Қазіргі біздің қатарымыздағылар тәуелсіз елдің бүгіні мен ертеңін өздеріміздің жеке өмірімізден де гөрі көбірек ойлайтын жағдайдамыз. Кешегі өздеріміз іні болып жанында жүрген, үлгісін, тәрбиесін көрген Мұхаңдар мен Сәбеңдердің, қос Ғабең – Ғабит пен Ғабиденнің, Қазақстан ғылымының қарашаңырағын көтеріп, өркенді елдің, өрісті жұрттың қатарына қазақ қауымын қосуға барлық күш-қайратын жұмсап өткен Қаныш Сәтбаевтың, ғылымның әр саласындағы оның Ш.Шөкин, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, Ә.Бектұров, М.Сильченко, І.Кеңесбаев, Е.Ысмайылов, С.Толыбеков, М.Тихов, М.Қаратаев, Н.Базанова, Ф.Мұхамбетқалиев, О.Жәутіков сынды ондаған ізбасар әріптестерінің әрқайсысының өнегелі өмірлері көз алдымызда. Олар елінің еңсесін көтерер, халқының мүддесіне қызмет етер шаруалардың жолында, негізінен алғанда пенделік дегенді білмейтін. Солардың жақсы өнегесі тек маған ғана емес, менің Зейнолла, Зәки, Нығмет, Шәмшиябану, Рахманқұл, Айқын, Мүсілім, Тұрсынбек, Әнуар, Мырзабек, Әбділхамит секілді әдебиет атты қастерлі шаруаның, оның әдебиеттану ғылымының ыстық-суығын бастан өткеріп келген құрбы-құрдастарыма да үлгі еді. Бүгінгі таңда республикамыздың аумағында елуге таяу әдебиеттану ғылымдарының докторлары мен жүздің үстінде ғылым кандидаттары бар деп есептесек, солардың қай-қайсысы әлгінде айтылған менің қатарластарым мен солардың шәкірттерінің ғылыми жетекшілігімен ғылыми еңбектерін қорғағандар. Біз солардың барлығының да қорғаған тақырыптарының жалпы бағыт-бағдарын ғана емес, қай-қайсысының қандай сала бойынша қаншалықты дәрежедегі маман екенін жақсы білеміз. Олардың ішінен мен Жұмат Тілеповтің ғылыми шығармашылық жолына арнайы тоқталғым келеді.
Жұмат Тілепов – әдебиеттану ғылымы саласындағы ғалымдар ортасында басы сыйлы, абыройлы азамат. Ол 300-ден астам ғылыми зерттеу еңбектің авторы. Оның 10-ы ғылыми монография мен оқу құралы. Бұл – Ж.Тілеповтің жарыққа шыққан еңбектерінің жалпы саны туралы мәлімет. Ал оның ғылым адамы ретінде сыйлы болуының басты себебі, осы еңбектердің алып отырған мәселелерінің барынша өзекті, мейлінше көкейкесті проблемаларға арналғандығында болатын.
Әдебиеттану ғылымында тарихилық деп аталатын ерекше еңбеккерлікті қажет ететін келелі проблемалық тақырып бар. Оның өзі нақтылы (конкретный) және жалпы (обобщенный) тарихилық деп екіге бөлінеді. Жұмат соның нақтылы немесе нақты тарихилық деп аталатын саласының бірден-бір бірегей маманы. Ал бұл мәселені қолға алған ғылым адамы тұтастай алғанда бүкіл бір кезеңдік әдеби процестің немесе әдебиет қайраткерлері шығармаларындағы тарихи оқиғаның жай-күйін қолға ұстатқандай тарихи нақты деректермен дәлелдеуі тиіс.
Кешегі кеңістік кезеңде мұндай мәселелерді зерттейтін адамның тек әдебиетті, тек тарихты өте жақсы біліп қана қоймай, гуманитарлық ғылым саласындағылардың әр сөзін дүрбімен қарап отырған цензура мен идеологиялық басшы орындардың қатал қадағалауында болатындығы өзінен-өзі түсінікті болатын. Ж.Тілепов сол заманда, 1987 жылы «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Арада он жыл өткенде «XІV-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихилығы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Алғашқы жұмысының жетекшілері Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшелері, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Әнуар Дербісәлин мен Шәмшиябану Сәтбаева болатын. Докторлық еңбегінің ғылыми кеңесшісі Шәмшиябану Сәтбаева еді. Ғылыми жұмыстың жетекшілері мен кеңесшісі көрнекті ғалымдар екені белгілі. Бірақ тақырып оңай шағылатын жаңғақ емес-ті. Алғашқы диссертациясына ізденуші он жыл уақыт жіберді. Кейінгісіне он жыл. Бұл – сырт қарағанда таңданатындай ештеңесі жоқ сияқты болғанмен, шындығында, аталмыш диссертацияның өте күрделі мәселеге барғандығын көрсететін жай. Ғалым мұнда тұңғыш рет Сыпыра жыраудың, Асан қайғының, Қыдан Тайшының, Доспамбеттің, Жиембет пен Марғасқа, Бұқар, Үмбетей, тіптен бертіндегі Қобылан, Абыл, Есет, Түбек, Махамбет, Шернияз, т. т. шығармаларындағы деректерді сонау XІV ғасырдан бергі хатқа түскен ғалымдар, жиһанкездер жазбаларымен, ресми құжаттармен салыстыра отырып жыраулар мен ақындардың қай ғасырдың, қай жылдарында өмір сүрген авторлар екенін дәлелдейді. Және соның барлығында да орыс тіліндегі тарихшылар еңбектерімен ғана шектелмей, өзіміздің Ш.Уәлиханов, М.Ж.Көпеев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Сейфуллин, Шәкәрім, С.Мұқанов, М.Тынышбаев, Ә.Марғұлан, М.Мағауин, т. т. осы тарапқа қалам тартқан адамдардың көзқарастарын сыналап кіргізіп, назарда ұстап отырады. Оның «Қазақ поэзиясының тарихилығы», «Елім деп еңіреген ерлер жыры», «Тарих және әдебиет: XІV-ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихилығы (2001, 2013 (екінші басылымы), «Таным мен тағылым», «Ел мүддесі – ерлер еншісі», «XIV-XVIII ғасырлардағы қазақ халқының тарихы һәм жыраулар мұрасы», «Қазақ халқының хандық дәуір әдебиеті» сынды өз атымен шыққан кітаптары мен ұжымдық монографияларға енген зерттеулеріне тән басты ерекшелік – қазақ халқының қай дәуірден бері қарай тарих аренасына белгілі екендігін, сондай-ақ, көрнекті шығармашылық тұлғалары мен мәшһүрлігін дәлелдеу деп білген жөн. Шын мәнісінде, ол бір кезде М. Мағауин қолға алған хандық дәуір әдебиетін дәуір жағынан кеңейте отырып кеңінен зерттеп шыққан. Бұл тұрғыда оның XIV-ХХ ғасыр басындағы әдебиетті нақтылы тарихилық бойынша тереңдей зерттеген алғашқы ғалым болып саналатындығы да сондықтан.
Ол – М. Әуезовтің әдебиет тарихындағы зерттеушілік орнын, манастану ғылымындағы ерлікке бергісіз ерен еңбегін жазсын, болмаса Қ.Сәтбаевтың «Ер Едіге» жыры туралы зерттеуін бажайлай отырып, сонау XIV ғасырдың соңғы ширегі мен XV ғасырдың алғашқы онжылдықтарына барлау жасасын немесе берідегі Көтеш, Шал ақын, Қашаған, Нарманбет, Иманжүсіп, өзінің ұстаздары Шәмшиябану Сәтбаева, Әнуар Дербісәлин, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Қабиболла Сыдиықов туралы ғылыми очерктер жазсын, солардың барлығында да оның азаматтық, ғалымдық бейнесі айқын көрінеді.
Ж.Тілепов – ғалымдығының үстіне өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар ақын да; оның биылғы жылы жарық көрген «Таңғы тілек» атты өлеңдер жинағын оқыған көзі қарақты адам ондағы Сыпыра жырау мен Асан қайғыдан бастап кейінгі Бауыржан Момышұлына келіп ұласқан бірсыпыра тарихи тұлғаларымыздың поэзиядағы жан сүйсіндірер бейнелерін көріп риза болары анық. Жұмат мұнда да негізгі сөзін елдік үшін күрескен ерен тұлғаларымызға арнайды. Автор өзінің «Сөз басы» дейтін туындысында «Оқырманым, тыңдарманым, мұңдасым, аға ұрпақ... және өзімнің құрдасым. Заман жүгін біз көтердік. Шын ба? Шын!.. Соны, бірақ, жөндеп айту – шынға сын», – дейді. Дүниеде шындықтың бетіне мұнар түсірмей сөйлеу қай кезде де оңай болмаған. Бірақ, обалы не керек, Жұмат өзінің ғылыми шығармашылығында болсын, көркем туындысында болсын, сол талаптан көрінуге тырысып баққан. Оның ойында бар уақытта да қазақ елінің өткені мен бүгінгісі және келешегі. Сондықтан да, ол «Тұжырым сөз» дейтін жырында «Құпиясы қат-қат өзгеріп жатқан тіршілік, біреулер шат боп, біреулер келеді күрсініп; Қуаныш пен қайғы балалап бітпес жалғанда, қазақтай елге ең керегі – ауызбіршілік» деп толғанады.
Халқының өткендегі өрен тұлғаларын тірілтіп, бүгінгі ел бірлігін ойлайтын азаматқа өрісің кеңіп, ғылымдағы қадамдарың сәтті болсын деп ағалық тілек айтқым келеді.
Серік ҚИРАБАЕВ,
академик.