АҚШ-тың қорғаныс министрлігі стратегиялық қару-жарақтарын қысқарту жоспарын жария етті. Негізінен ол 50-дей құрлықаралық баллистикалық зымыранның әскери күзеттен алынатындығына қатысты болмақ.
Бұл 2011 жылғы ақпанда күшіне енген Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу және қысқарту туралы шарт шеңберінде жасалып отыр. Жақын күндері АҚШ-тың шахтадағы Minuteman III қондырғысының алынатындығын белгілейді. Қазіргі кезде бұл елде 450 зымыранды шахта бар, олар үш аймақта – Малмстром, Уоррен және Майнот авиабазасында орналасқан. Сондай-ақ, АҚШ-тың әскери теңіз күштері СНВ-3 шарты аясында бірқатар өзгерістер енгізбек. Осыған байланысты 14 «Огайо» стратегиялық атом сүңгуір қайығы төрт зымыранды шахталар бойынша қайта жасалады.
Сығандар баронына қарсы шықты
Закарпатье облысындағы (Украина) аудан орталығы Мукачево елді мекенінде тұратын сығандар өздерінің баронына қарсылық ретінде митингіге шықты. «Сегодня» басылымының хабарлауынша, акцияға бірнеше жүз адам қатысқан, олардың кейбірінде рәзіңке сойыл бар.
«Бұл сыған таборларының ішкі кикілжіңі, – деп хабарлады қалалық милиция бөліміндегілер. – Жеті мыңдай сыған отбасынан тұратын үш жүзге жуық адам барондары өзінің билігін асыра пайдаланды деп айыптаған. Біз жағдайды ушықтырмайық деген ниетпен, митингі өтіп жатқан жерде кезекшілік атқарудамыз». Кейбір мәліметтерге қарағанда, билікпен келіссөз жүргізуге дайын. Осыдан бір күн бұрын аталған елді мекенде төбелес болыпты. Одан бірнеше адам зардап шеккен сияқты. Бүгінгі күні Украинада 50 мыңдай сыған тұрып жатыр.
200 доллар үшін жеті жыл
Молдавиядағы Теленшет аудандық сотының судьясы Георге Попа 200 доллар пара алғаны үшін бас бостандығынан айырылды. Оған жеті жыл түрмеде отыру жазасы тағайындалған.
Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ Рим папасы Францискімен алғаш рет кездесті. Патшайым күйеуі Филиппен бірге понтификке Букингем сарайының бау-бақшасынан жиналған бір құмыра бал, сондай-ақ, бір шиша виски мен он дана жұмыртқа сыйлады.
Елизавета ІІ өзінің бұл әрекетін Рим папасына өзгеше бір сыйлық жасағысы келгенімен түсіндірген. Ал өз кезегінде Франциск патшайымға асыл тастан жасалып, жоғары жағына крест орнатылған бұйымды сыйға тартыпты. Осыдан бірер күн бұрын Елизавета ІІ Квириналь сарайында Италия президенті Джордж Наполитаномен бірге таңғы ас ішкен екен. Ал Франциск Елизавета ІІ-мен екеуара жеке кездескен Англикан шіркеуі жетекшісінің бесінші понтифигі болып отыр.
Жириновский құлақтан «айырылатын» болды
Әзербайжан «Современный мусават» партиясының жетекшісі Хафиз Гаджиев ресейлік ЛДПР басшысы Владимир Жириновскийге «құлағын» кесемін деп сес көрсетті. Бұған Жириновскийдің Әзербайжан жөнінде кемсіту сөз айтқаны себеп болып отыр.
«Осы кемсітуі үшін мен оның құлағын кесемін», деп мәлімдепті әзербайжандық саясаткер. Жириновскийдің жақында мемлекеттік думада сөйлеген сөзі Гаджиевтің ашу-ызасын тудырса керек. Ресейлік саясаткер сонда «Әзербайжан» атауына қатысты: «Азер – бұл Хезер теңізі, яғни Каспий теңізі, баджа – өлке. Бұлар Каспий теңізінің жағалауында тұратын жұрт. Бұл ұлт па?» – деп көлгірсіген көрінеді. Оның бұл сөздерін жоққа шығара келіп, Бүкілресейлік әзербайжан конгресі Жириновскийді жауапқа тарту үшін тиісті органдарға хат жіберді.
Қысқа қайырып айтқанда:
АҚШ конгресі жоғарғы палатасының барлау жөніндегі комитеті орталық барлау басқармасының терроризмге қатысы бар күдіктілерді ұстау және олардан жауап алу әдістері туралы дайындалған 480 беттік баяндаманың құпиялылығын ашу жөнінде қаулы қабылдады.
Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілген индонезиялық Сатина есімді әйелді Индонезия тарапы исламдық салт-дәстүрмен оны «сатып алу» үшін 1,8 миллион доллар төлейтіндерін білдірді. Сатина осыдан жеті жыл бұрын жұмыс берушісін өлтіргеніне байланысты өлім жазасына кесілген екен.
Көршілес Қырғызстанның Бақай ата ауданындағы бірқатар елді мекендер тұрғындары Ширальджин аумағындағы кеніштен алтын кенін өңдеуге байланысты қарсылық акциясын өткізді. Талаптары – өңдеу жұмыстары ондағы экологиялық жағдайды нашарлатады. Жергілікті биліктен қанағаттанарлық жауап болмаған соң, Талас – Сусамыр автожолын жауап тастады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.