Farab кітапханасында екі өңірдің ақын-жазушылары оқырмандармен жүздесіп, тарихы терең Ақтөбе планетарийінің цифрландырылған жүйедегі жұлдызды әлем картасы таныстырылды. Бұл күндері түркістандықтар этноауылды да тамашалады. Ортағасырлық үлгіде жасақталған киіз үйде ақтөбелік қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өтті. Ертедегі қазақ шеберлерінің дәстүрін жаңғыртып, мал терісі мен сүйегі, жүнінен түрлі бұйым жасап, халықаралық этнографиялық көрмелерге қатыса жүріп, тәжірибе жинақтаған қолөнершілер киізүй ішінде шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Айта кету керек, соңғы 5-6 жылдықта ақтөбелік қолөнершілер қазақтың ескі үлгісімен тері илеу, жұмсарту, бояу технологиясын тәп-тәуір меңгеріп, түрлі үлгідегі тұрмыстық бұйымдар, қамшы, ер-тұрман әбзелдерін жасап, жұртшылыққа ұсынып жүр.
Karavansaray Turkistan туристік кешенінде ақтөбелік әншілердің «Алтын аймақ – Ақтөбе» концерттік бағдарламасы өтті. Түркістан музыкалық драма театрында балдырғандар «Алақай» қуыршақ театрының «Жадыра, жайна достар!» қойылымын тамашаласа, ересектер Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы ұсынған И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған «Ер Едіге» тарихи драмасын тамашалады.
Қасиетті Рамазан айында ер түріктің бесігі – Түркістан қаласында өткен Ақтөбе облысының күндері «Сәлем, Түркістан!» гала-концертімен аяқталды.
Ақтөбе облысы