10 Сәуір, 2014

Экологиялық зиянсыз техникалар

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
СнимокЖақында елордада «Астана Тазарту» ЖШС-нің газбен және дизель отынымен жүретін соңғы үлгідегі құралдарымен жабдықталған жаңа мамандандырылған техникаларының тұсаукесері болып өтті. Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Астана Тазарту» ЖШС-нің тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс шығаратын 9 техникасы аталмыш жүйемен жабдықталды. Жабдық толықтай сынақтан өтті. Мамандардың айтуынша, газды отын жүйесін енгізудің басты артықшылығы – қоршаған ортаға жіберілетін улы қалдық заттардың мейлінше төмендеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, біртіндеп газды отынға ауысу жанармай сатып алу шығынын айтарлықтай азайтады. «Еуропа – газ баллоны құралын пайдалануда бірінші орында тұр. Өкінішке қарай, кеңестік кеңістік елдерінде экономикалық тиімділік басым­дыққа алынған. Әрине, ол да маңызды екенін түсінемін. Біздің құрал дизель қозғалтқышы шығын­дыларының экологиялық әсерін айтарлықтай жақсартады және адамның денсаулығына зиян қалдықтарды азайтады», деді тұсаукесерде сөй­леген сөзінде «Автогаз Глобал» президенті Михаил Яковенко. «Астана-Тазарту» ЖШС – BLUE POWER DIEZEL жүйесін енгізу арқылы қолданыстағы мамандандырылған техникаларына жаңғырту жүргізген қаладағы бірден-бір коммуналдық кәсіпорын. «Астана Тазарту» ЖШС бас директоры Иван Лавриненко мәлімдегендей, 3 айлық сы­­­нақ мерзіміндегі нәтиже көңіл көншітерлік. «Әр машинадан шығатын экологиялық қалдықтар автоматты түрде 0,12-ден 0,02-ге азайды. Екінші бізді қызықтырып отырған мәселе, жаңа қондырғының кәсіпорынға тигізетін экономикалық тиімділігінде болып отыр. Жаңа қондырғылар кәсіпорынға бірқатар қаржы үнемдеуге жағдай жасайды. Үнемделген бұл қаражат құрылғыны орнату жұмысын ақтайды және парк техникаларын тағы да жаңғыртуға мүмкіндік береді. Биыл біз осындай 7 жаңа техника алуды жоспарлап отырмыз. Бұл әрине жұмысымызды оңтайландырады. Жұмыс кестесінде кедергілер болмайды және жаңа жұмыс орындары ашылады», дейді кәсіпорын басшысы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».