Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Байыптап қарасаңыз, бұл өте ауқымды шаруа. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көрікті Көкше аймағы жасыл желектен құралақан емес. Ендігісі барын байыптап, берекесін келтіру. Мемлекет басшысы табиғаттың талмаусыраған тұсын тап басып, орынды міндет жүктеп отыр. Орман қашанда еліміздің басты байлығы санатында. Таразы басына тартсаңыз, баға жетпес экологиялық және экономикалық ресурс сайып келгенде жалпақ жұрттың ұлттық игілігі.
Бүгінгі таңда өңірде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құзырына енетін 13 орман шаруашылығы мекемесі бар. Ұлттық байлықты көлденең кеселге жолықтырмай, уақытында молықтыру, пайдалану жұмысын реттеу – бірінші кезектегі шаруа. Жасыл желек көлемі қаншалықты деңгейде екендігін оқырманның көз алдына елестету үшін мына бір деректі сөз арасына сыналай кетсек, артықтығы болмас. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 405,5 мың гектарды құрайды, орман көмкерген алқаптар 225,7 мың гектарға жуық. Сан ретінде салмақтасаңыз, тұлпардың тұяғын тоздыратын, етек-жеңі кең пішілген өңірде жасыл желек ит тұмсығы өтпестей болып көрінетіні бар. Шын мәнінде, олай емес. Орман өңірдегі барлық алқаптың 2,6 пайызын ғана құрайды. Қалған жер қу тақыр демегенімізбен, тіс шұқитын шырпы табылмайтын құла түз. Демек қолда бардың қадірін білген дұрыс әрі сол бар байлықты тиімді пайдаланып, орман ауқымын кеңейте түссек, бар дала көзтартар қарасын орманы бар, өңі жақсы өлкеге айналар еді.
Жыл сайын орман ауқымын мүмкіндігінше кеңейту мақсатында жұмыс жүргізілуде. Ел Президентінің өзі жауапкершілік жүктеп отырғаннан кейін бұл тараптағы бар іс соны серпін алуға тиісті. Ауқымды жұмыстың бір парасы Нұр-Сұлтан – Щучинск авто жолының бойындағы жасыл белдеу. Қазір өкпек жолаушының көзін қуантып, бір кезде құла түз болып қурап жататын жерге жайқалып көшет өсті. Үлбіреген үміттің лебімен көктеп, орманға айналды. 2009 жылдан бері 17,6 мың гектар орман пайда болды. Шортанды кентінен Щучье қаласына дейін 2,6 мың гектар алқапқа көшет отырғызылды. Алғашқы бетте аз-кем қиындықтың болғаны да рас. Ағаштың кейбір түрлері жерсінбей де жатты. Әйтеуір, ғалымдардың бұл тараптағы қажырлы еңбектерінің нәтижесінде топырақ құрамы мұқият зерттелгеннен кейін көшеттер бой салып, көкке ұмсына өсіп барады.
Жоғарыда айтқан тапсырманы бұлжытпай орындау мақсатында өңірде 2021-2025 жылдары 24,5 мың гектар алқапқа 150 млн дана қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Былтыр облыстық басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелері жалпы көлемі 970 гектар болатын алқапқа ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Биыл 1 280 гектар алқапқа 9,3 млн дана ағаш көшетін отырғызу көзделуде. Қар кетіп, жер аяғы кеңіген соң жұмыс басталып та кетті. Қазіргі таңда Ақкөл, Куйбышев, Степногор орман шаруашылықтары ағаш көшеттерін отырғызуда. Бұл орайдағы басты керек дүние көшет екендігі белгілі. Орман шаруашылықтары қажетті көшеттен қолбайлау көріп отырған жоқ. Өйткені жалпы ауданы 171 гектар жерді құрайтын 11 тұқымбақта 10 млн данадан астам ағаш бұта тұқымдас көшеттер өсіріледі.
Алдағы уақытта көшетпен қамтамасыз ету деңгейі көбейтіле түспек. Ойдағы мақсат жүзеге асып жатса, міндет үдесінен шығуға толық мүмкіндік бар. Алдағы іске күні бұрын қамданған орман шаруашылығы қызметкерлері өткен жылы жапырақты ағаш тұқымдарының он тоннадан астамын жинап алды. Ал өлкенің өзінде өсетін әрқилы ағаш тұқымдары мен қарағай бүршіктерінің 185 тоннасы жиналып, кәдеге асырылмақ. Бұл дүниенің бәрін іске жарату үшін біршама мүмкіндіктің бар екенін айта кетсек – артық болмас. Мәселен, шаруашылықтарда 7 бүршік кептіргіш бар. Осы құралдарды ұқыпты пайдалану арқылы 150 тоннаға жуық бүршік өңделіп, 1 500 кило қарағай тұқымы алынды. Қолда барды кәдеге жаратып, игілікке айналдыру үшін осы тұқымның барлығы орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарына себіледі. Қажетті тұқым көлемінің ұлғаюына байланысты жалпы ауданы 86 гектарды құрайтын екі жаңа тұрақты тұқымбақты салу үшін қазір жобалау-сметалық құжаттары толтырылып, дайын болды. Өңірде жасыл желекті мейлінше жайқалту үшін дәл осындай ертеңгіні ойлайтын есті шаруа қолға алынса, келешектің көкжиегі де өзгеше өңмен нұрлана түсері даусыз.
Сөз соңында бесбатпан бейнетпен өсіріліп жатқан орман-тоғайды ойсыратып алмау мәселесін де бір ауыз сөзбен түйіндей кетелік. Ағаш кесу көлемін қысқартып, орман ішін қоқыстан тазартып, елді мекендердің айналасына жан жадыратар жасыл аймақтар құрылса, нұр үстіне нұр. Ал ел Президенті қойып отырған асқаралы міндеттің үдесінен шығып, ел игілігін еселеу бағытындағы бүгінгі шаруа оңынан оңғарылуда. Сол ілкімді істі көрген сайын өз көкірегіндегі келешектің келісті келбетіне деген сүйсініс көк өскіннің жапырағы тәрізді гүлдеп тұрады емес пе?!
Ақмола облысы