Спорт • 26 Сәуір, 2022

Нағыз Азамат екен!

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Моңғолияда өткен Азия чемпио­натының соңғы жүлделерін еркін күрес шеберлері сарапқа салды. Бозкілемге шыққан Қазақстанның үш балуаны ақтық сынға жолдама алды. Олар – Нұрқожа Қайпанов, Азамат Дәулетбеков және Әлішер Ерғали. Ал Ақбар Құрбанов пен Әділет Даулынбаев қола медаль үшін таласты. Нәтижесінде, бұл жігіттердің барлығы да жеңіс тұғы­рына көтерілді.

Нағыз Азамат екен!

74 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрқожа Қайпанов бұған дейін Азия чемпионатын екі рет ұтқан. 2019 жылы Сиань және 2021 жылы Алматыда өт­кен жарыстарда алдына жан сал­мады. Одан бөлек қан­дасы­мыз­дың қоржынында әлем чем­пио­наты мен Дүниежүзілік әс­керилер ойын­дарының күміс медалі бар. Бұл жарысқа Қай­панов жақсы бабында келген екен. Бастапқы белдесуінде ол Рио Олимпиадасының қола және Лас-Вегастағы әлем чемпио­на­ты­ның күміс жүлдегері, Азия ойындары мен құрлық бірін­шілігінде сан мәрте атой салған Өз­бекстанның өте мықты балуаны Ихтиер Наврузовты бас көтертпей ұтты. Келесі айналымда әлем кубогы мен Азия чем­пионатында үздіктер санатынан көрінген Қырғызстанның көкжалы Исламбек Орозбековті 15:8 есебімен еңсерді. Финалда Нұрқожа Парсы елінің өкілі Юнес Алиакбар Эмамичогаимен күш сынасты. Өкінішке қарай, шешуші бәсекеде Нұрқожа кеңі­нен көсіле алмады – 2:5.

86 кило салмақта сынға түс­кен Азамат Дәулетбеков осы­дан бес жыл бұрын Нью-Де­лиде өткен сары құрлықтың бас­­ты додасында ақтық сынға алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ирандық Алиреза Каримиге есе жіберген еді. Бұл жолы сол олқылықтың орнын тол­ты­руға тамаша мүмкіндік туды. Ұлан­­батырда Дәулетбеков өз­бекстандық Бобыр Исламов пен қырғызстандық Сайқабай Юсу­повтың тас-талқанын шығарды. Екі белдесу де мерзімінен бұ­рын аяқталды. Финалда оны Депак Пуния күтіп тұрды. 22 жас­тағы үндістандық спортшы ба­­ғын­дырған белестер бір төбе. Осыдан үш жыл бұрын Нұр-Сұлтанда жалауы жел­біреген әлем чемпио­натында дәл осы спортшы күміс медальды мойнында жар­қыратқан еді. Десек те, Депакқа қарсы өте сауатты тактика қолданған Азамат Моң­ғолияда өзінің мықтылығын мойын­датты. Фи­налдық сайыста 6:1 есебі­мен басым түскен Азамат Азия чем­пионы атанды.

Құрлық біріншілігінде үш рет жүл­дегерлер санатына қосылған Әлішер Ерғалидің аса ауыр сал­маққа ауысқанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те, оның аяқ алысы жаман емес. Бұл жарыс­та түрікменстандық Шаттылық Не­меляев (14:4) пен кореялық Йохен Чонды (9:6) жеңген Әлішер финалда Яадол­ла Мохаммадказем Мохебиге жол берді.

61 кило салмақтағы Ақ­бар Құрбанов қола медаль үшін кездесуде Бахрейннің туы ас­тында өнер көрсетіп жүр­ген да­ғыстандық Алибег Али­бе­говтен (5:4) басым түсті. 92 кило салмақта күрескен Әділет Дау­лынбаев алғашқы айналымда ирандық қарсыласынан ойсырай ұтылса да, қола медаль үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Шешуші тұста ол жапониялық Такума Отсумен айқасты. Бұл бір финалға бергісіз айқас болды. Белдесу барысында қандасымыз тоғыз ұпай айырмашылығымен ұтылып жатты. Отсу енді бір ұпай­ға иелік етсе, айқын жеңіске жетер еді. Алайда сын сағатта на­­­мысына қамшы басқан Әділет қар­­сыласын алып ұрып, қос жауы­ры­нымен жерге қадады. Таза жеңіс!

Қазақстанның еркін күрес шеберлері Ұланбатырдағы Азия чемпионатын 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен қорытындылады. Жерлестеріміз жал­пыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Ал көш басында – Иран құрамасы. Парсы елінің пехлеван­дары сегіз жүлдеге (6 алтын+1 күміс+1 қола) қол жеткізді. Екінші орын­дағы Жапонияның еншісінде алты медаль (2+0+4) бар. Үн­дістанның сайып­қырандары жеті рет (1+3+3) жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Моңғолия (0+2+0), Қырғызстан (0+1+4), Өзбекстан (0+0+3) және Оңтүстік Корея­ның (0+0+1) оғ­лан­­дары Ұланбатыр көгінде өз елдерінің туларын желбіретті.

Сонымен, күрестің үш түрі бойынша Қазақстанның балуан­дары биылғы Азия чемпионатында 21 (5+8+8) жүлде олжалады. Дәл сондай көрсеткішке Жапония құрамасы да (10+2+9) қол жеткізді. Бірақ алтын ме­дальды әлдеқайда көп жиған Күн­шығыс елінің өкілдері жалпы есепте алдымызды орап кетті. Сон­дай-ақ жүлделердің сапа­сы жағынан Иранның да (10+2+3) отандастарымыздан көші ілгері. Ал сары құрлықтың өзге мем­лекеттері біздің артымыздан сы­ғалап қалды.