Өнер • 28 Сәуір, 2022

Шахимарданның шашуы

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Шахимардан Әбілевтің есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Жақында дарынды өнерпаз жерлестеріне, яғни павлодарлықтарға тамаша тарту жасады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және «Абай жолы» романының 80 жылдығына орай «Абай жолы: ой-толғау» атты моноопераның премьерасы өтті.

Шахимарданның шашуы

Бұл – ел тарихында Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуе­зовке арналған тұңғыш моноопера. Өнер кеші 2 бөлімге бөлінген. «Абайға тағзым» атты алғашқы бөлімде ұлы ағар­тушының «Жасымда ғы­лым бар деп ескермедім», «Сегіз аяқ», «Қарашада өмір тұр» сияқты бірнеше әні шырқалса, «Абаймен сырласу» бөлімінде Абай өлеңдеріне арналған во­калдық топтама және өзге де өлеңдері орындалды. Жалпы, өнер кешінде Абайдың 15 шығармасы ұсынылды.

Павлодар қаласындағы облыс­тық Иса Байзақов атын­дағы филармонияның кон­церттік залында өткен кешке жиналғандар терең ойға беріліп, әр туындыны үнсіз тыңдады. Кеш соңында ғана орындарынан тік тұрып, ду қол шапалақпен алғыстарын жаудырды. Шахимардан Әбі­лов: «Көрермендерден күт­кенім де сол. Аудитория Абай лири­касының көмегімен ойланып, тазаруы керек», деп кештің мақсатын айқындап берді.

– Бүгінде Абайды оқитын­дар аз. Оның философиясына сенбейтіндер де бар. Абай – пла­нетарлық ауқымдағы тұлға. Біз ойлануға жиналдық. Абай­­дың өзі айтқандай, негізгі мақсатымыз – жастарды ағар­ту­шылыққа үндеп, оларға кө­мектесу, – деді Ш.Әбілов.

Дарынды вокалшы өзінің «музыкалық ойларымен» ең әуелі жерлестерін сусындатуды көздеген. Осы ретте өнер кеші облыс орталығында ғана емес, Екібастұз қаласында, Баянауыл және Шарбақты аудандарында да ұйымдастырылды. Ал 18 мамырда Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында қойылады деп күтілуде.