10 Сәуір, 2014

Туралықтан таймаған

372 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Рисунок (187)Бүгінгі азат елдің айшықты Ата Заңы, жүйеленген заң саласы мен өз ісін жетік меңгерген кәсіби мамандар өздігінен пайда болып, өздері жетіле салған жоқ – олардың бастау­ында алдыңғы буын ағалардың тың жерге түрен салғандай қажырлы еңбегі, инемен құдық қазғандай тынымсыз ізденген білім-білігі, парасат-пайымы тұр. Олардың әрқайсысының есімін еліміздің өскелең ұрпағы құрметпен атауы тиіс, ал біз көзін көріп, сөзін естіген замандас-әріптес, тәлімін алған шәкірт ретінде бірқатар азаматтар туралы естелік айту құқына иеміз. Қазақ заң саласындағы айтулы тұлғалардың бірі Жұмекең, марқұм Жұмақ Сейітов болатын. Негізі қаршадайынан тағдырдың талқысына түсіп, теперішін көрген жан барынша шыдамды, қайсар әрі әділ болатын секілді. Бар мен жоқтың парқын ұғынып, ақ пен қараны айырып, жаманмен күресіп, жақсыға жан дүниесімен үйір болатын сынды. Бұл айтқанымыздың да дәлелі – Жұмекең. Қазақ тарихында дүрбелеңге толы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығынан соң, яғни 1914 жылы 10 сәуірде киелі Түркістан топырағында өмірге келген ол арада алты ай өтпей жатып әкеден айрылды, жетім атанды. Тағдыр иірімі шырқ үйіріп апарып, 8 жасында балалар үйінің босағасынан бір-ақ шығарды. Ашықса да азбаған, тоңса да тозбаған қазақтың қара баласы күнмен бірге жетіліп, жас шыбықтай таралып келе жатты. Оқу үлгерімі жақсы, сабаққа алғыр бала ендігі жерде өзіне қорған болар әкесі де, аузына ас салар анасы да оқу-білім екенін білді, қадірін түсінді. Қиналса да жүнжімей тек алға ұмтыла берді. Өмір сатысынан төмен сырғып кетпей, алға ғана жылжу үшін бір қараға қол іліндіру қажетін ұғынды. Осы оймен ФЗУ-ға қабылданады. Бірақ, жас жігіттің тұрмысындағы жоқшылық бұл ойына мүмкіндік бермеді, арманымен арасын біраз алшақтатып жіберді. Еңбекке араласып, жауапты жұмыстардың бел ортасынан табылды. Алғырлығы қай жұмыста да алдыңғы саптан көрініп, абыройының артуына сеп болды. Түркістандағы аудандық жинақтаушы кассаның бақылаушысы болып басталған еңбек жолы оны кассирлік қызметке, одан есепшінің көмекшісі болуға бастады. Істің тетігін біліп шырқ үйіріп алып кеткен білімді, өткір, адал жан кез келген тосқауылыңды бұзып-жарып өте шығады емес пе?! Жоғары білім ала алмағанмен, ісіне тиянақты жігіттің қабілет-қарымын танып-білген басшылары өзі еңбек жолын бастаған мекеменің басшысы етіп тағайындайды. Бойындағы жауаптылық, табандылық пен қия баспайтын әділдік, бұлтартпайтын шыншылдық оны құқық қорғау саласына қарай жетелейді. 1936 жылы қалалық прокуратура саласына қызметке қабылданады да, осы салада 14 жыл тапжылмай еңбек етеді. 1938-1939 жылдары Алматы қаласындағы сот-прокуратура қызметкерлерін қайта даярлайтын арнайы курстан өтеді. Салада іс-тәжірибе жинап, ысылғанмен, жоғары білімді маман атанудың жөні бөлек. Сол себепті Жұмақ Сейітов 1950 жылы сол кезеңдегі еліміздің заң мамандарын дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны – С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің заң факультетінің студенті атанады. Бұл Жұмекеңнің жастайынан аңсаған арманының орындалған сәті болды, одан әрі заң саласында білікті басшы, білгір маман ретінде қызмет етуіне еш кедергі қалдырмаған серпіліс болды. Жуалы аудандық прокуратурасының тергеушісі, Арыс, Түркістан аудан­дарының прокуроры қызмет­терін абыроймен атқарды. Білі­мін жетілдіру мақсатында Мәс­кеудегі прокуратураның басшы қызметкерлерін даярлау курсын тәмамдап алды. Заңгер үшін заң­ды жетік білу аз, оған ең бас­ты қажеттіліктің бірі – адалдық. Оның кіршіксіз ақ тақтасына адами арына қылау түсірмей ұстай алғандар ғана ілігеді. Жұмақ Сейітов осы санаттан табылды. Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Алматы облысының, прокуроры және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып жүріп әділдігімен танылды. Адамгершілік пен білім сынға түскен небір қысылтаяң шақтарда азаматтық ардың туын, әділдіктің туын аласартқан жоқ. Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туған-ды биде иман жоқ» деген қанатты сөз бар, Жұмекең осы иманын әлсіретпей, туралық жолынан жаңылмай қазылық еткен заңгер болатын. 1992 жылдың қаңтар айында Шымкент облыстық сотының төрағасы қызметіне сайланып жұмысқа кіріскенімде облыстық соттың тарихын түгелдеуден жұмысты бастадым. Өйткені, өткенді еске алмай, алдыңғы толқын ағалардың іс тәжірибелерін оқып үйренбей, жаңа жұмыста жарқын істерді бастау мүмкін емес деп ойладым. Сонда өзіме дейінгі төрағалық қызмет атқарған ағаларды түгелдеп, олардың суреттерін, өмірбаяндарын, олар жайлы ел аузындағы есте­ліктерді жинақтап, облыстық соттың құрылтайшылығымен шы­ғатын «Заң және заман» газе­тіне суреттерін басып, кім қай жылдарда сотқа төрағалық етке­нін, оқырмандардың есіне салдық. Сол кезде олардың туған туысқандарынан көптеген хаттар түсіп, олардың ризашылығына куә болдық. Сонда халық арасынан естелік айтқандардың ішінде әділдіктен ауытқымай, «Қара қылды қақ жарған» төрағалар жайлы небір жылы пікірлер естіп жүрдік. Олардың арасында Жұмекең жайлы, оның принципшілдігі, ешкімнен ықпайтындығы, небір ауыр қылмыстардың ашылуы­на өзі кірісіп басшылық жасай­тындығы, облыстық соттың  төр­ағасы қызметінде болған кезде судьялардың тек заңды бас­шылыққа алып, жұмыс істеуін қатаң қадағалағаны, оларды қорғай да білгені жайлы, ыстық ықыласпен еске түсірген әңгімелерді естіп біліп, өзіміз де сол асыл ағалардың адалдық, тазалық жолымен жүруге ұмтылыс жасадық. Ол бағытымыз, сол жолда төккен теріміз босқа кетпеген сияқты. Қадірлі Жұмекеңмен қызметтес болып, қатар жұмыс істеген, бүгінде зейнеткер болып, тоқсан жасты бағындырып отырған, ардагер ағаларымыз Мүсәлі Жорабаев, Әбжәл Асқаров, Айтжан Бек­назаровпен қатар үздік шәкірті болып, бізбен қатарлас қызмет істеген, Темір Балкендер, асыл ағаның өмір жолдары жайлы өте қызықты, тәлімді тәрбиелік мәні бар оқиғаларды сүйсініп еске алып отырады. Алдағы кезде, Жұмекең жайлы естелік кітап шығып жатса, соған арқау болатын, болашақ заңгерлерге бағыт бағдар беріп, кісілікке кір шалдырмай, тазалық таразысынан ауытқымай жұмыс істеуге, пайда ойламай, арды ой­лап қызмет жасаудың қыр-сы­рын жеткізетін материалдар Жұмекең жайлы жеткілікті. Жұ­мекеңнің азаматтық болмысы, заң саласындағы келбеті туралы естелік айтушылардың бірі, шәкірті – Түркістан қаласының құрметті азаматы, отставкадағы судья Темір Балкен «25 жасымда Жұмекеңнің қарамағында бір жылдай ғана қызмет жасаған мен ол кісінің таусылмас қазына екенін кезінде жете түсінбеген екенмін. Кейінгі аңызға бергісіз әңгімелер ұстазымның жарқын бейнесін айқындай түскен болатын. Жұмекеңнің біреуге араша түсіп, өз ағайындары жинап әкелген бір қап ақшадан бас тартып, «кінәлі адам өз қолымен істеген кінәсін өз мойнымен көтерсін» деп ағайындарының қолқасын орындамағаны – көп мысалдың бірі» деп еске алады. Міне, тура биде туған жоқ деген – осы. Бүгінде Жұмақ Сейітов арамызда жоқ. Ол тек сағынышпен айтылар естеліктердің арқауы. Артында қалған ұрпақтары әке атына кір келтірмей, ол салған адалдық, ізгілік жолын лайықты жалғастырып келеді. Ал Жұмағали немересі бүгінгі заманның білгір кәсіпкері атанып, халқымыздың байлығын еселеп арттыруға қызмет ете жүріп, Жұмекеңдей асылды ардақтап, 100 жылдық мерекесін халықпен бірге биік дәрежеде атап өтуге кірісіп кетті. Бәйтерек бұтақтарындай өсіп-өнген ұрпақтарының құрметтеуі өз алдына, ардың жібін аттамай, адал қызмет еткен ұлының ғасырлық мерейтойынан халқы, жерлестері де тыс қалмай, атсалысуы тиіс деп ойлаймыз. Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.