Ол ол ма, бұдан кейін қазіргі сіз бен біз киіп жүрген шалбарды ойлап тапты. Ат үстінде ыңғайлы отырайын деп биік өкшелі аяқ киім жасап шығарды. Енді ойлансаңыз, адамзат өркениетіне үлкен жаңалық енгізуде көшпенділер тұрмысының тамшыдай емес, теңіздей үлесі бар. Мұны суретші Нелли Бубэнің «Көшпендінің бір күні» картинасынан байқаймыз.
Қазақы бояуды қанына сіңірген қылқалам шебері өз туындыларында көшпенділердің өмірі, күн мен жарық аясындағы жұмбақ дала тарихы, әдемі киінген адамдар, түйе өркештеріндегі құнды жүк бейнелерінде беріледі. Оның барлық картинасы коллаж, бедерлі паста және туындыға ерекше салтанат беретін алтынмен жылтырату сынды күрделі аралас техникамен орындалған.
«Көшпендінің бір күні» картинасында көшпенділер тұрмысының поэзиясы берілген, өз халқына, оның мәдениетіне деген сүйіспеншілікке негізделген дала дәстүрі өзіндік ерекшелігімен жазылған. Шығарма шартты түрде екі бөлімге бөлінеді: Шығыстың көне қалаларының сәулетіне тән жүк артқан түйелер, оң жағында ер адамдардың бейнесі көрсетілген.
Суретші қарама-қарсы қанық түстерді пайдаланған, тұлғалардың анық нобайы кенептің көмескі алтын фонында ерекшеленіп, көрерменнің назарын өзіне тартады. Нелли Бубэ өз туындысында қазақтың ұлттық киімін киген әртүрлі жастағы ер адамдарды бейнелеу арқылы ұрпақ сабақтастығын көрсетеді.
Бақсаңыз, туындының жоғарғы жағына петроглифтердің суретін және сақ жауынгерлерінің қаруы саналатын екі ақинақтың суретін орналастыру арқылы көшпенділердің байырғы мәдениетін жырлайды. Мұнда суреткер костюмдерге, баскиімге, тұрмыстық дәстүрлі заттарға ілтипатпен қарайды. Сол арқылы қазақ мәдениетінің тарихын ғана емес, сонымен қатар скиф, сақ тайпаларының дәуірін де жырлайды.