Бұл ғасыр біздің тарихымызға жасампаз іске толы, бейбіт өткен ғасыр болып енеді.
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ.
_______________
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алғашқы Жолдауын тәуелсіздігін енді алған еліміз өзіндік даму бағытын айқындау кезеңінде, яғни 1997 жылы жасады. Сол уақыттан бері он жеті жыл өтті. Бүгінде Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайын кезекті Жолдауын жариялауы дәстүрге айналды. Қоғам Елбасы Жолдауын мемлекетіміздің бүгінгі және болашақтағы атқаруға тиісті іс-әрекетіне бағдар ретінде ықыласпен қабылдайды.
Мен Елбасымыздың әр жылдарда жасаған Жолдауларын түгелдей жинақтап, бастан аяқ қайта бір оқып, зерделеп шықтым. Көз жеткізгенім – Жолдаулар – ежелгі тарихымызды қайта тірілтуден бастап, үздік отыздыққа ену мақсатына дейін бейнеленген ел дамуының логикалық хронологиялық тарихи құжаты екендігі. Онда тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуының сара жолдарын бейнелейтін тарихи-саясаттық, әлеуметтік-экономикалық бағыты мен міндеттері көрініс тапқан.
Жолдаулардан Елбасының бүгінгі күннің тамырын дөп басатын көрегендігін, алыс болашақты болжай білетін тереңдігін, мемлекеттің жаңа тарихын жасаушы сұңғыла саясаткерлік тұлғасының ерекшелігін байқауға болады.
Елбасының авторлық мәтінін толық сақтай отырып, әр жылдардағы Жолдауларынан жинақталған үзінділерді төменде әлеуметке ұсыну арқылы Жолдаулар Қазақ елінің өткенін ұлықтап, болашағын бағдарлайтын ел дамуының темірқазығына айналған құжаттар екеніне көңіл аудартуды діттедім.
Қауіпсіздік және әлеуметтік-экономикалық саясат
Күллі дүние әлем-тапырық өзгеріске түсті, адамзатгы алда күтіп тұрған ауыртпалықтар одан да зор болуы мүмкін. Әлемнің шығысындағы елеулі дағдарыстар. Оңтүстіктегі екі ел – ядролық державалар қатарына жаңадан қосылған Үндістан мен Пәкістанның арасындағы Кашмир дауы тығырыққа тіреліп тұр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының оңтүстік шебіндегі жағдай да шиеленісіп кетті. Аймағымыздағы тұрақсыздық, көршілеріміздің қиын жағдайы Қазақстандағы хал-ахуалға да әсер етеді. Әлемдік және аймақтық ауқымдағы дағдарыстар тұсында біздің еліміз тұрақтылық пен тыныштық орнаған аралдай оқшау тұрғанымен, әрбір қазақстандық азамат маңайымызда қалыптасқан жағдайдың күрделі екендігін түсінуге тиіс.
Біз еліміздің бар шалғайындағы шекараларында бейбітшілік қалқанын қалыптастырдық, сөйтіп, өзінше бір «қауіпсіздіктің кемер белбеуін» тағына алдық. Әлемдегі бірде-бір ел, атап айтамын, бірде-бір ел бізге дұшпандық ниетте емес. Сан-салалы дипломатиямыз бен сыртқы саясатымыз біздің егемендігімізді де, аумақтық тұтастығымызды да ойдағыдай бекіте білді, осы арқылы әлемдік қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға жол ашты.
Қазір біз алға қойған мақсатымызға адал екенімізді тиянақтауға тиіспіз. Осы түскен жолымыздан тайқып кетпеуге, жаңа Қазақстанды саяси әділеттілік пен экономикалық еркіндіктің берік іргетасына негіздеп тұрғызуға күшіміз де, көрегендігіміз де, ерлігіміз де жететінін дәлелдеуге тиіспіз.
Қазақстан – кеңестен кейінгі кеңістіктегі барлық елдермен өзінің стратегиялық мүдделеріне нұқсан келтірмей, тұрақты жақсы қатынастар орната білген азын-аулақ мемлекеттердің бірі. Сонымен қатар, біз АҚШ-пен, Батыс Еуропамен және басқа елдермен ынтымақтастықты да дамыта береміз.
Ғасыр соңында қауіпсіздіктің бүкіл халықаралық жүйесінің тас-талқаны шығуға шақ қалды. Соғыста жеңіп шығу бейбітшілікке қол жеткізуден жеңілірек деседі. Ұлттық егемендіктің мызғымастығы қағидатына арқа сүйейтін халықаралық құқыққа негізделіп құрылған бейбітшілік «сыр бере» бастады. Таяудағы тарихтың «адамды адастырып жіберетін сипаты» бізді өзіміздің қауіпсіздігіміздің мәселесіне айрықша ықылас қоюға мәжбүр етеді.
Өзінің мыңжылдық тарихында Қазақстан тұңғыш рет Қытаймен заңды түрде бекітілген шекараға ие болды. Ол шекара достық шекарасына айналды. Қытаймен тұрақты қарым-қатынас жасаудың Қазақстан үшін мән-маңызы ерекше. Осынау ұлы мемлекетпен қатынастарымызды «Шанхай бестігі» (қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымы – Х.В.)шеңберінде нығайта түсу планетаның осы бөлігіндегі аймақтық қауіпсіздіктің негізі болмақ.
Орталық Азияның екінші мыңжылдықтағы тарихы құрлықтың орталығында орналасқан, әлемдік коммуникация жүйесіне шыға алмайтын халықтардың болашағы болмайтынын көрсетіп берді. Орталық Азиядағы барлық халықтардың тарихы, егер жекелеген жайларды алып тастар болсақ, біз әлемдік маңызы бар көлік арнасы бола аламыз ба, әлде тағы да жолдың бір жиегінде қалып қоямыз ба деген басты мәселенің қалай шешілетініне байланысты.
Өткен тарихымыз бізге талай-талай тағылым қалдырды. Халық өзекті өртер өкінішті сәттерді бастан кешудей кешті. Ал бүгін қазақстандықтар өз тағдырына өздері ие болып отыр.
Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемін. Бұл ғасыр біздің тарихымызға жасампаз іске толы, бейбіт өткен ғасыр болып енеді деп сенемін. Тарихта өткенді еске алу үшін ғана емес, сонымен қатар, келешегімізді бағамдау үшін де еріксізден кешегімізге көз тіккізетін тұстар бар.
Егер тарихқа қарапайым деректердің жиынтығы ретінде қарамай, оны терең мәнді етене байланыстағы оқиғалардың сабақтастық ретінде екшейтін болсақ, онда осы он жылдың ауқымы мен тегеуріні келер ғасырдағы келешегімізді айқындайтындай жаңа қырынан ашыла түседі.
Біздің жас еліміздің кешегісі мен келешегінің арасындағы бұл байланысты мынадай қарапайым тұжырым бейнелей алады: тиімді экономика, либералдык қоғам, ұлттық қауіпсіздік.
Біз алдымызға анық та айқын мақсат қойдық – біз жақсы өмір сүргіміз келді, біз еркіндікке ұмтылдық, біз бәрінен де бұрын балаларымыз бен немерелеріміздің лайықты өмір сүруін қаладық. Бұған сіздер мен біздер өз ғұмырымыздың біраз жылдарын арнадық.
Бүгін басты мәселелер ЕурАзЭҚ, БЭК, ШЫҰ шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мен өңірлік ықпалдастықты дамыту саласында жатыр.
Біз экономикалық және саяси ынтымақтастық мәселелері бойынша Қытай Халық Республикасымен екіжақты шарттарды іске асыруды жалғастыра береміз. Қазақстан осы серпінді дамып келе жатқан елмен өзара тиімді байланыстар орнатудан басқа балама жоқ екенін негізге алады.
Қазақстан мен АҚШ арасында ұзақ мерзімді және тұрақты серіктестік қатынастар орнаған, бұлар халықаралық энергетикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес, демократиялық өзгерістерді жалғастыра беру мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың кең ауқымымен сипатталады.
Қазақстан ЕО-мен ынтымақтастыққа өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, экономика, әлеуметтік және мәдени даму салаларында зор мазмұн беруге мүдделі. Біз өзіміздің еуропалық серіктестерімізге инвестициялық қызмет, ірі халықаралық жобаларды іске асыру, біздің елімізге озық технологиялар мен білімді тарту үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек.
Біздің өңірде ықпалдастық қарқынын төмендетпеудің маңызы зор. Біз мәдениетіміз бен тарихымыздың ортақтығы жақындастырып отырған көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты байланыстарымызды дамыта беруге тиіспіз.
Ендігі жерде күн тәртібіндегі мәселе әлемдік қоғамдастықта Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі туралы, біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі туралы және қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігі туралы болып отыр.
Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр.
Бұл үдерісте саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да қоғамдық институттар басты рөл атқаруы тиіс.
Бұл орайда жас ұрпаққа, «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне де маңызды рөл берілуге тиіс.
Ғасыр талғамы және қалыптасқан мемлекет
Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде. Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз.
...Осыған байланысты біз халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауға тиіспіз.
Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.
Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.
Елдің жаңа елордасы – Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қоғамдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті.
Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.
Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым.
Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні – әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру.
Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады.
Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары
Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.
Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі.
Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.
Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі.
Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады. Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс.
Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс.
Біз – көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс. Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз.
Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.
Мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылады. Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз.
Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық. Бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақ мерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. «2050» Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді.
Стратегия – күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Бірақ нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – осыған барлық жағдайды жасау. Мен әлемнің озық елдері арасындағы Отанымыздың лайықты болашағы ғана қазақстандықтарды мәңгілікке біріктіретініне сенімдімін.
Хусаин ВАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты.