Хоккей • 21 Сәуір, 2022

Суоми елінде сайысқа түседі

140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубының бапкерлері мен ойын­шылары, әкімшілік және техникалық персоналдың қызметкерлері «Жалақымызды ала алмай жүргенімізге үш айға жуықтады» деп дабыл қаққан еді. Сондай сипаттағы мақалалар баспасөз беттерінде де жарық көрді. Ал өткен аптада аталған команданың баспасөз қызметі «Барлық қарыздан толықтай құтылдық» деген ақпарат таратты.

Суоми елінде сайысқа түседі

Жоғарыдағы жаңалықтан құлағдар болған жанкүйерлердің көңілдері жай тапқандай болды. Өйткені келесі айда Финляндияда әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы да өнер көрсетеді. Ал біздің ұлттық командамыздың денін дәл сол «Барыстың» ойыншылары құрайтыны мәлім. Егер төрткүл дүниенің кіл мықтылары бас қосқан байрақты бәсекеге хоккейшілеріміз алай-дүлей көңілмен аттанса, онда олардан оңды нәтиже күту қиын.

13-29 мамыр аралығында Суоми елінде өтетін жарыста жерлестеріміз көңіл көншітерлік нәтижеге қол жет­кізеді деген үміт те жоқ емес. Олай деуге негіз, элиталық дивизиондағы додаға біз бұған дейін де сан мәрте қа­тыстық. Жасыратыны жоқ, бұл бәсекелерде табысты өнер көрсете алмадық. Күні кешеге дейін ең үздік көрсеткішіміз 12-орын еді. 2005 жылы Аустрияда өткен бәсекеде отандастарымыз сол межеден көрінді. Қалған жарыстардың көбінде көш соңында қалып қойдық. Әйтеуір, көңілге бір медет болар жайт, кейбір азулы коман­даларға лайықты қарсылық көрсетіп, үлкен тәжірибе мектебінен өттік.

Ал былтыр Латвияда шымылдығы түрілген дүбірлі додада Қазақстан құрамасы өз көрермендерін қуантты. Жарыс барысында Латвия (3:2) мен Финляндиядан (2:1) буллит соғу барысында басым түссек, Германия (3:2) мен Италияны (11:3) негізгі уақытта қапы қалдырдық. Әсіресе аса азулы финдер мен немістерді жеңуіміз отандық шайбалы хоккейшілеріміз үшін айрықша оқиға екенін айтуға тиіспіз. Алайда АҚШ (0:3), Канада (2:4) және Норвегияға (1:3) есе жі­бердік. Нәтижесінде, жеті кездесу­ден кейін 10 ұпай жиып, өз тобымызда бесінші орынға табан тіредік. Қорытынды есепте шведтермен бірге 9-10 орындарды өзара бөлістік. Әрине, азуы алты қарыс америкалықтар мен кана­далықтарға әліміздің жет­пейтіні бесенеден белгілі. Бірақ норвегиялықтарды жеңуге болатын еді. Скандинавиялықтарды сан соқтырғанымызда плей-оффқа жолдама алып, үздік сегіз команданың санатына қосылатын едік. Бірақ Бал­тық жағалауындағы жарыста біздің жігіттерге бармақтай ғана бақ жетпеді.

Биылғы әлем чемпионатында Қазақ­стан А тобында өнер көрсетеді. Хель­синкидегі қарсыластарымыз – Канада, Германия, Швейцария, Слова­кия, Дания, Франция және Ита­лия құрамалары. Бұл топтың басты фавориті канадалықтар екені сөзсіз. Өзге табыстарын тізбектемей-ақ Үйеңкі жапырақтар елінің өкілдері Олимпия ойындарында 9 мәрте топ жарып, әлем чемпионатында 27 рет теңдессіз деп танылғанын айтсақ та жеткілікті. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Олимпиада (2 рет) және әлем (4 рет) мен Еуропа бірін­шіліктерінде (9 рет) жеңіс тұғы­рына көтерілген Германия құрамасының даңқы дүркіреп тұрды. Кейіннен олар қарқынын біраз бәсеңдетіп алған еді. Десек те, уақыт оза қайта намысқа қамшы басып, биік белестерді бағын­дыра бастады. Немістердің 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында күміс медальды олжалауы – жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі.

Швейцарияның жағдайы да дәл солай. 1922-1953 жылдар аралығында өткен байрақты бәсекелерде олар сан мәрте үздіктер санатынан көрінді. Атап айтсақ, екі рет Олимпия ойын­дарында, 9 рет әлем және 5 рет құр­лық біріншіліктерінде түрлі-түсті ме­дальдарды иеленді. Одан кейін құл­дырау кезеңін басынан кешіріп, ұзақ уақыт бойы еңсе тіктей алмады. Тек осыдан 10-15 жыл бұрын ғана швейцариялықтар аса ірі халықаралық жарыстарда оң нәтиже көрсете бас­тады. Нәтижесінде, 2013 және 2018 жылдары ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында күміс медальды қанжығаларына байлады.

Даңқы алысқа жайылған Чехия хоккейшілерінің көлеңкесінде қалып қоймауды көздеген Словакия құрама­сының да қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Олар 2002 жылғы әлем чемпиондары және де дәл сол жарыс­та тағы үш рет жүлделі орындарды еншіледі. Биыл словактар Бейжің Олимпиадасында үшінші орынға табан тіреді. Міне, А тобындағы алпауыт­тар осылар. Ал өзге командаларға тоқталатын болсақ, олардың ең үздік нәтижелері төмендегідей:

Дания құрамасы: Олимпиада – 7 орын (2022 жыл, Бейжің), әлем чемпионаты – 8 орын (2010 жыл, 2016 жыл). Франция құрамасы: Олимпиада – 5 орын (1928 жыл, Швейцария), әлем чемпионаты (1930 жыл, 6 орын). Италия құрамасы: Олимпиада – 7 орын (1956 жыл, Кортина-д’Ампеццо), әлем чемпионаты – 4 орын (1953 жыл).

В тобында Финляндия, АҚШ, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Ұлы­британия және Аустрия құрама­лары күш сынасады. Олар Тампереде өнер көрсетеді. Бұл кезеңдегі бәсе­келер 13-24 мамыр аралығында өтеді. Содан кейін әр топта алғашқы төрт орынды иеленген командалар плей-оффқа жолдама алады. 26 мамырда ширек финалдық сайыстардың куәсі болсақ, араға екі күн салып жартылай финалды тамашалаймыз. Ал қола медаль үшін тартыс пен шешуші сын 29 мамырда өтеді деп белгіленуде.

Қазақстанның хоккейшілері Фин­­ляндияда жалауы желбірейтін жа­рысқа дайындықтарын Нұр-Сұл­тандағы «Барыс-Аренада» бастау­ды жөн көрді. 3 мамырда Балтық жа­ғалауына аттанып, Латвияның Рига қа­ласында оқу-жаттығу жиынын жал­ғастырады. Сол жақта олар аталған мемлекеттің ұлттық құрамасымен екі жолдастық кездесу өткізуді жос­парлап отыр. Арада бір апта өткен соң жерлестеріміз Суоми еліне сапар шегеді. Ал әлем чемпионатында Қазақ елі намысын кімдер қорғайтыны алдағы күндері белгілі болады.