Әдебиет • 18 Сәуір, 2022

Шерлі шығарма шерткен сыр

999 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алаштың танымал ақыны Жақан Сыздықовтың 1932-1933 жылдардағы ұлы нәубет туралы кеңінен қамтып жазған поэмасын оқысаңыз, өзекті өртер өкініш пен ащы шындықтың ақиқатына көз жеткізер едіңіз.

Шерлі шығарма шерткен сыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл күнде есімі жиі атала бермейтін жампоз ақын Жақан Сыздықов сонау 1927 жылы жарық көрген «Әлі қарттың әңгімесі» мен 1927 жылы басылып шыққан «Майкөл тамы» дастандарында революциядан бұрынғы қазақ кедейлерінің аянышты да ауыр тұрмы­сын шынайы суреттейді. Біз бұл жолы «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасындағы қилы-қилы кезеңдер, аумалы-төкпелі замандағы сұмдық ашаршылық, төрткүл дүниені тегіс жалмаған жұт запыраны кілкілдеп тұрған шерлі шығармаға тоқталмақпыз. Заманында оқу құралы ретінде пайдаланылған бұл туындының келер ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше.

Әлқисса. Поэма кейіпкері көпті көрген Әлі қарттың әңгімесі арқылы жаралы жылдар жылнамасы, аштық жылдарындағы азап өрбиді. Автор «ел ішінде сыр да көп, сыры терең жыр да көп, соның бірін жырлайын! Ауыл қарты Әлінің, көпті көрген кәрінің әңгімесін тыңдайын» деп сабақталар сөз, айтылар ақиқаттың өрілер өрісін айқындап алады. Алдымен қыраулы қыс қасіреті, одан соңғы ақсүйек жұт. Адам қолымен жасалған, Алаш баласына төнген нәубет. Алтайдан Атырауға дейінгі ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын Ұлы дала алапат аштыққа ілінгелі тұр. Тұла бойы тітіркеніп, сескеніп селт етпеген жан жоқтай.

«Кешегі аштық болғанда,

Адам жүзі солғанда.

Кімдер асып-саспады,

Есі кетіп, жаңылып,

Сапырылып, сабылып,

Кімдер аяқ баспады.

Жұтқа салып ылаңын.

Ойнатып, жын-боранын,

Кімге зәрін шашпады.

Талайлары арандап,

Сұрқия аштық жалаңдап,

Кімге аранын ашпады?»

«Әлі қарттың әңгімесі» сұм заманның сұрқылтай нәубеті туралы ащы сырды ақтарып сала береді. Сарыарқаны жайлаған, сыңсыған елдің төрт түлігі түгелге жуық ит-құсқа жем болған. Тіпті жайлаудағы үйір-үйір жылқыдан тігер­ге тұяғы қалмаған. Қалғанының құны бір тілім нан. Мал түгілі адам ит-құсқа жем болып жатыр. Өзек жалғар азық көрсе, бір-бірін талап-жеуге таяу тұрған, аштықтан әбден кеуіп, ісіп бара жатқан бейкүнә жұрт сеңдей соғылысып, айда­лада қаң­ғырып қалған. Әлі қарттың ­айтуы­на қа­рағанда, бір жапырақ «қызылды» неше күндей нәр қылған, буын буып, әл кеткен, әлмен бірге жан кеткен.

Мешін жыры – ауыр жыр. Енді бір кезек Сағынбай есімді азаматтың басынан кешкен, кәтепті қара нарға жүк болар қасірет баяндалады. Жұмырына жұқ болар адал дәм таба алмай, Сағынбай баласын ертіп шығады. Екідегі бала. Есімі Әділ. Анасының есімі Жаңыл. Жүректері үзіліп, аштықтан қарауытқан аш көздері сү­зіліп, ілбіп келеді. Тамақ табар жер бар ма?! Меңіреу, жазық, сары дала. Сары да­ланы аштықтың аяусыз шеңгелі құрсау­лаған. Екі көзден жас ағып, екі аяқты тас тіліп, ілбіп келе жатып көргені ақсүйек болған меңіреу. Автор былай дейді:

«Сасып, құрттап, шіріген,

Жидіп, борсып, іріген.

Өлімтік болды тамағы,

Безіп туған бауырдан,

Тамақ үшін ауылдан,

Сағынбай кезді даланы».

Алды жар, арты соқпақ. Бас сауғалап қайда барса да көрген күні осы. Даланың сүреңсіз суреті адам жанының амалсыздан қуарған, үзілуге таяу тұрған үмітсіз күнін көрсететіндей. Жер үстінде көзге қарасын шалынбағанымен, зеңгір аспанда ноқаттай болып жалғыз құс ұшып жүр. Қанға мелтектеп тойған. Аш, арық, арам өлген мал мен жанның мүрдесіне. Енді бірде қара бұлттай қаптаған қасіреттің қарасыны іспетті әлгі құс алға бір қадам аттауға әлі қалмаған Сағынбайдың су­сыл­­дап үстінен ұшып өтеді. Бейнебір Алаш баласының басына төнген нәу­беттің көлеңкесі іспетті. Озбырлық пен обырлықтың аяуды білмес, сезімнен ада көрінісіндей.

Қуат кеміген, әл құрыған. Сағынбай іштей алтын бесік ауылы мен ағайын-туыс бауырымен қоштасады. Біресе Жаңылын сүйеді, енді бірде Әділін. Айдалада ит пен құсқа жем болып өлетін болдық қой деп зарлайды. Сағы сынған Сағынбайдың зар илеген дауысына Жаңыл да қосылады. Сағынбай да басқа лаж жоқ.

«Жаңылға төніп қарады,

Қусырылып танауы,

Көтеріп басын алады.

Көгеріп дене, бұзылып,

Кезеріп ерні, сүзіліп,

Есеңгіреп қалады.

Жанталасқан ашуға,

Аштық зарын басуға,

Өзінше амал табады.

Қимаса да, амал жоқ,

Содан басқа табар жоқ.

Жемек болды баланы».

Осы жерге келгенде төбе шашың тік тұрады. Сұмдық оқиғалардың куәсі болған сұрапыл жылдар туралы «Әлі қарттың әңгімесіне» шүбә келтірейін десең де, көнекөз қариялар сыбырлап қана сыр қылып айтқан құпия сырдың күмәнсіз болуы да. Аштықтан ақыл-естің ауысуы да әбден мүмкін ғой.

«Аштық ажал кебін ғой,

Аштық ессіз жебір ғой.

Шыдатпады сабырға,

Буынды алып дірілдеп,

Әлденені күбірлеп,

У жайылды тамырға».

Жаратқан ие енді қайтып жалпақ әлемге, аяулы Алаш баласының басына бермесін деп тілек тіледік. Санамызға салмақ түсіріп, ішкі жан-дүниемізді ірітіп бара жатса да шығарманы түгел оқуға тиістіміз. Өткеннің шындығын білуіміз керек.

Ұлы дала қасіретке бөгіп жатыр. Оның да қара топырағы қанға тойғандай. Жапан түзде жалғыз дән таппай әлі құрыған, ақыл-естен ада Сағынбай былай дейді:

«Таршылықты бір көрген,

Шалғай қара күн көрген.

Шын жолдасым сен едің,

Жастан ойнап-күліскен,

Сырын түйіп біліскен,

Сағынбайың мен едім.

Тірі жүрсек екеуміз,

Ойға алғанға жетерміз.

Кем болмаспыз деп едім.

Ауыр күнге жеттік біз,

Қармағына іліктік біз,

Аштық ажал кеменің.

Қимасақ та амал жоқ,

Қимайтұғын заман жоқ.

Әділді енді жер едім,

Әл жеткенше қарманып,

Айдалада сандалып,

Тарылтты аштық үнімді.

Мұндай күйге түсірді,

Көзден бір-бір ұшырды,

Тамағы тоқ күнімді».

Сағынбайға қосылып Жаңыл жылайды, зарлайды. Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен Әділдей ботасы. Қалайша дәті шыдап, қолы барар. Ақыр соңында аштық аран жеңгенше, артық еді өлгенім деп аһ ұрады. Сай-сүйегін сырқыратып, Сарыарқаның долы желімен қосылып сарнайды. Екі көзден жас емес, қан ағады. Амал жоқ, сарнағаннан шара жоқ. Мұңын естір дала жоқ. Дала мылқау, буалдыр сағым ғана әлденені меңзейтіндей.

Бала ананың тынысы, бала ананың қолқасы, қолқаның жан ортасы. Қайтіп қолы көтерілмек. Зілмауыр ойлар тұм­шалап, барар жер, паналар орын таппа­ған Жаңыл көздің жасын тыя алмай, ес-түсінен айырылып, құлап түседі. Құла­ғаннан не шара, алдағы күннің арбағаны ауыр. Алдағы күнді айтасыз, сол сәт, сол мезеттегі аштықтың азабы жан шыдатар емес. Екі жасар Әділді алдына қойып, сүйіп-сүйіп алады. Біресе естен жаңылып, біресе жүрек қағынып, тұла бойы жыбырлап, төбе шашы шымырлап, жүрегін азап тілгілейді.

Жаңыл жылап жүріп асуға жеткен. Ащы, қайғылы ой меңдегенде етегінен ұстап келе жатқан Әділін жоғалтып алады. Ана қайғысы еселей түскен. Күңі­ренеді, зарлайды. Әлден уақытта қайғы бұл­ты торлаған қара аспаннан жемтік іздеген құзғын көзге ілінгендей. Көзінің ағы мен қарасын, бауыр еті баласын іліп кетпеді ме екен? «Жеп қойды ма Әділді, жеген шығар жанымды» деп жүрегі қабынады. Түрлі қиял дерт болып, дерт емес-ау өрт болып сандалтады. Аяғы жерге тимей, жүгірумен болады. Жүгіріп келе жатып Сағынбайдың қарасын көреді. Аспандағы бұлт емес, баланы алдына салған Сағынбай екен.

Бүркіт киікке түсіпті. Кеш көрген. Ертерек көрсе, Әділ аман қалар ма еді. Әлі де кеш емес, желкесін бүркіт қиған киікке жетсе, аш өзектерін жалғап, адам қатарына қосылып кетуі әбден мүм­кін. Киікке де жетті, іштегі күйікті де шығарды. Бар уайым сап болғандай. Ауыздары аққа тигендей. Міне, үшеуі ілбіп жаяулап келеді. Тоқ елге жетпекші. Бір үміт, ізгі үміт жетелеп алған.

Оқыған сайын адам жанын шырылдатып, нала-мұңға бөлейтін шығарманың соңы әйтеуір шырайлы бітіпті. Оған жет­кенше қаншама азап, аштықтың салдарынан ес кетіп, жан шыққан жаралы жылдардың ащы запыраны.

Шерлі шығарманың соңғы бетін жауып жатып, Алаш баласы енді мұндай азап көрмесе екен деп тілейсің. Шын ниетіңмен, бар пейіліңмен. Ал мына оқиғаны оқырманның білгені дұрыс. Ойыңды он санға бөлсе де тәлім үшін тағылымын ұғу үшін. Иә, алапат аштық кімді аяған?!.

 

Көкшетау