Оған «Лезгинка» биі арқау болды
Лезгинка – тау халықтарының табанды күш-жігерін көрсететін өткір би. Қаны қызу кавказдықтардың ұлттық нышанына айналған өнердің өрісі бүгінде кеңейіп, бүкіл әлем болмаса да, жалпақ жұрт лезгинка десе желкілдей жөнелетін әдет тапқан. Махаббат пен ерліктің биіне айналған лезгинкаға елімізде де қызығушылық танытушылар көп. Өскемендегі облыстық Достық үйінде «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен ашық сабақта лезгинка биі бойынша байқау өтті. Алты жұп қатысқан байқауда жас бишілер сахнаның сәнін келтіріп, өзара шеберлік сынасты. Жеңімпаз бишілер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова аталған бидің тарихынан қызықты мысалдар айта келе, кейбір деректер бойынша кавказдық ер-азаматтар лезгинканы шешуші ұрысқа аттанар алдында билегенін жеткізді. Көбінесе жігіттер билегендіктен, бұл адам бойындағы қуаттың, батылдықтың, жүректіліктің жаршысына арналған өнер іспетті әсер қалдырады. Дегенмен, қазіргі кезде бидің жігіттермен бірге қыздарға арналған заманауи түрі де дамытылған екен. Көне аңыз-әпсаналар бойынша, мыңдаған жылдар бұрын ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлуды көрген ингуш бозбаласы есінен айырыла ғашық болып, саз ырғағымен қозғалғандай әлгі аруға жақындай береді. Сезімін сарт-сұрт еткен қимылымен аңдатып, шеңбер жасай отырып, сұлуды айнала қозғалады. Қыздың алдына келіп тізерлеп, әнтек басын көтергенде осы би дүниеге келген деседі. Әрине, бидің шығу тарихына қатысты аңыз бұл ғана емес. Шығыс өңірінде кавказдық халық өкілдері баршылық. Оның ішінде облыста бір жарым мыңға жуық чешен-ингуш ұлтының өкілдері тұрады. Басым бөлігі – сталиндік қуғын-сүргін жылдары осы өңірге депортацияланған, ауыртпалықты жергілікті жұртпен бірге көтерген буынның ұрпақтары. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан бұл ұлыстардың ұлттық тарихы мен тамырынан ажырамауға өңірде барлық жағдай жасалған. Олар Достық үйінде чешендер мен ингуштердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары туралы түрлі тәлімдік сабақтар, семинарлар, байқаулар өткізіп тұрады. Өскелең ұрпаққа мемлекеттік тілмен бірге ана тілдерін оқытады. Ұлт тарихымен сусындатады. Аталған этномәдени бірлестік жетекшісі Т.Кагерманованың айтуынша, чешен-ингуш орталығының мүшелері еліміздегі, облыстағы және қаладағы мәдени іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Әсіресе, мектептер, әскери бөлімдер, мемлекеттік мекемелер көптеген мерекелік шараларға шақырып, «Вайнах» чешен-ингуш шығармашылық ұжымының өнерін тамашалағанды ұнатады екен. Айта кеткен ләзім, облыста шешен-ингуш этномәдени қоғамы 1991 жылы құрылған болатын. Аталған орталыққа 2001 жылдан бері Т.Кагерманова жетекшілік етіп келеді. Достық үйінде өткен ашық сабаққа 200-ге жуық көрермен қатысып, «Вайнах» ұлттық ансамблінің өнерпаздары даярлаған кешке куә болды. Аталған ұжымның вокалдық тобы туған жер тақырыбындағы патриоттық әндерді қазақ тілінде шырқады. Сондай-ақ, чешендердің «Нохчик кант» («Чешен жігіті»), «Ницкъ белар» («Егер күш-қуат болса»), «Дукха ваха хъо» («Ұзақ өмір сүр») сынды танымал әндерін орындады. Тау халқының асқабақ қосылған сүйікті «хингалш» наны сияқты ұлттық ас түрлерін әзірлеуден байқау ұйымдастырылып, тұрмыстық жабдықтар мен қолөнер туындылары қойылған көрме келушілердің назарын аударды. «Вайнах» ансамблінің көркемдік жетекшісі Найля Ганееваның айтуынша, чешен-ингуштармен бірге қазақтың да ұлттық өнерін насихаттайтын ансамбль мүшелері гастрольдік сапарға жиі шақырту алады. Олар жуырда ғана Талдықорған мен Үшарал қалаларынан оралған екен. Қазіргі кезде ансамбль құрамында Өскемен қаласы бойынша 40 адам өнер көрсетеді. – Бүгінгі таңда ұжымымызға жаңа мүшелер тарту үшін іріктеу сындарын өткізіп жатырмыз. Жалпы, лезгинка биін үйренгісі келетіндер өте көп. Біздің дәстүрімізде балаларды үш жарым жастан бастап лезгинка билеуге үйретеді, – деді Н.Ганеева. Этномәдени бірлестіктің белсенділерін марапаттаған Т.Кагерманова сәуір айында Астанада өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына қызу дайындық жүргізіліп жатқанын жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше