Аймақтар • 26 Сәуір, 2022

Құралай өрген барқытбел

624 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірде қоңыр аңды суық көздің сұғынан, аңшының қандауыз мылтығының қарауылынан қорғайтын «Киік» акциясы ұйымдастырылды. Мамандардың есептеуіне қарағанда, желдей еркін, сары сағымдай азат киік саны кейінгі жылдары күрт көбейіп келеді.

Құралай өрген барқытбел

Көз ұшына қара ілінбейтін Жақсының жалпақ даласы. Көзі жіті адам ту-ту алыстан ора­ғытып, ақ шілтерлі Арқа са­ғы­мы­ның етегінен шығып, жөң­кіліп бара жатқан ұлы көшті аңғарар еді. Киік көші, киік табыны. Өңірде Жақсы, Атбасар, Егіндікөл, Қорғалжын аудандарында соңғы жылдары киік басы көбейді. Енді мамыр айының орта шенінде «құралайдың сал­қыны» басталады. Міне, сол сәтте Егіндікөл ауданының жал­пақ жоны құтты киіктердің перзентханасына айналмақ. Неге екенін кім білсін, әлденеше аудан­ның аумағында желмен жарысып жүрген киік біткен осы арада то­қай­ласпақ. Тылсым табиғаттың біз түсіне бермейтін бір жұмбағы.

– Осы акция барысында біз киік көп жүретін аумақтарды кірпік қақпай күзетеміз. Негізгі күшті Егіндікөл ауданын­дағы киік төлдейтін жерге жұ­мыл­дырамыз. Ұлттық байлықты ерек­ше бақылауға алмай бола ма? – дейді облыстық орман ша­руа­шылығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Тұрымбаев.

Соңғы санақ бойынша сол­түс­тіктегі төрт облыстың төңі­регінде 285 мыңға жуық киік бар. Бір дәтке қуаты, соңғы үш жылда киелі киік­ке мылтық кезеніп, бағалы мүйізін пайдаға жарату дерегі тіркелмеген.

– Киіктерді қорғау үшін заң қатайғалы қылмыс та күрт азайды, – дейді инспекция басшысының орынбасары, – заң бойынша киік атқандар үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айы­рылады. Облыста екі бекет ұйым­дастырылған. Бұл жерде кезек­шілік қолға алынып, бірнеше топ жұмыс істейді.

«Киік» акциясы ұзын-ырғасы бір айға дейін жалғасын табады екен. Оған дейін құралай да аяқтанып кетеді. Киік табыны мол болғанымен, жаппай төлдеу небәрі екі-үш күнге ғана созылады. Кәнігі мамандардың айтуына қарағанда, оның өзіндік сыры бар. Ең бастысы, өзге жа­нуар­лардай емес, киік кез кел­ген құралайды емізіп, бауырына ала бермек. Сондықтан жал­пақ жондағы мыңғырған табын ішінде жетімсіреген құралай болмайды. Тағы бір айта кетуге тұрарлық қызықты жай. Мамыр айының ортасы ауғанда ел аузын­­да «түйетабан» деп аталатын өсімдік бүр жармақ. Жап-жалпақ, сәл жасылдау, негізінен қызғылт түсті жапырақтары әлі еркін аяқ­тана қоймаған құралайларды сырт көзден жасырып тұрмақ. Ай­сыз қараңғы түнде жарты бидайды көре алады дейтін қас­қырдың өзі құралайды көре алмай қалады екен. Табиғаттың жана­шыр пейілінің ғажаптығын айтсаңызшы. Ендігі бір кереметі, құралайлар аяқтанған соң әлгі жанашыр түйетабанның қауызы тарылып, біржола жабылып, көз­ден таса болады.

Ал құралайдың салқыны басталған кезде күн ересен суыт­пақ. Дәл осы кезде жемтік із­деген жыртқыш та бұйығы күйге түсіп, апан түбінде жатады. Ежел­гі аң­шылардың айтуларына қа­рағанда, құралайдың аман қалуына бұл да сеп. Әлгі бұйығы кейіп үш-төрт күнге созылса жетіп жатыр. Бойы тез ширап, тез жетілетін құра­лай аяқтанып кеткен соң аттылы адамға жеткізбей, атқан оқтай зулай­тын болады.

Киелі жануар туралы көп­тің есінде сақталған ескі әңгі­мені кө­ңіл таразысына салып бағам­дағанда, бір-бірінің лағын емізе беретіндігі қайран қалды­рады. Бауыр­малдылық пен жана­шыр­лық­ты киіктен үйренуіміз керек шығар.