Спорт • 26 Сәуір, 2022

Спорт жаңалықтары

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Спорт жаңалықтары

Жеті сатыға жоғарылады

Күні кеше ғана Ыстанбұлда өткен турнирдің жартылай финалына дейін жеткен Юлия Путинцева осы табы­сының арқасында әлемдік рейтингте бірден жеті сатыға жоғарылап, қазіргі кезде ол 44-орынды иеленуде.

Қазақстандық теннисшілер арасынан WTA рейтингіндегі ең үздік көрсеткіш әлі де Елена Рыбакинаға тиесілі. Еліміздің бірінші ракеткасы бұл күндері 18-орынды еншілеуде. Соңғы кездері ала-құла өнер көрсетіп жүрген Зарина Диастың жағдайы жақсы емес. Жерлесіміз төрт сатыға төмен құлдилап, 116-орынды қанағат тұтуда. Әйел­дер арасында Польшаның 20 жастағы жұлдызы Ига Свёнтекке тең келер ешкім жоқ. Екінші орында – испаниялық Паула Бадоса. Үшінші сатыға чехиялық Барбора Крейчикова жайғасты. Төртінші және бесінші орындарды белоруссиялық Арина Соболенко мен грекиялық Мария Саккари иеленуде.

Ерлер арасында Новак Джокович пен Даниил Медведев иық тіресіп келеді. Әзірге Сербияның сайыпқыраны озса, ресейлік ойыншы екінші орынды олжалауда. Үздік бестіктің қатарында германиялық Александр Зверев, испаниялық Рафаэль Надаль және грекиялық Стефанос Циципас сынды саңлақтар бар. Еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик АТР рейтингінде 32-орынды иемденуде. Михаил Кукушкин 164-са­тыға тұрақтады. Ал Дмитрий Попко 169 және Ти­мо­фей Скатов 194-орындарға табан тіреді.

 Бельгияда бағымыз жанбады

Бельгияда өткен «Льеж-Бастонь-Льеж» дәстүрлі жарысы жергілікті вело­шабан­доз­дардың айқын жеңісімен аяқ­талды.

Quick-Step Alpha Vinyl Team клубы сапында өнер көрсетіп жүрген 22 жастағы Ремко Эвенепул 257,2 шақырымдық қашықтықты 6 сағат 12 минут 38 секундта жүріп өтіп бас жүлдені олжалады. Екінші орынды Квин­тен Херманс (Intermarché - Wanty - Gobert Matériaux) иеленсе, үшінші сатыға Ваут Ван Арт (Jumbo-Visma) жайғасты. Бұл спортшылардың барлығы да түрлі халықаралық додаларда Бельгияның ұлттық құрамасының намысын абыроймен қорғап жүр. Өкінішке қарай, «Астана» клубы мүшелерінің бірде-біреуі көңіл көншітерліктей нәтижеге қол жеткізе алмады.

Естеріңізге сала кетейік, кезінде осы додада Александр Винокуров (2005, 2010 жылдары) екі рет топ жарса, Максим Иглинский (2012) бір мәрте дара шыққан еді.

 Доп додасы басталады

Бүгін Эстонияның Отепя қаласында футболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Аталған доп додасында командамыздың аға жаттықты­рушысы Александр Кузнецов мына шәкірттеріне сенім артып отыр:

Қақпашылар – Әлихан Жанай («Астана»), Әбілқайыр Әлиақбар («Қайсар»), Анатолий Сычев («Қайрат»). Қорғаушылар – Елжан Молдахмет, Әлихан Исраилов («Қайрат»), Данияр Ерлан, Әмір Мансұров, Тимур Құрбанов («Жас Қыран»), Рустам Жанхаев, Ерлан Тұтқабаев («Шахтер»), Бейбарыс Әбділхай («Тараз»). Жартылай қорғаушылар – Ахметәли Қалтанов («Астана»), Елдар Мақсұтов, Ерасыл Юсупов (РКС), Алан Адахаев, Әділет Мыңбай, Сұлтан Шымырхан («Академия Оңтүстік»), Данияр Нәдір («Тузласпор», Түркия), Хамза Мұхаметәли, Илья Веремеев («Жас Қыран»), Әділет Өмей, Димаш Серікұлы («Тараз»), Аян Байдәулетов («Ақтөбе»), Темірлан Ағыманов («Ақсу»). Шабуылшылар – Аруп Саутов («Қайрат»), Виктор Лакеев («Жас Қыран»), Нұрсұлтан Абдолла («Каспий»), Ілияс Әбіл («Ақсу»), Дияр Қадырқұлов («Аланьяспор, Түркия»).

Алғашқы кездесуін жерлестеріміз бүгін Жаңа Каледониямен өткізеді.