– Гүлназ, сізді елімізде бірнеше театрдың сонау Мәскеуден аттай қалап шақырғанының куәсімін. Бірақ таңдауыңыз елорда мен Алматы емес, Қарағандының Сәкен театрына түсіпті. Мұның қандай да бір себебі бар ма? Әлде жай ғана сәйкестік пе?
– Рас, туған елден шақыру көп түсті. Алайда уақытымның реті келмеді. Сол қарбалас тірліктен қиюын тауып алып шығып, қолыма «Қарагөзді» ұстатқан, ана тілімнің қасиетін сезіндіріген осы театрдың директоры Құрман Қалымовқа алғысым шексіз. Өзі де бір бірбеткей һәм тәуекелшіл басшы екен. Сол мінезі ұнады. Қазіргі театрларға дәл осындай менеджер-директорлар керек. Ол Қазақстан болсын, Ресей болсын – бәрібір. Құрман – екі жыл бойы әр үш ай сайын пьеса жіберіп тұрған жалғыз басшы. Бірнеше материалмен таныстым. Көбісі көңіліме қонбады. Ал «Қарагөз» мені бірден баурап алды. Оқып отырып терең ойға баттым. Оның үстіне «Қарагөз» – классика! Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қаламы қуат сыйлаған ұлттық жауһар. Ал менің жаным классикаға жақын. Ондағы өлмейтін, мәңгілік ескімейтін тақырыптар ұнайды. Оқисың да өзіңді табасың, сүріп жатқан өмірің, ортаң, қоғамыңды танисың, достарыңды көресің. Өз заманыңның қалай өмір сүріп жатқанын аңдайсың. Қысқасы, классикада адами мәңгілік тақырыптар сөз болады. Демек онда шекара жоқ, шексіздік бар. Қиялыңа қанат сыйла да, қалықтай бер! Режиссер үшін бұл – теңдессіз рухани азық. Сондықтан да «Қарагөзбен» бірден достастым.
– «Қарагөз» – қазақ драматургиясының ұлттық жауһары. Оның табиғатын тану үшін мінсіз мектептен бөлек, тек пен тамырдан жалғасатын терең таным керек, трагедияның жалпы болмысы мен мінезін, қала берді менталитетін игеру қажет дегендей. Бұл жағындағы қиындықтарды қалай еңсердіңіз?
– Ойыңызды түсіндім. Рас, менің режиссерлік жолым да, мектебім де әлемге әйгілі режиссер, теңдессіз талант, Еуропа театр мектебінің көшбасшы реформаторларының бірі, өз дәуірінің аңызы Римас Туминастың шеберханасында қалыптасты. Мәскеуге келіп өзімді таба алмай бірнеше оқу орынын ауыстырғанда, Римас Владимировичтің мектебінен іздеген кәсіби мұратымды таптым. Дизайнер де, актриса да емес, тіпті театр сыншысы да емес, менің жаным режиссер болуды қалайды екен. Топтағы кіл жігіттердің ортасында жалғыз қыз болып оқыдым. Осы тұрғыдан келгенде әрине, режиссерлік көзқарастарым ұлттықтан гөрі, жаһандық сипат алуы заңды да. Алайда мен дәл қазіргі таңда Ресейде жүрсем де, қазақша сөйлемесем де, жаным, рухым – қазақ. Сөйлемегеніммен, қазақшаны жақсы түсінемін. Мен әлі күнге дейін Қазақстан азаматымын. Оны ауыстыруға талай ұсыныс жасалды. Бірақ мен бас тарттым. Ол солай болып қалады! Одан кейін, әрине, өнерде шекара жоқ. Классиканы да белгілі ұлтқа таңуды жөн деп санамаймын. Себебі классика уақытқа да, ұлтқа да бағынбайды, ол одан әлдеқашан озып кеткен. Классикада мәңгілік адамзаттық мәселелер көтерілетіндіктен, демек ол – жалпы адамзаттық. «Қарагөз» де менің түсінігімде солай. Үлкендер жастарды түсінбейді, ал жастар ескі түсінікті бұзып-жарғысы келеді. Ақылға сыймайтын, адам миы жетпейтін тұстары да бар. Оны өнердің, жазудың құдіреті дер едім. Мәңгілік тақырыптар ешқашан өлмейді, оларға мәңгілік өмір тән. Ал мұндай мәселе тек «Қарагөзде» ғана ма? Әрине, жоқ. Ондай тартыс Шекспирде де бар, Толстойда да бар, әлемдік деңгейдегі өзге классиктерде де бар, мәселен. Тіпті мен «Қарагөзді» «қазақша Шекспир» дер едім. Ал енді трагедиядағы ұлттық мәселелерге келсек, мен оны сахнада барынша астармен көркемдеп жеткізуге тырыстым. Кейбір тұста ашық та, ашынып та айтылатын жерлер бар. Содан кейін «Қарагөздің» жалпы адамзаттық сипат алғанын көкседім. Мен және менің командам осы мақсат жолында тер төктік.
– Иә, қойылым бағдарламасынан танысқанымыздай, «Қарагөздің» сахнаға шығуына атсалысқан жарық қою мен костюм суретшісі де, композитор мен балетмейстер де Ресейден сізбен бірге келіпті. Сіз үнемі тұрақты командамен ғана жұмыс істейсіз бе, әлде мамандарды ауыстырып тұрасыз ба?
– Негізінен үйренген топпен жұмыс істегенді ұнатамын. Олар сенің не қалайтыныңды бірден біліп тұрады. Танысып, мақсатыңды түсіндіруге уақыт шығындамайсың. Бірден поцеске кірісесің. Осы жағы тиімді. Ал енді өзге елдерге шығып спектакль қойғанда барынша сол елдің театр мамандарын да қатыстыруды құп көремін. Өйткені сол елдің танымын, табиғатын жақсы түсінеді. Бұл әсіресе ұлттық дүниелерде маңызды. Сондықтан «Қарагөзде» де жергілікті мамандарды шет қалдырған жоқпын. Сценография жұмыстарымен Қанат Мақсұтов айналысты. Мен бұл қойылымда қазақтың ен даласын көрсеткім келді. Кәдімгі ән салып тұрған қазақтың даласын. Өйткені ойдың, қиялдың кең байтақ даланың төрінде еркін көсілгенін қалаймын. Мен үшін трагедияның көтерер жүгі мен сахна безендіруінің сәйкес болуы маңызды. Жалпы мен әу бастан жылтыраққа әуестер қатарынан емеспін. Маған көрерменнің сол дәуірге сүңгіп кетіп, өзін ұмытып, демалғаны керек. Кейіпкермен бірге тарих қойнауына сапарлап, солармен бірге күліп, қайғысына ортақ болғанын көргім келеді. Осы мақсат тұрғысынан сценограф екеуіміздің ойымыз бір жерден шықты.
– Режиссер ретінде сіз үшін «Қарагөздің» басты трагедиясы неде?
– Бұл жерде трагедия мынау деп жалғыз-ақ нәрсені атап көрсетуге болмайды. Қойылымда әр кейіпкердің өз трагедиясы бар. Қарагөздің өз қайғысы, Мөржанның өз мұңы, Нарша мен Сырымның өз арманы, Ақбаланың өз өкініші бар. Кейбір режиссерлер махаббаттан трагедия жасауы мүмкін. Оған қақысы да бар. Ол енді тікелей режиссердің түсінік-таным, оқиғаны қабылдауына байланысты. Өйткені автор пьесаны жазып берді. Әрі қарайғы оның спектакльге айналғанға дейінгі тағдыры тікелей режиссердің қиялына байланысты. Қойылым қандай сипат алады, ол енді тікелей режиссер сараптауымен сахнада сәулет түзеді. Демек режиссер де драматургпен соавтор деп сенімді түрде айтуға болады. Ал автордың қай-қайсысы да өз толғанысын жеткізеді. Мен де өз «Қарагөзімді» қойдым. Менің «Қарагөзімде» барлығының қайғысы бар, бірақ Мөржанның мұңы басты орынға шықты. Өйткені мен Мөржаннан өз әжемнің бейнесін көргендей болдым. Әрбір қария ұрпағының қателігі үшін өзін кінәлайды. Өзі ойлағандай адам болып өспегеніне налиды. Ал заман бір орында тұра ма? Заманына қарай адамы емес пе? Демек кейінгі жас буынның көзқарасы үлкендердің ой-сана, түсінік-танымымен тоғыспай жатуы заңдылық. Осыған келіспеген, мойындағысы, қабылдағысы келмеген буын арасында қайшылық туындайды сөйтіп. Мен әлбетте Қарагөз бен Сырымның арасындағы махаббатты жақтамаймын. Бірақ осы жағдай арқылы, ессіз құштарлықтың жетегінде кеткен желікпе сезімнің неге ұрындыратын көріп, жастар содан сабақ алса деймін. Соның негізінде бүгінгі қоғамның тынысын да қоса сезінгенін көкседім. Келер ұрпақ тәрбиеге тал бесіктен мән берген қазақтың құндылықтарының қадіріне жетсе екен деймін. Осы толғаныстар мені «Қарагөзге» алып келген болатын.
– Бұл мақсатыңыз актерлік ансамбль жұмысының деңгейімен қаншалықты қабысты? Көңіліңіз толды ма?
– Қарағанды театрының актерлерімен тура екі ай бірге жұмыс істеппін. Бірақ бұл толыққанды спектакль үшін өте аз уақыт. Жақсы қойылымды өмірге әкелу үшін кемінде үш ай уақыт керек. Драматургия да шағын роман сияқты ғой. Терең толғаныстың нәтижесінде туады. Бірақ соған қарамастан, «Қарагөзге» шығармашылық топ болып жанымызды сала жұмылдық. Таңнан кешке дейін тер төктік. Әлбетте, басында қиын болды. Біріншіден, мектеп бөлек. Екіншіден, жұмыс тәртібі мен талабым қатал болды. Ондай режімге үйренбеген әртістер қиналды да. Бірақ біз берілмедік. Әртістер де мен қойған талапқа жету үшін жанын салды. Қойылымға негізінен театрдың жас буын актерлері қатысты. Үлкендерден Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков пен Қайрат Кемалов бастаған сақа актерлер де зор жауапкершілікпен қарап, біздің толқынға қосылып, қойылымымызға тамаша серпін берді. Мен әр актердің мүмкіндігіне сай жұмыс істеймін. Одан артықты талап етпеймін. Сол тұрғыдан келгенде біраз әртістің мүмкіндігін зерттеп, ашылмаған қырларын да осы «Қарагөзде» ашқан жайымыз бар. Жалпы, мені жас демей, барлығы жаңалыққа сеніп, жанын сала жұмыс істеген тамаша ұжымға алғыс айтқым келеді. Қойылымға дайындық жүрген осы уақыт ішінде әрқайсысымен дос, туыс болып жақындасып үлгердім.
– Әңгімеміздің басында Мәскеуге келіп, өзімді таба алмай біраз сарсаңға түстім деп қалдыңыз...
– Иә, ондай жағдайдың болғаны рас. Мектепте оқып жүргенімде өзімнен бір-екі жас үлкен құрбым Санкт-Петербургке оқуға түсті. Оны көріп мен де осы бір тарихи қалада оқуды армандадым, тіпті «міндетті түрде сонда барамын» деп өз-өзіме ант еттім. Петербургте оқуды қалағаным соншалық, бөлмемнің төрт қабырғасында сол тарихи қала суреттерінен бос орын болмайтын. Оны байқаған анам, бір күні мені Ақтөбеден Санкт-Петербургке автобуспен алып барып аралатты. Тіпті 11-сыныпты сонда оқуға ұсыныс жасады. Алайда белгілі бір себептермен елге қайтуға тура келді. Сөйтіп, үйге келіп оқуға түсуге күні-түні жатпай-тұрмай дайындалдым. Бала күнімнен дизайнар-модельер болғым келетін. Сол мақсатымды бағындыруды ойладым. Осылайша талабыма нұр жауып, оқу бітірген жылы Санкт-Петербургтегі А.Штиглиц атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік көркем-өнеркәсіптік академиясына оқуға түстім, ол көп адамның арманы еді. Алайда екі айдан кейін оқуымды тастап кеттім. Себебі күніне екі жүзге тарта сурет салып, оның ішінен санаулысы ғана «аман қалып», қалғаны жыртылады. Далаға кеткен есіл еңбегім... мен оған шыдамадым. Кейін туризм бағыты бойынша менеджер мамандығына қабылдандым. Оған менің ағылшын тілін білетінім көп көмектесті. Алайда мұнда да көп аялдамадым. Өнер саласына қайтып оралып, әуелі суретші болып, оның қол еместігін түсінген соң, костюм бойынша суретші болып, актерлік салада да өзімді сынап көргім келді. Одан кейін театртану мамандығының дәмін татып көрдім. Қысқасы, мен төрт институтта оқып, төрт мамандық ауыстырдым. Сөйтіп жүргенде Мәскеуде Римас Туминастың курс қабылдап жатқанын естіп, мұны жіберіп алсам барлығы бекер екенін түсініп, бәрін ысырып тастап сонда бардым. Жолым болып, кілең жігіттің ортасына жалғыз қыз етіп мені қабылдады. Режиссерлікке осылай келдім және ең қуанарлығы шарқ ұрып іздеген өзімді мен дәл осы саладан таптым. Ең ұтқаным – режиссерлікке қабылданғанға дейінгі оқуға талпынған мамандықтардың барлығы маған зор азық болды. Қазір мен режиссер бола жүріп, суретшіні де, костюм бойынша суретшіні де, театр сыншысын да, актерді де жақсы түсінемін. Ол сатыдан өзім де өттім ғой өйткені. Жаным қалайтын саламен айналысып жүргеніме бүгінде мен өзімді бақытты санаймын және осы үшін ең әуелі Аллаға, одан кейін мені үнемі қолдап келе жатқан анама алғысым шексіз. Ал ұстазым Римас Владимировичтің маған берген тәлімін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Осындай жақсы адамды ұстаз еткен Жаратқанға мың да бір тәубе деймін.
– Сіз үшін режиссерлік деген не?
– Мен үшін режиссер болу – өмір сүру. Менің қойылымыма келген көрермен ойланып қайтса, демалып қайтса, өзімен өзі сырласып қайтса, тарихын танып қайтса, ең бастысы бақытты болып қайтса – менің адами да, кәсіби де миссиямның орындалғаны. Алайда менің ұстазым айтады: «ұлы режиссерлер – ұлы өтірікшілер» деп. Тіпті сәтті өткен бір премьерасынан кейін шымылдықтың артына барып, «мен тағы да көрерменді алдап соқтым» деп күліп тұрған тамаша бір тарихи суреті бар. Соған қарап күліп аламын үнемі. Сосын іле жиналамын. Өйткені ұстазымның бұл пікірімен де әбден келісуге болады. Біз сахна арқылы ой айтамыз. Ал оның қаншалықты ақиқат екені өзімізге ғана аян. Әлем әдемі, өмір мәнді болуы үшін, көрермен бақытты болуы үшін біз барлығын істейміз. Адамға сезім сыйлай алғаным үшін де бақыттымын ендеше!
– Болашақта елге келіп қызмет ету, Қазақстан театрларын дамытуға атсалысу ойыңызда жоқ па?
– Бұл жерде мен бір-ақ нәрсені айтқым келеді: өнерде шекара болмауы керек. Қиялды, мүмкіндікті шексіздікке ұластыра алғанда ғана шығармашылық адамының мақсаты орындалады. Елге келіп қойылым қоюға әрдайым дайынмын. Бірақ түбегейлі келу әзірге ойымда жоқ. Болашақта тек Мәскеумен шектелмей, әлемнің түкпір-түкпірінде спектакль қойып, ұлы мәртебелі өнерге қалтқысыз қызмет еткім келеді. Түрлі кәсіби тәжірибелерге баруды көксеймін. Шексіз өнер құдіретінің арқасында қазақтың бір қызын әлем танып жатса, сол арқылы Қазақстанды мойындаса – мен үшін басты жетістік сол!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»