Пікір • 20 Сәуір, 2022

Адам құқықтарын қорғау – басты назарда

3674 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ең алдымен, Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы адам құқық­та­рының сақталуын қамтамасыз ету екендігін ерекше атап өткім келеді. Соның айғағы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Рес­публи­ка­сының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы көңілге қонды.

Адам құқықтарын қорғау – басты назарда

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өткен жылы елімізде осы бағытта біраз жұмыс атқарылып, нақты жетіс­тік­терге қол жеткізілді. Атап айтқанда, заңнамалық актілерге діни бірлестіктерді тіркеу тәртібі жеңілдетілді, әйелдер еңбегін пайдалануға қатысты шектеу орна­тылған жұмыстар тізбесі алынып тасталды, полиция қызметтік моде­лінің жеке элементтері енгізілді, сон­дай-ақ сотталғандар мен уақытша қамау­да­ғыларды медициналық көмекпен қам­тамасыз ету функцияларын Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне кезең-кезеңімен беру заңдастырылған болатын. Бұдан бөлек, сотталғандарды жұмысқа орналастыру және оларды әлеуметтік бейімдеуге арналған өзгерістер енгізілгенін де атап өткен жөн.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобалары әзірленді, мүгедектердің құқық­та­ры туралы Конвенцияға фа­куль­татив­тік хаттаманы ратификациялау қа­рас­тырылды.

Өз кезегінде өкілетті мемлекеттік органдар әлеуметтік қатыгездікті бағалауға арналған критерийлерді бекітті және зорлық-зомбылық салдарынан болған дене жарақаттарын, психологиялық әсер­лер­ді құжаттау бойынша қанатқақты жо­ба­ны іске асыру жөніндегі нұсқаулық қа­былдады.

Жарлық еліміздегі адам құқықтарын қорғауды жетілдіруге зор үлес қосады десек, қателеспейміз. Жарлыққа сәйкес Үкі­метке бірқатар жұмыс бағыттарын көз­дей­тін адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды.

Осыған орай, әйелдерге қа­тыс­ты кемсітушілікті жою, ерлер мен әйел­дердің құқықтары мен мүм­кін­дік­­терінің теңдігін қамтамасыз ету, бірлестіктер бостандығы құқығы, мүге­дек­терге қатысты адам құ­қықтары, қыл­мыстық сот төрелігі, жазаны орын­дау және азаптау мен қаты­гез­діктің алдын алу саласындағы адам құ­қық­та­ры, адам саудасы құрбан­да­рының құқықтарын қамтамасыз ету, миг­­рант­тарға, азаматтығы жоқ адам­дар­­ға және босқындарға қатысты адам құ­қық­та­рын қарастыру және БҰҰ орган­да­ры­мен өзара іс-қимыл тетіктерін же­тіл­діру сияқты тағы да басқа мәселелер қа­рас­ты­рылған.

Аталған өзгерістер Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі агенттігінің (UNHCR) жұ­мы­сын әлдеқайда жеңілдетеді деген үміт зор. Мысалы, Қазақстан аумағында көп­теген босқын бас сауғалап жүр, олар­­дың мәртебесі мен тұрмыс жағ­да­йы, сая­си әлеуметтік құқықтары жет­кі­лікті түрде қорғалмаған. Ал мына енгі­зіл­ген өзгерістер олардың мәртебесін айқын­дау­ға көмектесетіндігі анық.

Жалпы, адам құқықтары саласындағы бұл өзгерістер Қазақстанда босқындарға көмектесу бойынша атқарылып жатқан маңызды жұмыстарды қолдауға ар­нал­­ған. Олардың қабылдануы адам құқық­та­рының іс жүзінде алға дамуына жол ашып, осы саладағы заңнамаларды тиісті дәрежеде қамтамасыз етуге апарары сөзсіз. Бұл маңызды мәселеге қол жеткізу Қазақстанның халықаралық деңгейдегі адам құқықтары саласындағы нормативтерге бейіл екенін білдіреді.

Бұған қоса, бұл өзгерістердің Қ­а­зақ­стан­да орын алатын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешуде ықпалы бар екендігін айту керек. Атап айтқанда, өзгерістер гендерлік теңдікке, отбасы мен неке қатынастарындағы зор­лық-зомбылықтың алдын алуға оң әлеуметтік үлесін қосары даусыз.

Мемлекет басшысының адам құқық­тары туралы заңға енгізген жаңа заң­на­малық өзгерістері ел дамуының парадигмасын өзгертуге бағытталғанына се­німдімін. Президент әрбір қадамын ой елегінен өткізіп, соған нық қадам басуға дайын екендігін бірнеше рет көрсеткен болатын.

«Жаңа Қазақстан» тұжырым­да­ма­­сын­да адам және оның құқықтары негізгі құндылық болуға тиіс. Бүгінгі күні әрбір за­йырлы мемлекетте адам құқықтарының алар орны ерекше, олар қоғамның басқа салаларынан әлдеқайда жоғары болып саналады.

Адам мен оның құқықтарын қорғау – ғаламдық тренд. Бұл ретте диалог пен ымыраға келу мәдениетін дамыту да маңызды мақсат болып отыр. Себебі ол елімізде азаматтықты нығайтудың басты факторларының бірі екені рас.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Менің бірінші мақсатым – адам құ­қық­тарын қорғау» деп айтқан болатын. Сондықтан бұл өзгерістердің іске асырылуы Жаңа Қазақстанды құруға оң септігін тигізеді.

 

Бану НҰРҒАЗИЕВА,

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті