Спорт • 28 Сәуір, 2022

Семейдегі доп додасы тартысты өтіп жатыр

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы Қазақ елі байрақты бәсекелерді жиі өткізе бастады. Оған мысал жетіп жатыр. Астанада қысқы спорт түрлерінен Азия ойындары, Алматыда студенттердің дүниежүзілік Қысқы Универсиадасы, күрес, дзюдо, бокстан әлем чемпионаттары мен Әлем кубогы сайыстары өтті.

Семейдегі доп додасы тартысты өтіп жатыр

Бұл жарыстар Қазақ елінің атақ-даңқын шығарды. Алысқа бармай-ақ, шырайлы Шығыстың бас қаласы Өскеменде волейболдан клубтық командалар арасында қатарынан екі рет Азия чемпионаты өтті. Өкінішке қарай, медальға бір қадам жете алмай екеуінде де төртінші орынды қанағат тұтқан едік. Ал өткен жылы Өскеменнің «Алтай» командасы айды аспанға шығарып, Азия чемпионы атанды. Енді, міне, қыздар арасындағы Азия чемпионаты Семейге келіп жетті. семейліктердің қуанышында шек жоқ.

– Дүбірді додаға бес елдің үздік деген алты командасы қатысуда. Олар: Иран мен Таиланд, Өзбекстан мен Қырғызстан өкілдері. Түрлі себептерге байланысты Жапония мен Кореяның мықтылары Семейге келе алмады. Әсіресе Жапония мен Оңтүстік Кореяда пандемия өршіп тұр. Қазақстаннан екі команда – Өскеменнің «Алтай», Петропавлдың «Қуаныш» командалары бізге қуаныш сыйлар деген үміттеміз. Жарысқа мұқият дайындалдық. Келген қонақтарға жайлы орын, барлық жағдай жасалды. Қонақүйден жарыс өтетін спорт кешеніне автобус қатынайды, қала тұрғындарының  алаңсыз кешенге жетуін Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов ойластырды, – деді осы дүбірлі доданы өткізуге көп еңбек сіңірген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Досжан Уәлханов.

Азия чемпионатының ашылуы бес мың адамға арналған «Арена» спорт кешенінде өтіп, оны облыс әкімі Д.Ахметов ашып, жиналғандарды құттықтады. Бұдан кейін Шығыстың  үміт күттіретін «Алтай» командасы  мен «Қуаныш»  командасы дүбірлі доданы бастады. Тартысты өткен кездесуде еліміздің бес дүркін чемпионы «Алтай» 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ал 26 сәуірде қызылжарлықтар Таиландтың мықты командасын 3:1 есебімен, кешкілік «Алтай» қырғыз командасын 3:0 есебімен ұтты.

Азия чемпионаты 30 сәуірде аяқталады.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Қазақстанның құрметті спорт қайраткері»