Өнер • 27 Сәуір, 2022

Тіркемеші

679 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шынында, тың игеру – Қазақстан тарихындағы жете зерттелмеген, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін аса өзекті тарихнамалық мәселе. Азапты жылдардың айқын көрінісі. Қазақ жастарын, әсіресе өрімдей қыз балаларды ауыр жұмысқа жеккен саяси элитаның басбұзарлығы болды. Картинаға қарап отырып, сол қасіретті кезеңнің бояуы қанық болмағанын көреміз.

 

Тіркемеші

Бүгінгі әңгіме белгілі суретші Мол­дахмет Кенбаевтың «Тіркемеші» картинасы жайында болмақ. Тың игеру кезеңі КСРО тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті көркемсурет оқу орнын аяқтағаннан кейін өз еркі­мен тыңға келіп жатқан танымал сурет­ші­лердің шығармашылығына да арқау болды. Кеңес идеологиясы бейнелеу өне­ріне де тақырыптық тұрғыдан тұсау салды.

 Қылқалам шебері Молдахмет Кенбаев В.И.Суриков атындағы Мәскеу көр­кемсурет институтының соңғы курсында оқып жүргенінде Тыңға өзінің бір топ курстасымен келген. Өйткені жаңа астыққа жер игеру өзінің туған өлкесі Қазақстан жерінде басталып жатқан еді. Тыңға жасаған сапары сурет­ші үшін маңызды рөл атқарды. Сол­түстік Қазақстанда, Есіл өзенінің көрікті жаға­лауында алғашқы тың игеруші­лердің өмірі мен шопандардың еңбегі туралы сурет салу идеясы пайда болады.

Суреткер «Тіркемеші» картинасында трактор сүйреп бара жатқан соқаның рөлінде отырған нәзік қызды бейнелейді. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласында ымырт жамыла бастаған кез, айдалған жердің атыздары көкжиекке дейін созылып жатыр, жел қыздың бұрымдарын, шөпті тербетіп тұр.

 Осы сәтте автор бар назарды қыз­ға аудартады. Ол – түс пен өлшемі та­был­ған композициялық орта. Қыздың тұлғасы композициядағы ең ірі элемент және оның қарақоңыр түсі ашық аспан мен күңгірт шөптің фонында айқын ерекшеленген. Айдалған жердің атыздарын кескілеген соқаның тістері ырғақ тудырып тұр. Ол жеңіл әрі сы­зықтық көріністерді пайдалана отырып, кеңістікке тереңдік береді. Сол арқылы даланың шексіздігін сездіреді.

Шын мәнінде, суретші өз картиналарында қарапайым еңбеккерлердің, алғашқы тың игерушілердің, колхоз­шылардың еңбектерін көрсете білген. Соқаның не комбайнның рулінде отырып-ақ, егістіктен сары алтынның ма­сақ­тарын жинап, болмаса мал шаруа­шылығымен айналысып-ақ, шығар­машылық қуанышын сезінуге болатынын айқындайды.