Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Облыс пен қаланы жылумен, жарықпен қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорын осы болған соң оның қалыпты жұмыс істеуіне бәрі мүдделі. Кәсіпорын биылғы жылыту маусымында бес рет апатты жағдайға жол берді. Былтыр 1 қарашада 12 қазандықтың үшеуі істен шығып, жеті аудандағы 145 елді мекенге жарық бармай қалды. Бұл – 37,5 мың адам қараңғыда қалды деген сөз. Петропавл қаласының өзінде 12 мың абонент қараңғыда қалды. Бұл апат салдары жойылған соң жаңа жылдың қарсаңында, 25 желтоқсанда тағы екі қазандық істен шықты. Соның кесірінен үйлерге жететін жылу азайып, сақылдаған сары аязда тоңған тұрғындардың ащы айғайы шықты. Ал биыл 22 қаңтарда болған апатта бу трактысының мұржасы тесіліп, одан шыққан ыстық будан күйік алған бір жұмысшы ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ биылғы 20 наурызда болған апатты бүкіл республика халқы естіді. Биіктігі 150 метр болатын түтін мұржасының бірі 60 метрлік биіктікте жарылып, жерге қаусап түсті. Бәленбай тонналық кірпішті қоқыс қазандық цехына құлап, онда жұмыс істейтін 38 жастағы қызметкер тұншығып өлді. Осы апаттың кесірінен жұмыс істеп тұрған төрт қазандық агрегаттарының екеуі, бес турбогенератордың үшеуі жұмысын тоқтатты. Электр қуатын өндіру 120 МВт-дан 65-ке, ал 70 градустық ыстық су 40 градусқа дейін азайып кетті. Үйлерге жеткен судың температурасы қан жылымнан аспады. Әйтеуір резервтегі қазандықтар іске қосылып, халықтың айқай-шуы азайды.
Бұл апаттың себебі әлі толық анықталған жоқ. Тұрғындар арасында түрлі қауесет тарап жатты. Соның ішінде диверсия болуы мүмкін деген болжамдар айтылды.
Энергетика министрлігінің білікті мамандары апаттың себебін анықтауға арналған сараптаманың алғашқы қорытындысын жариялады. Онда түтін мұржасының бойында бу қазандықтарының ең төменгі температура режімін сақтамауының кесірінен мұз қатып, су конденсаты пайда болуы мүмкін делінген. Ал отты қатты жаққанда түтінмен ұшқан күкірт сумен қосылып қышқыл пайда болады. Сол қышқыл мұржаның бетонын үнемі бұза беріп, ақыры құлауға соқтыруы мүмкін делінген алғашқы қорытындыда. Әрине, бұл бұрынғы «қатты желден құлаған» деп түсіндірілген себепке қарағанда нанымды, бірақ әлі түпкілікті қорытынды емес.
Міне, осы мәселенің бәрінен құлағдар болған министр Б.Ақшолақов өзінің сапарын ЖЭО-2-нің жұмысымен танысудан бастады. Онда энергетик мамандармен кездесіп, БАҚ өкілдеріне брифинг берді. «Кәсіпорынды күрделі жөндеуге Жол картасы 18,5 млрд теңге қажет деп отыр. Біз акционерлерге жөндеу жұмыстары меншік иесі есебінен болатынын ескерттік. Тарифтердің өсуі мүмкін, бірақ ол жөндеу жұмыстарының есебінен емес, көмір мен тасымал жұмыстары бағасының өсуіне байланысты болады», деді министр.
Ведомство басшысы ЖЭО-2-нің жөндеу жұмыстарына байланысты қызылжарлықтардың көңілін орнықтыратын хабар айтты. Атап айтқанда, келесі жылу маусымы басталғанда 9 қазандық жұмыс істейтін болады. «Пайдаланудағы екі мұржа 9 қазандықтың жұмысын жүргізе алады. Қыркүйек айында 7, ал қазан айында тағы екі қазандық қосылады», деді ол.
Ал құлаған мұржаны жаңадан салуға екі жыл уақыт қажет екен. Қазір оның іргетасын келесі мұржаға пайдалануға бола ма, жоқ па деген сауалға жауап ізделіп жатқан көрінеді. «Егер іргетастың беріктігі анықталса, мұржа жасауға кірісеміз. Бұл туралы анық ақпаратты кейін береміз», деді министр.
Айта кететін болсақ, осыған дейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов ЖЭО-2-нің келесі жылыту маусымына дайын болатынын жеткізген. Ол жөндеу жұмыстарын Теміртау қаласындағы «ҚазЭнергоМаш» корпорациясы атқаратынын да айтқан. «Бұл кәсіпорынның осындай жұмыстарды атқарудағы тәжірибесі үлкен. Қазір олар ЖЭО-2-нің агрегаттарын жасауға кірісіп кетті», деген еді әкім өзінің Туиттердегі парақшасында.
16 сәуірден бастап Петропавл қаласында жылыту маусымы аяқталды. Бұл туралы қала әкімі Болат Жұмабеков өзінің қаулысында айтып, мектеп, аурухана, балабақшаларда ғана 8-10 күндей жылу болатынын жеткізген. Бұл да ЖЭО-2-нің әлегімен болып жатқан шара. Әйтпесе, солтүстікте жылыту маусымы дәстүрлі түрде сәуірдің соңына дейін баратын.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов журналистерге арнаған сөзінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін солтүстікқазақстандық диқандарға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тоннасы 212 мың теңге болатын 71 мың тонна жанар-жағармай бөлінетінін де жеткізді. Сонымен бірге жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау бойынша мынадай шаралар қабылдау жоспарлануда:
- мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтықты және транспаренттілікті қамтамасыз ету;
- ірі тұтынушыларда – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ базасында 150 мың тонна көлемінде және «ҚТЖ» АҚ базасында 50 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резервтерін құру;
- Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салуды 6 айға ұзарту бойынша бұйрықты қабылдау.
Осылайша, министрдің сапары жағымды жаңалықтарға толы болды. Халық оның сөзіне сеніп, келесі қыста жылусыз қаламыз ба деген қорқынышынан біршама арылды. Бірақ күмән толық сейілмеді. ЖЭО-2 акционерлері аса ірі көлемде қаражат бөліп, күрделі жөндеу жасай қояр ма екен? Олардың өздері бұл қалада тұрмайды. Облыстық және қалалық қоғамдық кеңестерде аталған мәселе талай рет қызу талқыланды. Тіпті ЖЭО-2-ні стратегиялық нысан ретінде мемлекеттің қайтадан өз меншігіне алуы жөнінде жиі мәселе қойылуда. Бұл сөздердің жаны бар. Біреуге кіріптар болғанша стратегиялық нысан мемлекеттің меншігінде болса халықтың жүрегі де толық орнына түсер еді.
Солтүстік Қазақстан облысы