзек­ті өртер өкініштің сейіліп кетпей-
тіні рас қой. Жалғыз емес екен.

Мемлекет те мүмкіндігі шек­теулі адамдарды қамқор­лығына алуда. 2019 жылы 200 айлық есептік көрсеткіш көле­міндегі грантқа ие болды. Бұл қаражатқа тігін машинасын жөндеуге қажетті құрал-жабдықтармен бірге қайшы қайрайтын арнайы қайрақ сатып алды. 2020 жылы жедел жөндеу шеберханасы орнатылған автокөлігіне ие болды. Маңайына қолғанаттар да топтасты. Қазір Макинка қаласындағы диірменде қаптың аузын тігетін құрылғыны орнатып жатыр. Зеренді ауылына барып тігін цехына көмек көрсетіп қайтты. Бар шаруаны мұрнынан тізіп айтудың қажеті жоқ шығар, қалай болған күнде де жігері алға жетелеген Рамазан Сапарұлы жақсы істерге ұйытқы болып жүр.

Былтыр облыстық мүгедек­тердің ерікті қоғамына басшы болып тағайындалған. Жүк ауыр­лап, жауапкершілік молайды. Әйтсе де, өз қамынан гөрі өзгенің жайын көбірек ойлайтын жампоз жігіттің жүгі жолда қалмайтынына танып-білген жұрт кәміл сенеді.

 

КӨКШЕТАУ