«Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекет отандық кітап саласын дамытуға, қазақстандық авторларды қолдауға, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді шығаруға ерекше көңіл бөліп келеді. Өздеріңіз білетіндей, биыл аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы мерейтойға «Роза Бағланова» кітап-альбомы дайындалды. Менің ойымша, бұл оқырмандарға қызықты болады», деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кітаптың тұсаукесер рәсімінде. Даңқты әншіге арналған кітап-альбомның 3 мың данасы шығарылған.
Айта кетейік, көрме-жәрмеңкенің негізгі мақсаты - кітап оқуды насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи ассортиментін ұсыну. Сондай-ақ, кітап шығару мен полиграфия саласындағы жаңа технологияларды таныстырып, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесін зерделеу.
Биылғы көрмеге барлығы 80-нен астам компанияның өнімі қойылған.
Еске сала кетейік, Қызылордада және Алматыда Роза Бағланованың ескерткіші ашылды.