Медицина • 19 Сәуір, 2022

Кенеден келетін кесел

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Туляремия – ағзаның улануымен, дененің қызуымен, бубон үлгісіндегі лимфаденит және әртүрлі органдардың зақымдануымен сипатталатын, жедел инфекциялық, табиғи-ошақты ауру. Аурудың қоздырғышы – туляремия бактериясы. Кез келген жастағы адам бұл індетке шалдығуы мүмкін.

Кенеден келетін кесел

Бұл аурудың көзі ретінде жабайы кемір­гіштер мен қояндар, буынаяқты қансорғыштар мен иксодтық кенелер аталады. Туляремияны адамдар кене шаққан кезде немесе кеміргіштер залалдаған азық-түлік пен суды пайдалану кезінде жұқтырады. Инкубациялық кезең үш аптаға созылады. Бірақ көп жағдайда 3-тен 7 күнге дейін жалғасады.

Кене шаққан әрбір адам тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралып, 21 күн ішінде диспансерлік бақылауда болуы қажет. Медициналық бақылау науқастардан туляремия ауруын ерте анықтау мақсатында жүргізіледі.

Ақтөбе облысы санитарлық-эпиде­миологиялық бақылау департаментінің ай­туынша, өңірдегі Алға, Әйтеке би, Ыр­­ғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Бұл өзен жағасындағы жайылым­дар­да болады. Облыс бойынша туляре­мия­ның табиғи ошақтарының аумағында 38 елді мекен орналасқан. Жыл сайын зо­опа­разитологиялық тексеру жұмыс­тарын жүргізгенде Ойыл, Қобда және Ыр­ғыз аудандары аумағынан туляремия ауруының қоздырғыштары кенелер мен кеміргіштерден анықталады. Өткен 2021 жылы кенелер мен кеміргіштерден туляремияның 17 қоздырғышы табылды. Эндемиялық аумақта орналасқан елді мекендердің маңында дератизация және дезинфекция жүргізіледі.

Сонымен қатар жыл сайын эндемиялық аумақта орналасқан елді мекендерде тұратын халыққа жоспарлы түрде туляремияға қарсы екпе салу іс-шарасы жүргізіледі. Былтыр 1 454 адамға осындай екпе салынды. Екпе қабылдаған тұрғындар 5 жылдан кейін қайта екпе салатын санатқа кіреді.

2021 жылы облыс бойынша кене шағып зардап шеккен 372 адам медициналық бақылауға алынды, олардың жағдайы қалып­ты. Ал биылғы жылдың үш айында кене шаққандар тіркелмеді. Бұл ретте туляремия ауруынан сақтанудың жолы – кене мен кеміргіштің залалынан абай болу.

Кенелер адам мен малдарға ерте көктем және жазда шабуыл жасайды. Малдарды қырқу барысында, олардан кенелерді жинаған кезде, далалық жерлерде, саяжайда жүргенде кене шағуы мүмкін. Кене теріге байқатпай, ауыртпай жабысады. Өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне қарай кене теріге жабысқан соң бірден қан сормайды, сондықтан кенені уақыт өткізбей байқап, алып тастаған жағдайда кенедегі инфекция қоздырғышымен зақымдану қаупі төмендейді. Кенені алу үшін емдеу-алдын алу мекемелеріне тез арада қаралған жөн. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға және жаншуға болмайды. Денеге қадалған кенені пинцетпен немесе жіппен алып тастайды. Кенені теріге жақын тұмсығынан ұстап, маятник тәрізді ырғақты қозғалыспен ақырын денеден шығарып алу керек. Мұндай жағдайда қолға қолғаптар киюді ұмытпаған жөн. Кене шаққан жерді йодпен өңдеп, қолды сабындап жуу қажет.

Соңғы жаңалықтар