Қазақстан • 25 Сәуір, 2022

Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық

851 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақ­стан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде түбегейлі жаңғырту мен трансформация­лау басталғанын айтты. Түрлі саладағы ауқымды өзгерістер тиісінше заңнамаға өзгерістер мен түзетулер енгізуді талап етіп отыр.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық

Осыған орай Қазақстан Консти­туциясының 30-дан астам бабына өзгеріс енгізілетіні, жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылданатыны да белгілі болды.

Ал күні кеше Ақордада өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнін­дегі кеңесте ел тағдыры үшін маңызы бөлек екі мәселе талқыға түсті. Оның бірі – Ата Заңға жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы біржола бекіту. Екінші мәселе азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігін күшейтуге қатысты. Мемлекет басшысы кеңесте көтерілген осы мәселелерге қатысты Жұмыс тобы дайындаған барлық өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдайтынын мәлімдеді. Осыған орай Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Жұмыс тобының мүшелері – сарапшылардың ой-пікірлерін ортаға салуды жөн көрдік. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Конституцияға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу бойынша кеңес өтті, онда қоғам күткен тақырыптар арасында аса ма­ңызды – жер бойынша ұстаным айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды саналатын жерге иелік ету мәсе­лесін шешу қажеттігіне арнайы тоқталды. «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы Конституцияда бір­жола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған бай­ланысты, Негізгі заңның 6-ба­бын мынадай редакция­да беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», деді Президент.

Конституцияға енгізуге ұсы­­нылған ереже заңды түрде мін­сіз тұжырымдалған және те­рең мазмұнға ие. Біріншіден, сөй­лем­нің «жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар әле­мі және басқа да табиғи ресурс­тар ха­лыққа тиесілі» деген бірінші бөлігі парктикалық мәнге ие.

Норманы императивті дей­тініміз, Қазақстан халқының ке­­лісімі мен еркінсіз ешкім Қа­зақстан Республикасының та­биғи байлықтарына билік ете ал­майтындығынан көрінеді. Сонымен бірге Қазақстан хал­қының еркі мен қалауын бүкіл халық пен қоғамның мүддесін көксейтін мемлекет арқылы іске асырылады.

Шын мәнінде, мемлекет – бұл халықтың органы, өйткені оның анықтамасы бойынша мемлекет – халықты құрайтын адамдар қауымдастығының нақты формасы. Осыған байланысты аталған норманың екінші бөлігі «халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп белгілейді.

Демек мемлекет Қазақ­стан Республикасының Консти­ту­циясы мен заңдарының негізін­де құрылған органдары мен инс­титуттары арқылы Қазақстан халқының еркі мен мүддесін та­­ныстыра отырып, жер мен оның қойнауындағы пайдалы қаз­ба, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне меншік құқығына қатысты барлық міндеттерді жүзеге асыра алады.

Мемлекеттің осы бағыттағы міндеттері мемлекеттік орган және тұтастай алғанда халықтың мүддесін қорғаушы ретінде өзі­нің табиғи ресурстарға меншік құқығын пайда табу немесе жеке капиталды (кірісті) ұлғайту үшін емес, халықтың игілігі мен өр­кендеуі үшін маңызды әлеу­меттік-экономикалық мін­­деттерді шешу үшін іске асыратындығымен шектеледі.

Президент Әкімшілігі Басшы­сының орынбасары Ержан Жиен­баевтың төрағалығымен конституциялық өзгерістер жө­ніндегі жұмыс тобының барлық мүшелері елдегі саяси-құқықтық жағдайды түбегейлі өзгертетін бұл оқиғаға, норма шығару жұ­мысына жауапкершілікпен қарады. Оның үстіне ғалымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері – құқық саласында бел­гілі мамандар.

Жұмыс тобы енгізген өзгеріс­тер түбегейлі жаңартылған, құқық қорғау сипатында ұсынылған. Бұл Конституцияның үстемдік етуін, теңдік, әділет принциптерін, би­лікті бөлу, адам құқықтарын, пар­ламенттік бақылауды және тағы бас­қаларын нығайтуға және бе­кітуге де қатысты.

 

Марат БӘШІМОВ,

Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры