Экология • 19 Сәуір, 2022

Орманымызды ойсыратып алмайық

598 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау десе көз алдыңа самсаған ақ балтыр қайың мен қысы-жазы өңі өзгермейтін қарағайлы орман елестейтіні бар. Бір шеті мен бір шеті күншілік жолды құрайтын өлкенің өңін келтіріп жатқан орман шын мәнінде көп те емес.

Орманымызды ойсыратып алмайық

Барды бағалай білген абзал. Орманға төнетін қауіп – маңайын сумаңдаған қызыл тілімен жайпайтын дала өрті. Дала өртінің туындау себебі белгілі. Ауыл шаруашылығы құрылымдары егістік алқабының үстіндегі күзден қалған ескі сабанды белгіленген жерге жеткізуді артық шығын санап, өртеп жатыр. Малсақ қауым жайылым үстіндегі өлі қауды жағып жіберсек, өртеңге өскен шөп мол болады деп түйсінеді. Барлығы шаруа қамы болғанымен, зиянын орманды алқап көрмек. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дала өртінің алдын алу бағытында жұмыс жүргізуде. Таяуда облыс орталығының іргесінде ескі қау шөпті өртеп жүрген екі адам ұсталды. Желді күні жалғыз шырпы адам айтқысыз шығын әкелуі мүмкін екендігін ескере бермеген екеуіне айыппұл салынды. Олар жоғарыда айтқанымыздай, ескі шөпті ертерек жағып жіберсек, өртеңге шөп жақсы өседі деп ақталмақ.

«Бұқпа» орман шаруашылығы ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жергілікті полиция қызметі, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 58 жедел топ құрып, рейд өткізді. Өткен аптада осындай жұмыс нәтижесінде өрт салып, табиғатқа залал келтірген бірнеше адам ұсталды.

Өрттің азын-аулақ орманды ойсыратып кетуі әбден мүмкін. Былтыр облыста 123 орман өрті орын алып, қымбат табиғи қазынамызға қаншама шығын келді. Алты рет дала өрті тұтанса, 140 мәрте қау шөп жанып, өрт сөндірушілерді әбігерге түсірді. Биыл даланың дидары кеппей жатып бір рет орман өртеніп, үш мәрте даладағы қау шөп жанды. Көкшенің көркі болып тұрған көкөскін күлге айналмасын десеңіз, абай болыңызшы, ағайын!

 

Ақмола облысы